Тәуелсіздік тұмары

0 175

Ел тә­уел­­сіз­­дігі­нің ең басты бел­­гі­лерінің бірі – оның өзіне ғана тән мемлекеттік рәміздері. Бұл – елдің басқару билігін өз қолына алуы, мемлекет­тік шекарасын айқындауы, төл төлем бірлігін шығаруы сияқты аса маңызды егемендік сипаттарымен біте қайнасып жатыр. Тәуелсіздік тұмары саналатын сол Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына ­биыл – 21 жыл.

Бүгінде көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етіп келеді. Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратының алдында, бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттерде орналасқан елшіліктеріміздің маңдайшаларында тұр. Қазақтың көк Туын ғарышкер алаш азаматы Талғат Мұсабаев ғарыш кемесімен бірге алып ұшып, жеті қабат көктің жүзіне көтерсе, альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына қадады, дүлдүл спортшыларымыз Әнұранмен бірге басқа елдердің алдында абырой биігіне көтере желбіретуде.

Сондай-ақ, рәміздер мерекесінің жөні ерекше. Өйткені, әрбір азаматтың жүрегінде Отанына деген сүйіспеншілікті, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятуда мемлекеттік рәміздердің маңызы аса зор. Жер бетінде қанша мемлекет бар болса, соның әрбірінде өз рәміздері бар. Дегенмен де, Мемлекеттік рәміздерге әдейі бір күнді арнағанымызбен, мемлекеттік рәміздер туралы бар әңгіме сол күні айтылып, кейін оның бәрі тарс ұмытылып қалып жатыр. Мемлекеттік органдар рәміздерді насихаттауға құрғақ шара ретінде қарайды. Қазақтың болмысын, дүниетанымын көрсететін – әрине, біздің рәміздеріміз. Жіті мән берер болсақ, рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлы ағамыздың артында «Елтаным» сынды еңбектері қалғанын білеміз. Сондықтан да, жастардың бойында рәміздерге деген құрмет қалыптастыру өте маңызды. Қай кітапхананың сөресіне көз салсаңыз да, мемлекеттік рәміздер туралы кітап көре алмайсыз. Осындай кітаптар көбірек шығарылып, сатылып емес, сый түрінде әр отбасына таратылса, көп нәрседен ұтатынымыз анық. Қандай деңгейдегі болмасын салтанатты жиындарда мемлекеттік Ту міндетті түрде ілініп тұруы тиіс. Әлде Мәдениет, әлде Білім және ғылым министрлігі Әнұранның айтылу стандартын насихаттаса, таспасын таратса, ұтарымыз көп болмақ. Кез келген халықтың мәдениеті мен мемлекетшілдігін ұлттық рәмізін сыйлау деңгейіне қарап, бағалап жатады. Осылай Мемлекеттік рәміздерімізді қадірлей білсек, дос-дұшпан алдында мәртебеміз асқақтары анық. Ендеше, Елтаңбамыз айқын, Туымыз биік, әнұранымыз асқақ болсын!

Еркежан СӘТІМБЕК,
e.satimbek@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × one =