Татуласудың тиімді тетіктері

0 56

Карантинге қарамастан істер қашықтан қаралып жатыр. Электронды түрде түсіп жатқан арыз-шағымдар саны да көбеймесе, азайған жоқ. Әрине, бұл – отандық сот жүйесіндегі инновациялық технологиялардың дамуы мен қарқынды қолдануының бірден-бір көрсеткіші. Дей тұрғанмен, осы даулардың басым көпшілігі екі ауыз ақылға қонымды сөзбен бітімге келетін мәселелерден тұрады. Ал сотқа жүгіну тиімсіз, ұзақ әрі айтарлықтай шығынға ұласатынын көпшілік қауым біле бермейді.Болмашы дауға бола қақтығыс алаңынан шыққан тараптардың арақатынасына сызат түсері айдан анық. Олай болса шырмалған түйінді шешудің жолдарын шолып өтсек. Заң шеңберінде дауларды шешудің баламалы тәсілдері ретінде медиа­тивтік, партисипативтік және татуласу келісімдері қарастырылады. Татуластыру рәсімдерінің барлығы азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Дау-дамайды медиация тәртібімен реттеу екі тараптың ерікті түрде медиатордың көмегіне жүгінуімен жүргізіліп, екі жақтың мүддесіне негізделген ортақ шешім қабылдануымен бекітіледі. Медиация тәртібімен іс қаралу барысында тараптар талап қоюдың нысаны мен негізін өзгертуге құқылы. Партисипативтік рәсім екі тарап адвокаттарының қатысуларымен тараптар арасындағы келіссөздер арқылы жүргізіледі.
Дауласушы тұлғалардың шарттары өзара келісілген азаматтық-құқықтық келісімшарт жасасуы арқылы татуласу келісіміне келуге болады. Татуласу келісімге қол қойған тараптар талап қоюдың нысаны мен негізін өзгерте алмайды. Сондай-ақ республика соттарының сайттарында «Е-татуластыру» атты онлайн татуластыру қызметі де қолжетімді. Бұл – дәл қазіргі уақытта таптырмас құрал. Бір қуантары, кешірімділік пен кеңдік танытып, ортақ бітімге келіп жатқан адамдар да жоқ емес. Мысалы, елорданың бірінші сатылы соттарында төтенше жағдай енгізілген кезеңде, яғни наурыз-сәуір айларында азаматтық дауларға қатысты 47 іс бо­йынша тараптар татуласу келісіміне келген (жыл басынан 147 іс). 239 іс бойынша дауласқан тараптар ортақ бітімге медиация тәртібі арқылы келген (жыл басынан 710 іс). Бұдан бөлек, «Татуластыру орталығының» жұмысы да онлайн форматқа көшкен, орталықтың жұмысы дауларды сотқа дейін реттеуге бағытталған. Төтенше жағдай кезінде орталық медиаторлары, психолог пен адвокаттары халыққа қашықтан тегін құқықтық көмек көрсетеді. Аталмыш тетіктердің тиімділігі сол – дауды ың-шыңсыз тез бітіруге, моральдық және материалдық ауыртпалықты, қоғам ішіндегі құқық бұзушылықтар мен жанжалды жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді.

Ботагөз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы
сотының баспасөз хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 10 =