«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тасқын судан сақтайды

0 189

Кешенді жоспарға сәйкес су тасқынын болдырмау жөнінде елорда аумағында биылғы көктемде су басуы ықтимал 27 учаске белгіленіп, олардың әрқайсысына қажетті материалдар мен қаржы көлемі анықталған. Су тасқынын алдын алу мақсатында қала әкімі Әсет Исекешев астаналық су реттегіште болып, жұмыс барысын бақылады.

 

Қала әкімі алдымен гидротехникалық құрылыстардың дайындығын қадағалап, «Астана» су қоймасының жағдайын өз көзімен көрді. Қар қорының көлемін білу мақсатында мониторинг жүргізу және алынған деректерді талдау туралы жұмыс режимінің жоспарлы кестесі бекітілген болатын. Әкім орынбасары Қосман Айтмұхаметов су қоймасының 14 нау­рыз­дағы жағдайы туралы баяндады. Оның мәліметінше, аталмыш су қойма­сының көлемі 283 млн шаршы метрді құрайды. Ал «Қазгидромет» РМК мен Астана қаласы ТЖД қызметкерлерінің болжа­уынша, тасқын судың көлемі 280 млн шаршы метрден аспайды деп күтілуде.
Астана қаласын Есіл өзеніне құйылатын қар суынан қорғау нысанында бөгендерді нығайту жұмыстары жүргізілген екен. Нәтижесінде кешен су қабылдауға және ағызуға толық дайын көрінеді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай ауданы мен Майбалық көлінен су ағызатын арнаның зерттелгенін айтады мамандар.
Қазіргі уақытта Майбалық көліндегі су көлемі шамамен 62 млн шаршы метрді, ал толық көлемі 80 млн шаршы метрді құрайды.
Жергілікті биліктің тапсырмасы бо­йынша Майбалық көлінен «Нұра–Есіл» арнасына бағытталған ұзындығы 5,4 шақырымды құрайтын арнаны тазалау жұмыстары аяқталыпты. Бұл учаске мол су өткізуге дайын көрінеді.
Газ аппаратурасы ауданындағы Есіл өзенінің арнасын кеңейту туралы мәселе де назардан тыс қалмады. Естеріңізге салсақ, өткен жылы Талапкер ауылына ағатын өзен бойындағы су басу қаупі жоғары учаскелер анықталған болатын.
Әкімнің тапсырмасымен «КЖБИ-56» және «Юбилейное» бағбанды қоғамдас­тық ауданындағы өзеннің ескі арнасына құм аралас тас төселген. Ол 50 таяу саяжай учаскелерін су басу қаупінен сақтамақ. Сонымен қатар, өзеннің арнасын кеңейту жұмыстары да жүргізілуде. «Кіші Талдыкөл» ауданына да ерекше назар аударылды. Қала әкімі Әсет Исекешев бастаған жұмыс тобы Үркер тұрғын алабына да ат басын тіреді. Кейбір бөгеттерді қалыпқа келтіріп, көктемгі су тасқынын алдын алу шараларын қадағалаған қала басшысы аудан әкімдеріне тұрғын үй алаптарынан қар шығаруды тез арада аяқтауды және кәріз жүйелерін қар суын қабылдауға дайындауды тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды