Татулықтың алтын арқауы этножурналистикада жатыр

0 156

Қазақ журналистикасының қарағайдай биік тұлғасы, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Журналистер клубының жетекшісі, публицист, профессор Ғаділбек Шалахметов этножурналистика және отаншылдық сезім туралы ой бөлісті. 

– Ғаділбек Мінәжұлы, тә­уел­­сіз­­дік алғалы, дәлірек айтсақ, Қа­­зақстан халқы ассамблеясы құ­­рылғалы бізде «этножурналис­­ти­­ка» деген сала пайда болды. Ол халқымыздың ынтымақ, бір­­лігін нығайтуға қалай ықпал етіп жатыр деп ойлайсыз?
– Көпшілігі мұны тек этникалық азшылыққа, белгілі бір қауымға қатысты деп ойлайды. Біздің санамызда әлі түбегейлі орынға қоймаған ұғым болғаннан кейін солай қабылданады. Шын мәнінде, ол этножурналистиканың тақырып ауқымында қазақтың да қамы жатыр.
Бұрын-соңды этножурналис­ти­ка болмаған себебі, Кеңес иде­­о­ло­­гиясында онсыз да ұлттар дос­­тастығына қатты мән берілді.
Широка страна моя, родная!
Много в ней лесов, полей и рек.
Я другой такой страны не знаю,
Где так вольно дышит человек, –деп келетін өлең көпшіліктің есінде шығар. Әрі ол идеология өзінің мақсатын ақтады да. Бірлікті, ортақ отаншылдықты насихаттау Кеңес өкіметі құрылған сәттен басталды. Мысалы, әр республиканың мәдени көпкүндігін алайық. Иә, дәл бүгін Расул Ғамзатовтай ақын шықса, оның даңқы кешегі Кеңес өкіметі дәуіріндегідей қиырдағы қазақ жазирасына, таудағы қырғыз айылына, өрдегі өзбек қышлағына жайылмас еді. Ал тәуелсіздік алған кезде мемлекетқұраушы ұлт атанған қазақтардың елімізді мекендеген басқа халықтармен қарым-қатынасы қандай болуы керек деген сауалдың тууы орынды еді. Сондықтан Президент Н.Назарбаевтың бүкіл ұлт пен ұлыстарға «Ортақ отанымыз – Қазақстан» дейтін түсініктің дәнін себетін, ойға-қырға алаң көңілдерін күптіліктен арылтатын Қазақстан халқының ассамблеясы деген ұйымды ойлап табуы – саясаткерлігінің ең үлкен табысы деуге құқылымыз. Содан бері қанша жыл өтті, Ассамблеяға мүше ұлт өкілдері бүгін еліміздің ортақ мұратына тілеулес, тізе қосып тірлік қылуға бейіл екенін байқатты. Кеше ХХ сессияда Елбасының: «Бір ұлт – бір ел – бір тағдыр» тезисі төңірегіндегі жария ойларын қай-қайсысы да жатырқамай қабылдап жатыр.

Тіпті, бір кездері тағдыр айдауымен кеңқолтық халықтан пана тапқандар, ұрпақ жалғап, осында туып өскендер кейін тарихи отанына, мейлі шетелге қоныс аударса да, Қазақстан, қазақтар жайында сыртынан тіл безеген емес. Мысалы, РФ Президентінің әкімшілігінде қызмет ететін Виталий Брынкин деген досым бар. Ол бір кездері Қызылорда облысын басқарған, Арқалықта әкім болған. Жақында маған өлеңін жолдапты. Тілдей қағаздағы жүрекжарды жолдарында ол дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, Қазақстанды өзінің отаны деп санайтынын білдіреді. Ендеше біз неге осындай сезіммен санаспауымыз керек? Қазір көп жерлерде ұлтаралық кикілжің, дінаралық қырғи-қабақтық бар. Мысалы, Болгарияда сығандарды тықсырғысы келеді. Немесе Францияға орны­ғып алған африкалықтардың, ал­­жирлықтардың өздерін алала­­мау­­ды талап еткендеріне, мешіт­­те­­рін сала бастағанына фран­цуз­­дар тыржия қарайды. Ал ба­­тыс­­тық мультикультуризм мен поли­­этникалық қоғамнан біздің айыр­­ма­­шылығымыз – барлық ұлтқа, ұлыс­­қа тең қарайтынымыз. Елбасы ке­­шегі мерейтойлық сессияда бір­­лесіп жеткен экономикалық, саяси, мәдени жетістіктерімізді тізбелей келіп, бір-бірімізге сүйеу боп, бір-бірімізден үйренетініміз көп екенін айтты. Әр ұлттың қанға сіңген қабілеті бар. Славян халықтарының тәуекелшілдігі, корейлердің еңбекқорлығы, немістердің сағаттың тілімен тықылдап, әр нәрсені өз уақытында істейтіндігі, өзбек-ұйғырлардың сауда-саттықтағы әбжілдігі… Ал ұлттық журналистика немесе этножурналистика осы достық рәуіштегі қарым-қатынасқа алтын арқау болып келеді. Қазір елімізде әртүрлі ұлттық мәдени бірлестіктер шығаратын 35 басылым бар: «Дойче Алгемайне», «Ұйғыр авази», «Turan times»… Олар өз тілдерінде, сосын жартылай орысша-қазақша шығады. Бюджеттен қаржыландырады. Сонымен қатар, телеарна, радиолар үнемі ұлт бірлігі тақырыбын толғайды.

– Біле білсек, дүниеде осындай жағдай жасалып отырған елдер аз секілді?
– Оныңыз рас. Іргеміздегі Қытай Шыңжаң аймағындағы аз ұлттарға арнап хабар таратады, газет шығартады. Бейжіңде Ұлттар бас-пасы бар. Бірақ оның өзі баяғыдай емес, Қытайдың мысықтабан геосаясатымен бірге аясы тарылып келеді. Ресейде де азын-аулақ ұлттық басылымдар бар, бірақ бірыңғай орыс тілінде шығады. Яғни, біздегідей шалқытып қоймайды, мәдениетін дамытса да, тілін дамытса да өз аулаңнан әріге ұзама дейтін аңдыған саясат үстем. Ал бізде өз тілінде шығарады әрі оны кең таратуға мүмкіндік бар. Біз осынау коммуникативтік құрал арқылы бір-біріміздің дәстүрімізді, әр ұлттан шыққан көрнекті тұлғаларымызды, тарихымызды, кәсібімізді біле аламыз.

– Әрине, ұлттар достығын насихаттаумен қатар, бізге кейде мысалы ұлтаралық, конфессияаралық шетін мәселелерді жазуға тура келеді. Мәселен, жақында Әділет министрінің блогына Айнұр есімді қыз бала шағым жазыпты. «Транстелеком» компаниясының Хромтаудағы бөлімшесіне жұмысқа тұрған екен. Бір айға жетпей шығарылған. Себебі, орысшаға жетік емес. Осы жерде басшылықтың мемлекеттік тілді мойындағысы келмейтіні байқалып-ақ тұр. Осы тектес жағдайларды ашық сынау керек пе, әлде бұдан тыныштық қымбат деп жылы жауып қою керек пе?
– Әрине, Ассамблея деген ауызбіршілікті ұйым бар екенін барлығы бірдей біле бермеуі мүмкін. Бірақ қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі бар екенін Қазақстан халқы ассамблеясы жақсы түсінеді. Мұндай жағдайда тиісті органдар: «Айналайын, егер қазақ тілін білмесең, ол – сенің кемшілігің. Мына қарекетің заңға қайшы. Мемлекетте ресми іс-қағаз, қарым-қатынас түгелдей қазақ тілінде жүруі тиіс» деп мейлінше түсіндіру керек. Бұл жерде солқылдақтық танытудың қажеті жоқ. Бірақ ағашты морт сындыруға тағы болмайды, көзіңді шығарады. Сол үшін де мемлекет сабырлыққа, салиқалыққа салып, қазақ тілін үйренуге жағдай жасап отыр. Мысалы, «Тілдарын» жеделдетіп оқыту курсы қазір барлығына қолжетімді. Орайы келгенде үйреніп қалсын. Қазір босайыл боп тұрған шығармыз, күндердің күнінде қаттырақ тартуға тура келеді. Балтық жағалауы елдеріндегідей тіл білмесең, тірлігің тұсалатын кез туады. Сонда не істейді? Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос өз тілін жоғалтқан жоқ. Енді барлығынан қазақ тілін үйренуді талап етуіміз орынды.

– Төтеден тартқаныма айып етпеңіз. Бірақ, сіз де қазақ бола тұра, көбіне орысша тіл қатасыз. Ассамблеядағы таныстарыңыз, ұлты басқа жолдастарыңыз «Неге әуелі өзің үйренбейсің?» деп бетіңізге баспай ма?
– Қазақ мектебінде оқымағаннан кейін ауызекі, жазбаша қазақшамыз орашолақтау шығар. Оны мойындаймын. Бірақ мен өз тілімнің шұрайлылығын өзгелерге танытып жүргенімді мақтан тұтамын. Аудармашылығым жаман емес. Мұхтар Шахановпен комсомолдан бері доспыз. Оның Шыңғыс Айт­ма­­­товқа арнаған:

Пәстеу соғып сырт көркі маз­мұ­­нынан,
Бекер болды-ау, мезгілсіз тозды бір­ ән.
Мыстан құйдық тұлғасын ұлы­­лар­­дың,
Жер бетінде алтынның азды­­ғы­­нан, –
деп келетін «Алтын, күміс және қалайы» деген өлеңін Евтушенко да, басқалары да жеріне жеткізіп аудара алмапты. Мен былай аудардым:
В миг стареют однадневные слова,
Хотя и скроенный хитро и гладко,
Из черной меди льем героев имена,
Потому что золото нехватка.

Мұқаң: «Өй, мынауың жақсы ғой» деп жармаса кетті. Меңіңше, бұл – екі тілді білгенімнің пайдасы.

– Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы өзіңіз басқаратын Журналистер клубы жыл сайын ұлттық журналистика саласында «Шаңырақ» байқауын өткізеді. Көбіне, сол бас-аяғы 35 басылымның авторларын, сосын сырттан бірер журналисті қосып марапаттаумен шектелесіздер. Ресейліктердің осыған ұқсас «СМИротворец» байқауына былтыр алты мыңға жуық журналист қатысыпты. Сонда басқа журналистердің ұлттар достастығына қосқан үлесі мардымсыз ба?
– Кемшін түсіп жатқан жағымызды орынды сынап отырсың. Байқау алдын ала жарияланып, журналистерді көбірек қамтуға күш салуымыз керек екені рас. Және ол басқа республикалық басылымдардың, телеарналардың ұлттар достастығына қалам тербеу-ге қырсыздығынан деп те ойламаймын. Егер осы жылдар ішінде үлкенді-кішілі кикілжіңдердің тігісі тез жатқызылып, ым-жымы білінбей жатса, Президенттің жұрт ұстау жорасымен айтқан сөздері көпшілік көкейіне ауытқымай қонып жатса, ол ең алдымен ана тілімізде ақпарат таратудың, насихат жаюдың арқасы дер едім. Өйткені, тату-тәтті тірлік кешуге алдымен қазақ ымырыласпаса, ынтымақ қайдан болсын?

– Бір кездері достастық елдері арасындағы «Мир» телеарнасының негізін қаладыңыз. Қазіргі хабар таратуы, ақпараттық саясаты көңіліңізден шыға ма?
– Мен – журналистикаға металлургия саласынан ауысқан адаммын. Алғашқы репортаждарым, суреттеме, телеочерктерім Өскемендегі металлургия зауытынан басталған. Кейін Қазақ телевизиясының «Ровесники» атты жастар редакциясына келдім. Міне, биыл ұлттық арнаның 55 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Кенжеболат Шалабаев, Болат Жансүгіров, Николай Чирков, Надежда Белканова сияқты журналистика тарландарымен тағдырлас, әріптес болғаныма қуанамын. 1992 жылы Борис Ельцин мен Нұрсұлтан Әбішұлы «Мир» телекомпаниясын құруды ұсынғанда, осы жерден алған тәжірибемнің пайдасы тиді. Өзімнің өмір мектебімдегі көрген-түйгендерім мен телерадиокомпанияның құрылу тарихын «Мир проносит счастья» дейтін кітабымда қалам мұжылғанша, қал-қадерімше жазғам. Кеше Еуразиялық медиа форумның мінберінен «Мир» телерадиокомпаниясының өміршеңдігі туралы сөз сөйледім. Тоқетеріне келсек, кешегі «ТВ-6» сияқты мақтаулы, бай арналар неге ақпарат айдынынан ығысып қалды да, «Мир» әлі күнге таралып келеді? Өйткені, о баста телерадиокомпанияны құрғанда, тең құқықтылық, диалог, тепе-теңдік қағидаты қалыптастырылды. Тіпті, Горбачевтік жылымық кезеңде Ресей қайдағы бір Армениямен немесе Қырғызстанмен тең құқылы болуы тиіс деген пікірді алға шығару, Кремльге зеңбірік кезенумен бара-бар еді ғой. Халықтар достастығы дегенмен, бәрі бір орталықтан басқарылды.
Әлі есімде, 1993 жылы қаңтарда Минскідегі ТМД елдері үкімет басшылары кеңесінің тағайындауымен Мәскеуге телерадиокомпанияның директоры боп келгенде қолымда тілдей шешімнен басқа ештеңе болмады, ал енді өзім жасақтаған жақсылы-жаманды командаммен әлі күнге дейін мақтана аламын.

– Олар кімдер еді?
– Көркемдік кеңеске жазушылар Рустам Ибрагимбеков, Грант Мотевосян, Ион Друце, Андрей Битов, Лариса Васильева, композиторлар Игорь Лукоченок, Толибхо Шахиди, ақын Олжас Сүлейменов, кинорежиссерлер Эльдар Шенгелая, Никита Михалков, Алексей Симонов, Андрей Кончаловский, тағы көптеген тұлғалар кірді. Олардың бәрі «Мирға» өткен дәуренді аңсағаннан емес, болашаққа жұмыс істейік деген ниетпен атсалысты.

Әлі есімде, біздің телекөпірімізде Душанбенің бір махалласынан есекке мініп келген тәжік халықаралық эфирге шығып, 200 миллион аудиторияға пікірін айтты. Бағдарлама жергілікті өзін-өзі басқару туралы болған. Ал әлгі тәжік сексеуілді сөз қылып, оның бағасы құбылмау керектігін айтты. Қарап тұрсақ, өзектілігі атом энергия стансаларына керек уранның бағасынан бір мысқал да кем емес. «Мир» телерадио желісінде демократияның осындай салтанаты болған.

Әр ұлттың, мемлекеттің айта­­ры, бөлісері бар. Сол кезде Жа­­риялылықты қорғау қорын бас­­қар­­ған Алексей Симонов теле­­ра­­­­диокомпанияның ұс­та­­ны­­мы­­на қа­­­­тысты мынадай деп ұшқыр ой айтқан:

«Біздің сорлылығымыз сол – ақпараттық жүйенің пирамидальдық формасына әбден етіміз үйренді. Әр өңірден алынған мәліметтер орталыққа жиналып, сүзгіден өткізіліп барып, қайтадан қарамағындағыларға таратылады. Ал «Мир» бір-біріміздің алдымыздағы жауапкершілікке құрылған. Жеме-жемге келгенде, басына күн туса, кез келген пирамиданың ұшар басын қиратып, пәс қылуға болады. Ал горизантальды байланысты үзу әлдеқайда қиын».

Сол өзіміз салып кеткен сара жол әлі де бұзылмай келеді. Мысалы, «Вместе» бағдарламасы. Алғаш рет 1997 жылы эфирге шыққан. Таулы Қарабақ қақтығысы орын алғанда, Бакуден Ереванға дейін бітімгерлік маршрутын жасағанымыз есімде. Шынтуайтында, ол кезде басқа ақпарат құралдарына екі халықтың қидаласқаны-қырқысқаны – сенсация да, бітімге келгені елең еткізбейтін мысықтілеу заман еді ғой.
Қазір телерадиокомпанияның тоғыз елде филиалы бар, бүкіл ТМД бойынша алпыс миллион аудиторияны қамтиды. Спутник платформадан стационарлық эфирге және «Триколор ТВ», «НТВ+», «Радуга ТВ» сияқты кабельдік желілер арқылы таралады. Еуразиялық кеңістіктегі «Еуроньюстің» баламасы іспеттес. Бірақ, менің кеудемде өзім жасай алмай кеткен бір істің өкініші қалып барады. Толық тепе-теңдік, теңқұқықтылық болуы үшін «Мирдың» штаб-пәтері көшпелі болса, әр елге ауысып отырса деп едім. Спутниктік байланысы бар телерадиокешенге ТМД-ның кез келген елінен таралу түк емес.

– Қазір Кедендік одақ құрылды, оның сыртында Еуразиялық одақ құру ниеті қылаң бере бастады. Кейбіреулер бұрынғы Кеңес одағына қайтып келеміз деп қауіптенеді. Осындай мемлекетаралық ынтымақтастықты жазғанда журналистеріміз қандай саясат ұстану керек деп ойлайсыз?
– Ол ақпараттық саясат Елбасының мына бір сөзінің үдесінен шығуы тиіс деп ойлаймын: «Егер Ресей бұрынғы Кеңес одағындай үстемдікке ұмтылған саясат ұстанса, онда ондай ынтымақтастық бізге қажеті жоқ» деді Елбасы. Яғни, теңқұқықтылық, диалогтың маңыздылығы тағы да алдымыздан шығады. Әрине, әуелгі бастама экономикалық байланыс-тан туды. Өйткені, өнім шығарсақ, өткізетін нарық, бірімізде жоқты бірімізден сатып алатын алыс-беріс қажет. Ал, соның төңірегінде теңқұқықты саяси, мәдени байланыс орнауы керек.

Сұхбаттасқан
Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =