ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫН  БАСТАП  БЕРДІ

0 104

ERM_4124

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты кітап көрмесі ашылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын арқау еткен көрме төрт бөлімнен тұрады.

Алғашқысы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналып, егемен еліміздің қалыптасу тарихы мен дамуы жайлы баяндайды. Екінші бөлім «Ұлы дала елі – Мәңгілік ел» атауын алып, жалпыұлттық патриоттық идеясына және  Қазақстан халқы ассамблеясының қызметіне назар аудартады. «Елбасы жолы – елдіктің жолы» атты үшінші бөлімде Елбасының тәуелсіз Қазақстанды іргелі ел етудегі еңбегі туралы айтылады. «ЭКСПО-2017» – Астана мерейі» аталатын төртінші бөлімде елордамыздың тарихынан сыр шертетін туындылар мен келесі жылы Астанада өтетін мамандандырылған көрме жайлы мәліметтер ұсынылған. Осының бәрін қосқанда көрмеден 400-ден аса кітап орын алған.

Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, аталмыш экспозиция осынау руханият ордасындағы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне арналған мәдени-ағартушылық шаралардың бастауы болып отыр. Бұл көрмені кітапханаға келушілер жыл бойы тамашалай алады.

Ал оның ашылу салтанатына қатысқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарихшы ғалым Бүркітбай Аяған, тарих ғылымының докторы Айман Досымбаева көрменің маңыздылығына тоқталды. Ақын Серік Сейітман жырдан шашу шашты. Тәуелсіздік құрдасы, аталмыш кітапхана қызметкері  Меруерт Жұбатқанова егемен елде жастарға берілген орасан мүмкіндіктер жөнінде сөз сабақтады. Украин және Беларусь мәдени орталықтарының өкілдері, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, «Қазақстан дауысы» жобасының финалисі Серікболсын Кішкенбаев шараны шырқаған әндерімен әрледі.

– Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы тәуелсіздікті армандады, бірақ, жете алмады. Көбі осы азаттық жолында басын бәйгеге тікті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен біз оған жеттік. Егемендіктің алғашқы жылдарында мен Президенттің қасында жүріп, Елбасының мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болдым. Сонда қайтсек ел боламыз, қайтсек тәуелсіз Қазақстанның болашағын баянды етеміз деген тебіренісін көрдім, – деген Мырзатай Жолдасбеков Мемлекет басшысының тәуелсіздікті орнықтырудағы еңбегін атап өтті.

Бүркітбай Аяған болса, елдікті асқақтататын биылғы мерейтойларды еске салып, соның ең үлкені тәуелсіздік тойы екенін айтты. Сөз сөйлеген өзге адамдар да биылғы мерейлі жылымыз жайлы пайымды пікірлерін білдірді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + four =