Тау тұлғалы Тәшенев: перзенттік және қайраткерлік парыз

0 61

Елордадан арнайы сұхбаттасу үшін барғанымда, Мұрат Жұмабекұлы мен ­Фатима Садыққызының ықыласына бөленіп, көңілім Алатаудан да асып асқақтады. Менің арнайы журналистік іссапарымды жоғары бағалап: «Арқадан атамның аруағын сыйлап келгенде, біздер қалай қарап отырамыз?!» деп үлкен дастарқан жайып, өздерінің замандастары, қазақ ғылымының нарғасқалары – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы ­Жақыпбек Алтаевты, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевты шақырыпты. Орта толтырған ғалымдармен сұхбаттасудың өзі бір ғанибет!Ал әңгімеміздің басты кейіпкері – қазақтың арда азаматы, атақты Жұмабек Тәшеневтің кенже ұлы Мұрат ағамен жүздескен сәтімде елордалықтардың асыл әкесіне деген ықылас-құрметін түгел жеткізе аламын ба деп қиналдым. Сол жайымды байқаған текті азаматтар тұлға туралы естеліктерін бастап кетті.
Мұрат ЖҰМАБЕКҰЛЫ: Әкемді қызметтен алып тас­таған себептерін, жағдайын түсінбей де қалдым. Мен ол кезде 5-сыныпта оқитын кезім. Осыған дейін үй толы адамның аяғы сап тыйылып, бір мезетте босап, бөтен ешкім қалмады. Әкем жұмыссыз бір жыл үйде отырды. Шымкентке көшіп келгенде ғана барлық жайды түсінгендей болдым. Жаңылыспасам, 10-сыныпта не 1-курста оқып жүрген кезім болуы керек. Әкеме Хрущев тарапынан болған жайтты есіне түсіріп, «Дәл қазір солай жасар ма едіңіз, әлде сөзіңізден қайтар ма едіңіз?» деп сұрадым. Ол: «Мен ешқашан өз сөзімнен танбаймын. Сол кезде Хрущевке не десем, дәл қазір де солай дер едім. Қазақстанның солтүстіктегі бес облысы ешқашан Ресей құрамында болмайды» деді әкем.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат ­Жұмабекұлы Тәшенев – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, 1973 жылдан бері осы қара шаңырақта еңбек етіп келеді. Ғалым Қазақстанның жұмысшы табының қалыптасуы мен даму тарихын зерттеп, еліміздегі ұлт-­азаттық қозғалыстардың шығу себептерін зерделеді. ХХ ғасырдың 60-70 ж.ж. Қазақстандағы өнеркәсіптің қалыптасуы мен даму тарихы және жұмысшыларды даярлау бойынша оқу құралының, «1960-1985 ж.ж. Қазақстанның жұмысшы табы» атты монографияның, сондай-ақ «XІX ғасырдағы Қазақстандағы ұлт-­азаттық қозғалыстар», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан (1941-1945 ж.ж.)» секілді студенттерге арналған оқу-әдістемелік құралдардың авторы.
Жақыпбек АЛТАЕВ: 50-жылдың орта шені Қазақ елі, қазақ жерінің тұтас­тығы сынға түскен кезең болды. Сол жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру туралы орталықтың – Мәскеудің шешіміне қарсылық білдіргені үшін Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қызметінен босатылады. Қазақ еліне «жолы кіші республика» деп қарайтын, ойына келгенін істеп, ел басшыларын қалауынша ауыстыратын мәскеулік номенклатураның әрекеті жергілікті басшылардың намысына тиіп, қарсылығын оята бастаған кезең-ді. 1955 жылы сәуірде 45 жастағы Жұмабек Тәшеневті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы етіп сайлайды. 1960 жылға дейін Жұмабек Ахметұлы бес жыл бойы республика басында отырды.
Мұрат ЖҰМАБЕКҰЛЫ: Жұмабай Шаяхметовпен әкеміздің арасы өте жақын болды, бүгінде олардың балаларымен араласып тұрамыз. Жұмабай Шаяхметовті жұмыстан босатқан пленумда әріптестерінің бірде-біреуі сөз сөйлеп, кетіп бара жатқан адамға тым болмаса алғыс айтуға жарамапты. Сонда менің әкем орнынан тұрып:«Жолдастар, бүгін Жұмабай Шаяхметұлын демалысқа шығарып салып тұрып, Қазақстанда атқарған зор еңбегі үшін алғыс айтамын» деп қолдау көрсетеді. Одан кейін де жолы түскенде Мәскеуде тұрған Шаяхметовті іздеп барып, хабарын біліп отырған. «Туған жерінің дәмін ұмытпасын деп қымыз бен қазы алып келетін» деп ол кісінің балалары айтып отырады.
Берекет КӘРІБАЕВ: Тәшеневтің 100 жылдығында тұлғаның өміріне қатыс­ты біраз іздендім. Тарихи тұрғыдан алғанда қазақ-совет өкіметі орнаған кезде қазақ даласында Алаш та пайда болды. Бұл – жүз пайыз қазақтың ұлттық мемлекеттік құрылымының бастамасы. Әлихан, Міржақып, Ахмет сынды Алаш көсемдері ел үшін қыз­мет істеген. Қарсыластары Мәскеуде отырды. Ол кез Сталиннің жеке басына табынушылығы басталмаған кез болса да, Алашты жеңді. Оның орнына қазақ-кеңес зиялыларының бірінші толқыны билікке келді. Оның озық өкілдері – Сәкен, Тұрар, Смағұл сынды ерлер. Олар ұлтжанды болды, Қазақ Республикасын қандай жолмен құрамыз деген мәселені көтеріп, отызыншы жылдардың құрбаны болды.
Осы кездері – 1915 жылы дүниеге келген Жұмабек Ахметұлы 12 жасқа дейін буыны бекіп, ержетсе, 25 жасында санасы қалыптас­ты. Ел үшін жан берген күрескерлер өмірін білді, Мағжанның жалынды жыр­ларын жанында сақтады. Сол кезде үлкен саясатқа араласпаса да, азамат болып қалыптасуына осы аға толқынның рухы қатты әсер еткен деп ойлаймын. Ал 20 мен 30 жастың ортасында аудандық көлемде, 30 бен 40-тың қырқасында облыстық, 45 жасында республикалық деңгейде басшылық қызмет істеген. Ол нәр алған тамырынан үзілген жоқ, жас кезіндегі жол айырығында сыналған Қазақ елінің болашағы көз алдында дамыды. Ешқандай күш өшіре алмаған ұлт­жандылығын коммунис­тік партияның принциптеріне сүйене отырып, өз ұлтын сүюден айнымады. Ол жалғыз болған жоқ, қасында басқа адамдар да болды, олар да коммунист, олар да партияға берілген, бірақ ұлттық мүддені жеке басының мүддесімен ғана ұштастыра біліп, өз заманында тиісті қызметін атқарды да қойды. Олар өз заманында қызметте болып, бірақ тұлғалық биікке жеткен жоқ, бәлкім, үлкен кісі болды деуге болады. Өлді. Ұмытылды.
Жақыпбек АЛТАЕВ: Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха апамызды іздеп тауып, Алматыдан үй алып беруі де Тәшеневтің Алашқа құрметінің белгісі ғой. Ұлтжандылығының белгісі ретінде Абай ескерткішін салдырып, лентасын өзі қиды. Министр­лер Кеңесінің төрағасы қызметінде жүріп, 212 пәтерлік үлкен үйді түгелімен өнер және әдебиет қайраткерлеріне бергізеді. Қазіргі Алматы қаласындағы ­Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы сол үй бүгінге дейін «Қазақ ауылы» немесе «Тәшенев үйі» деп аталады.
Берекет КӘРІБАЕВ: Міне, сондықтан да Қазақ елі, қазақ халқы бар кезде Тәшенев есімі ұмытылмайды. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дейді ғой, уақыт өткен сайын Тәшеневтің тұлғалық бейнесі жарқын бола береді. Меніңше, әлі де тұлғаны толық тани алмай отырмыз. Сол кездегі саяси, әлеуметтік, экономикалық жүйемен байланыстыру керек. Орталықпен – Мәскеу номенклатурасымен, одан кейінгі Брежневпен арақатынасы қандай болды – соның бәрін кешенді түрде зерттегенде ғана оның тарихи рөлін анықтай түсеміз. Әзірге мемориалдық қайнаркөздер арқылы ғана толықтырып жатырмыз, құжатты деректерге толық қол жеткізген жоқпыз. Соғыстан кейін Қазақстанда экономикалық даму жүрді. Соның арқасында Ресейде болған аштық Қазақстанды айналып өтті. Бұл да тарихшылар назарынан тыс қалды.
Мұрат ЖҰМАБЕКҰЛЫ: Сөз жоқ, әкем – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше еңбегін сіңірген адам. Осы ретте мынаны айтқым келеді. Тәшенев туралы айтқанда Тың өлкесіне енген бес бірдей солтүстік аймақтағы облыстарды Орталыққа беруге ашық қарсы шықты деп айтып жатады. Ал Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде ел экономикасын көтеруге бар күшті жұмылдырғаны көбіне айтыла бермейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұрынғы Госплан төрағасы орынбасарының мақаласы шықты. Онда әкемнің билік басында болған кезінде ел экономикасы дәуірлегенін айтады. Сол кезеңде Қазақстанда алып құрылыс­тардың іргесі қаланды. Қарағанды металлургия комбинаты салынды, оны тікелей бақылап отырды. Сол жылдары еліміздің экономикалық та, рухани да жаңғыруы басталды. Оған себеп елдің басына келген қазақ азаматтарының үлкен патриоттық сезімі мен өз ұлтына деген сүйіспеншілігі болса керек.
Берекет КӘРІБАЕВ: Тәшеневтің ұлы ерлігі, әрине, бес облысты қолдан бермегені. Қазір дәйекті растайтын құжатты таппай отырмыз. Дегенмен Хрущевтің кезінде Қазақстанды мемлекет ретінде таратып, мүлдем жоймақ болған. Маңғыстауды Түрікменстанға, Еділ мен Жайық арасын Астраханға, Шығыс Қазақстанды Алтай өлкесіне, Алматыны Ұйғыр автономиясына, ал нағыз қазақтарды Қызылорда мен Жезқазғанның шөлейтті жазығына тықсыру жөнінде жоба болған. Бізге белгілісі – осылар. Жоба іске асар ма еді егер Тәшеневтің қарсылығы болмағанда?.. Осы тұлғаның батыл да өктем әрекетінің арқасында жеріміздің қайта бөлінуінен сақтап, еліміз тұтас болып қалды.
Жалпы, уақыт илеуіш ­сияқты. Топырақты алып илеп отырсаңыз, құмы суылдап, кесек тастар ғана қалады. Тарих мінберінен қарағанда халқына, ұлтына кім адал қызмет етті, ол да ірі кесек сияқты қалып қояды. Әрине, оларды империялық билік жақтырмады. Олар барлық қысымға шыдады. Дегенмен олар өз қызметін еліме пайдам тисе, халқыма көмегім тисе деп өздерін халықтан кішік санап, қызметін өзінің жеке басына емес, ел, ұлт мүддесіне арнады. Тәшенев те басын тәуекелге буған жан.
Алпысыншы жылы биік қызметтен кетті. Оны қыз­меттен шеттетіп, елдің санасынан да шығарғысы келді. Қайтыс болғанда да ресми хабар айтылған жоқ. Мен өзім оның атын тоқсаныншы жылдары ғана ести бастадым. Алғаш рет шымкенттік ақсақалдар жазып, ер есімін қалың жұртқа жария етті. Одан кейін аз уақыт ішінде Тәшенев есімі символға айналып, халыққа қызметтің жоғары ерлігі ретінде қалыптасты. Аты аңызға айналды.
Жақыпбек АЛТАЕВ: Аңызға айналған адам деп дұрыс айтасыз. Соның бірінде Хрущевтің көмекшісі Тәшеневтің самолетін Қостанайға рұқсатсыз мініп кетеді. Қажет болып ұшқышын іздесе, көмекшімен ұшып кеткенін естиді. Сонда шұғыл хабарласып, Қостанайға қонайын деп тұрған ұшақты кері қайтарып алады ғой. Бұл Жұмабек Ахметұлының беделін де, Мәскеу деп құлдық ұрмаған мінезін де білдіреді. Бұл – аңыз емес, болған оқиға.
Сол кездері 15 одақтас республиканың әрқайсысының өкілі бір ай КСРО Жоғары Кеңесінің төрағасы болады екен. Биыл Қазақстан, келесі жылы Өзбекстан дегендей. Сол кезде әр республикадан жылына бір адамға Мемлекеттік сыйлық, КСРО-ның халық әртісі атағы беріледі екен. Тәшенев болса шарттылықты белінен басып, Шәкен Айманов бастаған бес бірдей өнер адамына атақ алып берген.
Мұрат ЖҰМАБЕКҰЛЫ: Бір сөзбен айтқанда, осындай отбасында дүниеге келгеніме қуанамын. Бес аға­йындымыз. Үлкеніміз – Саян Алматыда тұрады, қазір зейнетте. Өкінішке қарай, үлкен ағамыз – 1944 жылғы Саят ағам қайтыс болды. Білмейтін нәрсесі жоқ. Оқымысты, көп білетін, барлық ғылым салаларын түбегейлі зерттеген адам еді. Мамандығы бойынша экономист болатын. Тарих, филология, әдебиетпен де айналысты. Классик жазушылардың мықты туындыларын жатқа айтатын. Ағамның жақсы қасиетіне мен де еліктедім, маған үлгі болды десем болады. Шетел, орыс классиктерін көп оқыдым. Абайды көп зерттедім. Әкем Абайды оқыңдар дейтін, талап етті де. Әкем де Абайды қадір тұтатын. Ол өнегесі бар, айтатыны бар адамдардан үлгі алу керек дейтін. Үшінші бауырым қазір Шымкентте тұрып жатыр, Болат 1946 жылғы, мен 1948 жылғымын. Біз екеуміз Шымкентте институт бітірдік, ол сонда қалды, мен аспирантураға түсіп, Алматыға келдім. 45 жылдан бері ҚазҰУ-да еңбек етіп келемін.
«Сендер алда да әкелеріңнің ісіне шәк келтірместен, күмән-күдіксіз, жүздерің ашық күн кешулерің керек. Әрқашан өздеріңе сенімді болыңдар. Алға тура қараңдар. Сенім мен қайрат қана серік болсын сендерге!» деген жігерімізді қайраған әке сөзі жадымнан бір өшкен жоқ.
Ол кісіні әлі күнге дейін ұмытпай келе жатқан халыққа ризашылығымды білдіремін. Кітаптар жазылып, монографиялар шығып жатыр. Қазіргі күні де көптеген зерттеушілер, журналистер келіп, әкем туралы естелік айтуымды сұрап, деректер білгісі келеді. Студенттер әкем туралы айтып бергенімді қалайды.
Менің қызым дәрігер. Бір күні бір жас науқастанып алдына келеді. Қызымның аты-жөнін біліп:
– Сіздің Жұмабек Тәшеневке қандай қатысыңыз бар? – деп сұрайды. Қызым:
– Немересімін. Сіз оны қайдан білесіз? – десе:
– Қалай білмеймін, бүкіл Қазақстан біледі, – деп жауап беріпті.
Қуаныштысы, жас ұрпақ жетіліп жатыр. Олар да жаңағы 17 жасар қыздай әкемнің атын біледі, мақтаныш тұтады, осы жайт мені қуантады.
Әкем бар ғұмырын халқына қызмет етуге арнады. Оның есімі мен ісі халық жадынан өшпегенін қалаймын. Халқымыз жақсы өмір сүрсе екен деп тілеймін. Ол өте мейірімді болатын, өзгенің жетістігіне шын көңілімен қуанатын. Адамдардың жақсы өмір сүріп, бақуатты болғанын бар жанымен қалаушы еді.
Әкем менің есіме жиі түсе ме? Өмір бойына десем болады. Ғалым ретінде тынбай жұмыс істеген кезімде, бәлкім, кейде шаршағанымда әкемнің «адал еңбек пен төзімділік түбінде бәрін жеңеді» деген сөзі есіме түседі. Ол кісі Карл Маркстың «Капиталынан» үзінділерді жатқа айтатын. «В науке нет широкой столбовой дороги, и только тот может достигнуть ее сияющих вершин, кто, не страшась усталости, карабкается по ее каменистым тропам» дегенін ізденіс жолына серік еттік.
Әкемнің өнегесі бізді жауапкершілікке баулыды. Оның атына адал болдық. Есіме бір оқиға түсіп отыр. Докторлық қорғайтын кезімде шарт бойынша оппонент керек болатын. Менің қазақ ғалымдарынан емес, оппонентті мәскеу­лік ғалымдардан алғанымды естіп әкем қатты ренжіді. «Қазақтың мықты академиктерінің атын шығарып, неге солардан таңдамадыңдар?» деп ұрыс­ты. Біз болсақ үндемедік. Әкеміздің жанын жаралауға дәтіміз бармады. Өйткені оппонент іздеп үш бірдей қазақстандық академиктің алдынан өтіп, келісімін ала алмаған едік. Біздер тек өзімізге сендік.
Ал қалың жұрты перзентінен айырылғанда қадірін білген болар… Әкемді жерлегенде қарақұрым халық нөпір болды. Танымайтындар «көкемайлап» келіп көрісіп жатты. Асылының мәйітін халқы иықтарына көтеріп, бейітке дейін жаяу алып барып, топырақ бұйыр­ған жерге тапсырды.

Нұр-Сұлтан–Алматы–Нұр-Сұлтан

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды