ТӘУЕЛСІЗДІК – ТІРЕГІМ

0 145

dsc01285-1

Елордадағы №3 балалар кітапханасында «Тәуелсіз елім – тірегім» атты тарихи танымға толы кеш өтті.

Шараның мақсаты жас жет­кіншектердің елге, жерге деген отансүйгіштік сезім­дерін оятуды көздеген. Оған қаладағы №15 мектеп-лицейі­нің 6 «а» сыныбының оқушылары қатысты. Кеш барысында еліміз егемендік алғаннан бергі тарихи ке­зеңдер жайында салмақты сөз қозғалды. Кеңес үкіметінің озбырлық саясатына қарсы шыққан Желтоқсан оқиғасының қаһармандары туралы айтылды. Тәуелсіздікке арналған тақырыптық слайд көрсетілді. Оқушылар ақындардың азат­т­ықты толғаған жырларын оқыды. Халықтың сүйіктісіне айналған композитор Ескендір Хасанғалиевтің жүректі тебі­рентіп, адам бойындағы рухты оятатын «Атамекен» әнін шырқады.
Сондай-ақ, жеткіншектер арасында туған жер тақыры­бына арналған мақал-мәтел ай­тудан сайыс өтті. Оған оқу­шы­лардың тыңғылықты дайындалып келгені байқалды. Бәрі де бабалар қалдырып кеткен нақыл сөздерді жатқа біле­тін­дігін көрсетті.
– Тәуелсіздік – ең асыл, қымбат ұғым. Сондықтан оны жас құрақтай қаулап өсіп келе жатқан балалар білуі қа­жет. Бүгінгі кештің басты мақсаты – осы. Әрине, қазіргі жет­кін­шектердің ойы озық. Тарихымыздан терең хабардар. Бар­лығын білгісі, түсінгісі келеді. Кітап оқуға да құмартып тұрады. Кештің көрігін қыздырған оқушыларға алғыс айтамын, – дейді кітапхана меңгерушісі Марал Ақтаева.
Шара соңында тағылымды кешке белсенді атсалысқан оқушылар мен оқырмандарға шағын сыйлықтар беріліп, тәуелсіздікке арналған кітап көрмесіне шолу жасалды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 3 =