ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ

0 307

IMG_9333

п

п

Жолдасбековтын-сурети3-4

І

Ұзына бойы тарихымызда небір қиямет-қиындықтарды басымыздан кешкен; сан рет қирап, сан рет бой түзеген; “тарихтың тағдырлы көші” дейтін ұзақ жолда салтанатты да өмір сүрген; хандары алтын тақта да отырған, алтын сарайларда да тұрған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз.

Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты, езіліп-жаншылған, жабығып-жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ. Соның салдарынан қазақ кезінде атамекенін тастап, жан-жаққа шашырап та кетті.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ

 

картина

Ресейге бодан болған үш ғасырда тарихымыз, ар-ожданымыз табанға тапталды. Кеңпейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа ұшырады. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқытты. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батырла-рымыз – әжуаға, келекеге, тарихымыз – саясаттың құралына, Алаш арыстары өз халқының жауына айналды. Сана, дәстүр күйреді. Халық жадынан айырылды. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Қазақтың “Қаратаудың басынан көш келеді”, деп зарлағаны, Қазтуған жыраудың “Қайран да менің Еділім” деп қабырғасы сөгілгені; Үш жүздің басын қоса алмай, қала сала алмай, көшіп-қонған жұртын ел ете алмай Абылайдың пұшайман болғаны; Бұқар жыраудың жер тіреп күңіренгені; “Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны”, “Әдіра қалғыр Үш Қиян” деп Мұрат ақынның күйзелгені; “Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын” деп Абайдың қабырғасы қайысатын осы тұс еді.

Ел ылаң, дүние топалаң болған, жылқы ысқырса – желдікі, айдаса – жаудыкі болып тұрған; қазақтың аузынан қақпақ, басынан тоқпақ кетпеген; қылыш – қынабынан, қанжар қынынан суырылған; найза белдеуден шешілген, бес қаруын асынған; ат үстінде күн көрген, аптада белін шешпеген; пыран киіп, пырақ мінген; іргеден Жоңғар, түстіктен Қоқан қоқаңдаған, шығыстан – Қытай, батыстан Ресей қыспақтаған заман еді.

Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ,

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.

Алдында – ор, артында – көр, жан-жағы жау,

Дағдарған Алаш енді қайда бармақ? – дегенде Мағжан Жұмабаев сол бір беймаза кезеңді меңзеген болатын.

Даламызды да, өзімізді де көрмеген батыстың ғалымдары қазақты жер бетіндегі жабайы көшпенділердің қатарына қосты. Олар өркениеттің Шығыстан басталғандығын, Еуропа қалың ұйқыда жатқанда бұл өңірде салтанатты өмір салты болғандығын біле тұра, мойындағылары келмеді. Өркениеттің тұтас бір дәуірін жасаған ата-тегіміз – ғұндарды да, оның көсемі Еділ (Аттила) патшаны да; көк Тәңірі мен қара жердің ортасын түгел билеген, дүниенің төрт бұрышын аузына қаратқан Қағанат қаһармандарын да жабайыға санады. Түрік өркениетін ауыздарына да алғысы келмеді.

Зығырданыңды қайнататын, пұшайман қылып сергелдеңге салатын, досың түгілі жауыңа да тілемейтін осындай қорлықты, сұмдықты басымыздан кешкен, тарихқа есесі кеткен елміз.

Осының бәрі есіңе түскенде, тоз-тоз болып, бытырап, жер бетінен жойылып кетпей, Ұлы даланың тұтастығын да, ұлттың ұйытқысын да сақтап, бұл заманға қалай жеткенбіз деп қайран боласың. Қалай айтқанда да, қай заманда да тарыққанда – жол, қамыққанда – ақыл тапқан, елдіктің туын жықпаған, қалың елінің көшін бастаған Елтұтқалар қазақта аз болған жоқ: Мөде, Бумын, Естеми, Елтерістей қағандар, Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Абылайдай  хандар; Тоныкөк, Қорқыт, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Үмбетей, Ақтанберді, Бұхардай абыз жыраулар; Майқы, Төле, Қазыбек, Әйтекедей кемеңгер билер; Еділ, Күлтегін, Алпамыс, Қобыланды, Едіге, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайдай даңқты батырлар елдігімізді де, кеңдігімізді де сақтап қалған асылдар еді.

Әсіресе, қазақты ұлт қылып ұйыстырып, ел қылып қалыптастырған Абылай хан мен Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің жөні бөлек. Бұлар – басына бақ қонып, Қыдыр дарыған; көсілгенде – көсем, шешілгенде – шешен; қалың елдің қайғысын жұтып, қамын жеген; қара қылды қақ жарған; жұртына тірек, пана болған; ақылы дария кен болған, қараға да, ханға да тең болған; еліне сөзі ем болған, жұртына сөзі жөн болған, әділдігімен елді аузына қаратқан дала данышпандары еді; қазақ халқының төрт кемеңгері, елдігіміздің төрт құбыласы – төрт тіреуі; билік пен шешендіктің жығылмайтын төрт туы еді.

Не керек, қазақ оны да бағалай алмады. Бақ бағалағанның басында ғана тұратынын білмеді. Білгісі де келмеді. Бірін бірі тыңдай бермейтін, бірінің сөзін бірі ұққысы келе бермейтін, өздерін шетінен данышпан санайтын қазақ одан да сабақ алған жоқ. Төрт данадан кейін қазақ ырың-жырың; басынан бағы, астынан тағы ұшқан, дау-дамайы қозған, дәурені озған аса бір ауыр кезеңді кешті.

Совет империясы тұсында тарихымыз саясатқа айналды, өз арыстарын өз халқына жау қылды. Бірін біріне айдап салды. Ел ішінде өштестік, алауыздық, жікшілдік өрттей қаулады. Жұрт кімнің дос, кімнің қас екенін біле алмай сергелдеңге түсіп, дал болды. Ел іргесі сөгілді. Елге тұтқа болғандарын итжеккенге айдатты. Сөйтіп, өз жақсысын өзі қорлады. Аңқау қазақ мұның да артының неге апарып соғатынын аңғармады.

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегенді Абай жасы жетіп, қартайғандығынан айтқан жоқ.  Абайды қартайтқан да, сойылға жыққан да; Шәкәрімді құдыққа тастаған да; Біржанды кісендеп байлаған да, Иманжүсіпті арбаға теріс таңып, айдаған да; Ақан серіні сергелдеңге салған да; Махамбеттің басын кесіп алған да; Құрманғазыны абақтыға жапқан да, Мәдиді шаңқай тал-түсте атқан да – қазақ, қазақтың өзі.

Советтік Социалистік Республикалар Одағы дейтұғын елде “Қазақпын” деп те, “Менің ана тілім – қазақ тілі” деп те айта алмадық, айтқызбады. Тіл де, дін де, тарих та, мәдениет те, салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та, ата жолы да – бәрі де күйреді, мансұқ болды. Елдің еңсесі түсті. Қатыгездік, самарқаулық, жалқаулық, немқұрайдылық, жағымпаздық, екіжүзділік етек алды. Көбі өтірік күлді, жалған сөйледі. Қазақтың ақылы мен санасын түгел абақтыға жапты. Қайсыбірі туған жер, өскен елді тастап кетуге мәжбүр болды. Қазақ халқының көсемдері мен игі жақсылары осылай әділетсіздіктің, қатыгездіктің құрбаны болды.

Мағжан Жұмабаев Париждегі Мұстафа Шоқайға арнап «Алыстағы бауырыма» дейтін өлең жазады.

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,

Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.

Қаптаған қалың жаудың ортасында,

Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.

Алдыңды ауыр қайғы жапқан бауырым,

Жазықсыз жапа көрген жаттан бауырым.

Түксиген жүрегі тас жауыз жандар,

Тірідей жеріңді тонап жатқан бауырым.

Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз екі жақта.

Лайық па құл боп тұру? Кел, кетелік,

Алтайға – ата қоныс алтын таққа!

Осындай ет бауыры елжіреген, халқымыздың ұлы ақыны, асыл Мағжан аға өзі де әділетсіздіктің құрбаны болып, атылар алдында соңғы өлеңін жазады:

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін.

 

Ашшы мынау қараңғылық сарайын,

Бой жазайын, бостандыққа барайын.

Қайда менің еркін өскен кең далам,

Көз жіберіп биік шыңнан қарайын.

Қайран ақын ақтық деміне дейін сарғайып елін сағынды, осы күнді – елінің тәуелсіздігін аңсады. Сол үшін күресті. Сол үшін арпалысты. Амал не, бірақ, жете алмады.

Төле, Қазыбек, Әйтекедей сәуегейлер осындай сұмдықтың болатынын; елінің де, жерінің де талауға түсетінін, сөйтіп, елдің шырқы бұзылатынын сезбеді, болжамады деймісіз?! Сезді де. Болжады да. Бірақ амал не, қазақ сол даналардың да сөзіне құлақ аса қойған жоқ.

 

ІІ

«Дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме» дейді екен қытайлар. Бүгінгі ұрпақтың өмірі дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді. Біз осы күнге арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сеңдей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, ақылымыздан, жадымыздан, санамыздан айырыла жаздап жеттік.

Құдайға шүкір, Алла жасымызды көрді, тілегімізді берді; басымыздан бақ тайған, қан жылаған зар заманымыз артта қалып, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін аштық.

Иә, тағдыр, заман солай болды. Тәуелсіздікке кемеңгер үш би де, ұлы Абылай хан да, басын бәйгеге тіккен баһадүрлер де жете алмады. Біз жеттік.

Сөйтіп, көз алдымызда жер де, ел де, адам да, қоғам да, заман да демде өзгерді. Күл-талқаны шығып, быт-шыт болып қираған өндіріс ошақтары қайта жанданды. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді. Халықтың көңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне көшті. Ызы-қиқы, мехнат-қиындықтар ұмыт бола бастады.

Небары жиырма жылдың ішінде бүтіндей жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Ұлы көшті Н.Ә. Назарбаев бастады.

Н.Назарбаев ел тізгінін қолына алмағайып, аумалы-төкпелі, қиын кезеңде алды. Бабаларымыз мирас еткен сара жолдан тайған жоқ, ел бірлігін тәуелсіздігіміздің туы етіп көтерді. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты.

Н.Назарбаев – түп атасынан, арғы тегінен батырлық, шешендік үзілмеген тектілердің ұрпағы. Бабасы – еңсегей бойлы Есімханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, атасы – Назарбай би. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжан Сұлтанын әулиеге түнеп жүріп, Құдайдан тілеп алған.

Болашақ Президентті мен алғаш 1958 жылы көрген едім. Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінде педпрактикадан өткенімде Нұрсұлтан оныншы кластың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маңдайы жарқырап, бәйге атындай тыпыршып отыратын. Сол кездің өзінде-ақ есімі елдің аузында болатын.

«Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі,

Қарындағы баланың хан боларын кім  біледі» дегендей, ол кезде Нұрсұлтанның президент боларын кім болжады дейсіз. Бірақ табиғатынан жалындап тұрған жігіттің түбі жарып шығатынын жұрт сезетін еді.

Елдің тілегімен, халқының қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың бірінші желтоқсанында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті болып сайланды. Тәуелсіз мемлекет орнату, оны баянды ету қиынның қиыны еді. Осы жауапкершілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып, мойнына алды, өз тағдырын елінің тағдырымен жалғады, сөйтіп халқының үзілген үмітін, шырағын жақты.

Тәуелсіздік алған жылдары даурығысып, қалпағымызды аспанға лақтырып, қуаныстық. Қуанған да, қорыққан да бір дегендей, есі шыққан ел не істерін білмей шеруге де шықты. Шеруге не үшін шыққандарын білген де жоқ.

Тәуелділіктен арылып, тәуелсіздікпен қауышқан тұста, ызы-қиқы кезеңде,  Н.Назарбаевтың елі үшін түн ұйқысын төрт бөлген мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болған, жан тебіренісін де, күйзелісін де көрген; би құлдың сөзін сөйлеп, бит балаққа шыққан кезеңде жанында болған;  қолғабыс тигізген кісінің бірімін.

Алмағайып заманда, екі дүние, екі дәуір арпалысқа түскен шақта Н.Назарбаев: «Мен халқымның тәуекеліне сендім. Өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған осындай текті халыққа, мені төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бір де бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – тәуелсіз мемлекет құрудың бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық бақыт жоқ, осы жолда мен бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…» деп жүрді.

Содан бері  Елбасы үнемі халқына сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Президентті қолтығынан демеген де, демейтін де, қолдаған да, қолдайтын да – туған халқы.

Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігі, елдің ынтымағы.

Мемлекет орнату үшін бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Ырың-жырыңға жол бермеу керек еді. Осы жолдан Елбасы ешқашан тайған емес.

Одақ тарағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалардың бәрі де дағдарысқа ұшырады. Қалыптасқан колхоз-совхоздар ыдырады, зауыт-фабрикалар күйреді, балабақшалар, мектептер, мәдениет ошақтары талан-таражға түсті, экономика құлдырады, ел күйзеліп, жұртты үрей биледі. Ауыл әбіржіп, жұрт қалжырап, зиялылыр жаутаңдап, жастар сандалып қалды; маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, өзге де індет етек алды.

Неше түрлі арандатушылар шықты, жұртты әбіржітті, ел ішіне іріткі салды. Елдің есі шықты. Шерулер көбейді. Түрлі қозғалыстар пайда болды. Адамның ақылына сыймайтын митингілер қаптады. Небір “шешендер” шықты суырылып. Неше түрлі газеттер шыға бастады. Қысқасы, жұрт бетімен кетті. Солардың көбі жаңа ғана тәй-тәй басып, қаз-қаз тұрып, тілерсегі дірілдеп, құлағы қалқайып келе жатқан тәуелсіздікке демеу болудың орнына бөгеу болды, кесірін тигізді. Көбінің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Елді бүлікке де шақырды. Елбасын балағаттап та жатты. Сөйтіп жүріп “Демократия қайда?!” деп айқай салды. Осылай елдің де, ердің де тағдыры сынға түсті.

Елбасы осының бәріне шыдады. “Мұратымызға жету үшін біз қиын жолдардан да өтуіміз керек, төзімді болуымыз керек” деп жүрді. “Тілі байланған, қол-аяғы кісенделген ел едік. Жұрт енді еркін сөйлеуді де үйренсін” деді. Кеңшілік жасады.

Жұрт еркімен жүрді, еркімен сөйледі, дегенін істеді. Бірақ, демократия аузына келгенді оттау, ойына келгенді істеу емес екендігін, демократия дегеніміз интеллектуалды ақылдың билігі екендігін бәрі бірдей түсіне бермеді. Сол бір алмағайып кезеңде Елбасы халықтың ортасынан шыққан нағыз интеллектуал екендігін, саясатта салқынқандылық, төзімділік керек екендігін шебер дәлелдеді. Кемеңгерлікке тән мінез танытты. Ел сенімін ақтады. Құдайға шүкір, соның арқасында Тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреп, азаттықтың ақ таңы атты. Қаланың да, даланың да ажары кірді. Жаңа қоғам, жаңа заман, жаңа адам келді. Ой-сана, тұрмыс-тіршілік өзгерді. Тарих, әдет-ғұрып, дәстүр қайта жаңғырды. Мылқау елдің тілі шықты. Ел жаңарды, жер түледі. Мемлекеттілігіміз бекіді, баянды ішкі, сыртқы саясат орнықты.

Біз бұрын мемлекет орнатпаған, ту тікпеген, Астана салмаған, Орда тұрғызбаған ел едік. Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық. Елордамыз бүгінде халықаралық қатынастардың да, ынтымақ пен бірліктің де астанасына айналды.

«Тымақ – төбесінен, ел төресінен тозады» дейді халық. Құдайға шүкір, қазақтың бүгінде тымағы бүтін, төресі төрінде отыр.

«Бабалары батыр, аналары дана халқым бар; тағдырдың талай тауқыметін кешірген төзімді халқым бар; ұлт пен ұлыстарға пана бола білген мәрт халқым бар; жүрегі жомарт, ақылы дария, көңілі кіршіксіз ақкөңіл халқым бар; жерін жауға бермей аман алып қалған батыр халқым бар; данышпан-даналарды, кемеңгер ғалымдарды, алып батырларды, сұңғыла шешендерді, тура билерді дүниеге келтірген дана халқым бар. Жомарт халқымнан, дана халқымнан айналдым»  деп тебірене жазады Президент Н.Назарбаев.

Елбасы үнемі елім деп еміреніп, туған халқына аянбай қызмет етіп келеді. Не көрсе де елімен бірге көріп, бірге жасасып келеді.

“Қатты жерге қақ тұрар, ынтымақты елде бақ тұрар” деген сөз бар бабаларымыздан қалған. Билікке таласып, баққа таласып, таққа жармасатын таққұмарлардың не ойлайтынын қайдам, халық елдің тыныштығын, жердің бүтіндігін тілеп отыр. Елбасының да күні-түні ойлайтыны, Алладан тілейтіні осы. Оның халқымен қаны да, жаны да, жүрегі де, тілегі де бір.

Аумалы-төкпелі заманда біразымыз Нұрсұлтанның жанынан табылдық. Біздің басымызды жаңа мемлекет орнату идеясы біріктірді. Есі шыққан елге демеу болып, тізе қосып, жан аямай ұлтқа қызмет жасадық. Мұнымыздың уақыт үшін де, ұлт үшін де пайдасы аз болған жоқ. Ахуалдың орнығуына, жас мемлекеттің іргесінің берік қалануына шама-шарқымызша үлес қостық.

Мемлекет орнату, оны қалыптастыру, баянды ету, әлемге таныту дейтін күрделі процеске қатысуды Алла кез келген кісінің пешенесіне жаза бермейді. Мен сол тұста бес жыл бойы мемлекетіміздің руханият саласын – идеологиясын басқардым. Халық, мемлекет алдындағы ауыр да жауапты міндетті абыроймен атқардым деп ойлаймын.

1991 жылдың 1 желтоқсанында Тұңғыш Президент сайлауын өткіздік. Сайлаудың штабын басқару да, Президенттің инагурациясын – таққа отыру рәсімін өткізу де маған жүктелді. Мұны да абыроймен өткіздік. Оны қазақ халқы да, тарих та ұмытпайды деп ойлаймын.

Хан тұсында қан шашылмасын деп ақсарбас шалдық. Боздақтар аман болсын деп бозқасқа шалдық. Президенттің басына мұрақ кигізіп, иығына шапан жаптық; үш жүздің таңбасын салдырып, беліне кісе соқтырдық. Ақ киіздің үстіне тұрғызып ант бергіздік. Алатаудан отыз рет зеңбірек атып, тәуелсіздігімізді әлемге паш еттік.

2004 жылы Ақорданың ашылу салтанатында да қалың елді құттықтап, Елбасына бата беру менің еншіме тиген еді. Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбек үшеуіміз барып, халықтың атынан бата берген едім.

Мұны да тарих ұмытпайды деп сенемін.

“Сүйер ұлың болса, сен сүй” деп Абай айтқандай, Нұрсұлтан Назарбаев қолпаштауға да, қолдауға да, қошеметтеуге де тұратын; қалай мақтауға да сыятын кісі, ортасынан ойы озған, қатарынан қалпы озған азамат.

Президент Н. Назарбаев – халқын сан мың жылдар іздеген мұратына жеткізген, мемлекеттігімізді орнатып, оны дамытып, әлемге танытқан аса дарынды тұлға.

Н.Назарбаев – халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған, тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан қалың елдің мұңдасы, тағдырласы; елінің есіктегі басын төрге шығарған, әлемге кеңінен танылған, іргелі елдердің басшыларымен сөйлескенде сөзі асатын, егескенде еңсесін басатын, елдескенде мейірін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы саясаткер.

Нұрсұлтан Назарбаев – дарынды ұйымдастырушы, жұртты сендіре де, иландыра да алатын, «өз елім менің – өзегім» дейтін қайраткер.

Н.Назарбаев – адамзат тарихын терең білетін, замана ағымын жіті ойлайтын, әлемнің озық тәжірибесін ұтымды пайдаланып, ата-бабадан қалған асыл өнегемен әдемі ұштастырып келе жатқан стратег, тәуелсіздік заманының бірнеше ұрпағын өсіріп келе жатқан тәлімгер.

Н. Назарбаев – әлем мойындаған, атағы алысқа кеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер; гуманист, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Кемеңгері.

Көк түріктің кіндігінен жаралғандардың ішінен озып туғаны да – Н.Назарбаев.

Бәріміз жақсы білетін Нұрсұлтан Назарбаев, міне, осындай адам.

Біз ықылым замандардан бері Ұлы дала төсінде сан қилы тағдырды басынан кешкен, осы күнді армандаған ел едік. Сақ Ата дәуірінде де, Қағанат, Хандық заманында да, Әз Жәнібектің, Ер Абылайдың тұсында да еш ұрпақ мұншалықты бақытты, мұншалықты дәулетті көрген жоқ. Арғы-бергі заманда Ұлы далада Назарбаевтай мемлекет орнатқан, жер жүзіне даңқы асқан тұлға туған жоқ. Небары 20 жылдың ішінде әлем санасатын елге айналдық. Осының бәріне куә болып отырған, осындай елде өмір сүріп жатқан бәріміз де бақыттымыз.

Бір кезде жығылған Орданы қайта тігу, құлаған туды қайта тіктеу, елдің елінің ғана, ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді. Шүкір, бүгінде ынтымағы жарасқан, егеменді Еліміз бар, құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса, қанаты талатын ұлан-байтақ Жеріміз бар; Абылайдың да аманатын орындаған Еріміз бар.

Елдің аты – Қазақстан, ердің аты – Нұрсұлтан. Қазақстан, Астана, Назарбаев бүгінде бір-бірінен бөлінбейтін тұтас ұғымға айналды.

Біз енді тәуелсіздігімізді сақтау үшін, оны баянды ету үшін өмір сүруіміз керек. Ел қамы үшін пейішке де, тозаққа да бірге кіруге тиіспіз. Бабалар қалдырып кеткен Ұлы дала алдындағы жауапкершілік  бізді бүгін осыған шақырып отыр. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры бізден осыны қажет етіп отыр.

Туған Отанымыз қарыштай берсін! Асқақтай берсін азаттықтың Астанасы. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − eleven =