Татуласу орталығының міндеті – бітімге келтіру

0 53

Жыл басынан бері «Татуласу орталығы» 161 миллионнан астам теңгені құрайтын даулар бойынша тараптарды бітімге келтірді. Жанжал орын алған көп жағдайда тараптардың дауды шешудің баламалы тәсілдерінен бейхабар екені байқалады. Сөзсіз, жанжал туындаған сәтте, өзіңді сот қабырғасындағы айтыс-тартысқа жетелегеннен гөрі, өзара тиімді шешімге келіссөздер арқылы қол жеткізу анағұрлым жеңіл. Өйткені медиация тараптардың ерікті келісімінің, құпиялылық қағидаттардың негізінде жүзеге асырылады, бұл дауласушы тараптар үшін өзара тиімді әрі мардымды келісімге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде медиация көптеген елдерде кеңінен таралған. «Медиация туралы» ҚР заңы 2011 жылдан бастап жұмыс істейді. Медиация жеке немесе заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс­тар туралы қылмыстық сот ісін жүргізу барысында туындайтын дауларға қолданылады. Айта кету керек, тараптардың бірі мемлекеттік орган болған кезде медиация рәсімі дауларға (жанжалдарға) қолданылмайды. Бұдан басқа, медиация сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының заңнамасында дауларды шешудің өзге де баламалы түрлері көзделген (бітімгершілік келісім, медиация, партисипативтік рәсім).
2020 жылғы 7 ай мерзімде елордалық азаматтық істерді қарауға мамандандырылған аудандық соттарда:
• медиация тәртібімен – 1259 іс;
• бітімгершілік келісімге келумен – 274 іс;
• партисипативті рәсіммен 2 іс қаралып, аяқталды.
Бұл ретте, татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталған істердің басым бөлігі шарттық міндеттемелерге (928 іс), неке және отбасылық қатынастар аясында (276 іс) және келтірілген залалды өтеуге (128 іс) қатысты дауларға тиесілі. Бұдан басқа, қалада өткен жылдан бері «Татуласу орталығы» жұмыс істейді. Орталықта елорда тұрғындары медиатор, адвокат және психологтың тегін қызметтеріне жүгіне алады. Мәселен, бірінші жартыжылдықта орталыққа медиативтік келісім жасау мәселесімен шамамен 1574 өтініш түскен, оның 575-і сотқа дейін реттелген. Орталықтың қолдауымен адвокаттар 282 азаматқа тегін заңгерлік кеңес берген, психологтың көмегіне 148 азамат жүгінген. Психолог сессиялары жеке және ерлі-зайыптыларға да арналып өткізіледі.
«Татуласу орталығының» медиаторлары сотқа дейінгі реттеу тәртібінде жалпы сомасы 161 миллион 165 мың 576 теңгені құрайтын даулар бойынша татуластыру рәсімдерін бекітті. Карантиннің енгізілуіне байланысты «Татуласу орталығында» азаматтардың ыңғайлылығы үшін медиаторлардың, психологтардың және адвокаттардың күнделікті тегін онлайн-кеңестері ұйымдастырылды.

Ботагөз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қалалық сотының
ақпараттық қамтамасыз
ету бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 13 =