ТАСҚА БАСҚАН МҰРАҢ БАРДА МҰҢСЫЗСЫҢ

0 178

Әдебиетінің ұстыны фольклорға негізделген ұлттық сөз өнеріміз ауыздан ауызға көше-көше, көнедегі көп қазына кейінгіге көптеген өзгеріске түсе жетеді. Себебі сан-алуан. Айыр көмей, жез таңдайда туған жұмыр сөзің бөгде бір тіл мен жаққа көшкенде қаз-қалпында қайта тууы әсте мүмкін емес. Жетілдіріп, жеткізіп айтқанның жөні басқа. Айтушысы келіспей, керегі мен дерегі жұтап қалғаны қаншама! Бірақ, бәрінен де жерде қалғаннан жаманы жоқ. Ал, егер, мұқият мұра жинаушының қолына түсіп, қаз-қалпында тасқа басып таралса, онда төрт құбыламыздың бір керегесі бүтінделгені…

Бір жақсысы, ел ішіндегі жаттам­паздар шежіре тұнған өлең-жырдың жүздеген-мыңдаған жолдарын жадына түйіп, бүгінгі күнге мысқалдап болса да, жеткізді. «Осы әңгіменің екі нұсқасы бар еді, әттеген-ай, екі аузым болғанда сол екеуін қатар айтар едім» деген ерен айтқыштары бар елдің. Сөйте тұра, қара танитындарының қарасы аздау елдің «ай, қап!» деп, сан соққан кезі көп. Қарайғанның қайсыбірі қадым жа­зуды тұтына алмады. Білгендерінің бәрі бірдей естіген, тоқығандарын буып-түйіп, хаттап-шоттауға шорқақ. Қағазға қаріптеп түсіріп, жазып қойса, хат өшпес-ті, жаны аманат пенде баласы бір күні болмаса, бір күні бақиға аттанар-дүр. Ондайда «алтын сандықтың» қазынасы да, кілті де қол жетпеске кетті деп біліңіз. Осы орайда, халық ауыз әдебиетін жинақтап жүрген ғалымдар, тиісті ғылыми мекемелер мен жекеле­ген азаматтардың ұсынықтылығы баға жетпес сөз қазынасын сақтағаны деп санаймыз.

Анау заманға айналып бара жа­тыр, Абыл, Ақтан, Нұрым, Қалнияз, Аралбай, Қашаған, Есет, Шернияз, Мұрат, Ығылман, Айтуған, Өгізбай сынды жыршы, жыраулардың қазақтың әдебиеті мен руханиятындағы орны да, аты да бөлек. Өз жанынан шығарған өлең-жырларымен қатар, осынау зерделі көкірек иелерінің дені ел аузындағы һәм хат танитын-таны­майтын ақындардың өлең-жырын жаттап, таратқан. Жыршылар бірінен бірі үйреніп, біріне бірі айлап-жыл­дап ілесіп, ел аралап жүріп, естіген-білгенін көпке жайған. Мәселен, ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Мұрын жырау өзі ақын емес, бірақ естігенін жаттап, жазулы хаттай төгілтіп, ше­бер жырлай білген. «Қырымның қырық батырын» өткен ғасырдың орта тұсында Алматыға барған сапа­рында ай жатып, жаздыртып кеткен. Ғалымдар сол уақытта Айса, Шапай, Рахмет сияқты жыршы-жыраулардан да халық әдебиетінің үлгілерін алып қалды. Нұрпейіс, Жамбыл, Нартай, Төлеу, Қазанғап, және Омар, Иманжан ақындардан іліп қалғаны мен алып қалғаны әдеби-рухани қазынамызды еселеді. «Нарғыз», «Төрехан», «Қарасай-Қази» атты күрделі дастандарды Нартай мен Иса жырлап, жаздыртпаса, қайда қалғандай!? Міне, сондай-сондай құймақұлақтар мен зерделі көкіректер болмаса, қазақ әдебиеті ғылымында өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін XVIII—XIX ғасыр, XX ғасыр әдебиетінің тарихын зерттеп, жазу һәм сол заманда өмір кешкен ақындардың өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты дәйектер тым тапшы еді. Бұл деректерді жыршы-жаттампаздардың көмегімен жинап, жүйеге келтіріп, зерттеуге мүмкіндік туды. Соның игі әсерінен қазақ әдебиетінің тарихы түзілді.

1961 жылы тамыздың 3–5-і аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қазақстан Жазушылар одағы бірігіп Алматыда халық ақындарының республикалық мәслихатын өткізді. Қазақстанның әр облысынан шақырылған елу ақын-жыршының алды 80-нен асқан, ал, жас дегені алпыстың үстіне шыққан ақын-жыршының отыз үші қатысты. Үш күн бойы өткен жиында Мүсілім Базарбаев, Ғабит Мүсірепов және Әбділда Тәжібаев сөз сөйлеп, ауыз әдебиетінің артықшылығы мен оның жазба әдебиеті өкілдеріне үлгі-өнеге болғанын нақты мысалдар келтіре отырып, баяндады. Алыс-шалғайдағы ақын, жыршылар өлең-жыр ғана емес, халық тарихының бір жұрнағын таңдайына басып, ұртында сақтап жүргені айтылды.

«Халық ақын-жыршыларымыздың, әнші-өлеңшілеріміздің бізге келтірген пайдасы – қолымызда жоқ, жинал­май жатқан, тек совет дәуірінде ғана қағазға түсіріліп, зерттеле бастаған керекті әдеби нұсқаларды соңғы отыз жыл ішінде жинап беріп келеді»,– деп сөйлепті Ғабит Мүсірепов мәслихаттың қорытындысында.

Қазақ сөзінің һас шебері айтқан «совет дәуірінде қағазға түсіп, зерттеле бастады» деген сөзіне тоқтасақ, осынау игі шараға тек ғалымдар ғана емес, ел ішінде ұқыпты, тиянақты, атамұраға жанашыр адамдар да өз деңгейінде атсалысты. Осы орайда, қадымша хат таныған, көне сөздің білгірі, есімі Жезқазған, Ұлытау өңірінде кең танылған Жүрсінбек Сейілұлын айтып өткен ләзім. Ол 1915 жылы ескіше жыл санауымен барыс жылы, яғни наурыз айының бас кезінде қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қызыл Ту учаскесінде дүниеге келген. Жүрсінбек сегіз жасынан ауыл молдаларынан са­уат ашып, хат таныған. Елдегі төңкеріс, ашаршылық, қиын жағдай жастайынан ауыр жұмысқа жегілуге мәжбүр етеді. Он бес жасынан Стахановшылармен бірге Қарсақпай шахтасында жер қазды. Шахтада аяғынан ауыр зардап алып, Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек етті. Оқуға тек соғыс аяқталған соң ғана қолы жетті. Жүрсінбек 1947 жылдан бастап оқи жүріп, құлағына құйған халық мұрасын жинап, дәптерге жазуға кіріседі. Сол істі 1988 жылы дүниеден озғанша жалғастырады.

Жүрсінбек Сейілұлының балаларының қолында бүгінде 48 жеке қолжазба дәптері сақталыпты. Жоғалғаны, қолды болғаны да бар. Ұлы Шахмаранның қолындағы қолжазбалардың ішіндегі ең көнесі Ұлы Отан соғысынан кейін, 1947 жылы басталыпты. Соңғы дәптері 1988 – дүние салатын жылы жазылған. Осы­лайша, қырық жылдан астам үздіксіз ел аузынан, көне кітаптардан, өзгелердің қолжазбаларынан діни дастандар мен өлең-жырларды, шешендік сөздерді, ай­тыстарды, баталарды, мақал-мәтелдерді терген. Ол кісі жинаған мұралар ара­сынан халықтың мәдениеті, рухани мұрасы, өмір сүру тәсілі, діни нанымы, дүние туралы халықтың ұлттық таны­мын көруге болады. Ел аузында жүрген аңыз-әңгімелерді, қызықты хикаяларды өзі ғана жазып қоймай, Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына жіберіп тұрған.

… «Байлық – қолда еріген мұз, бала – артыңда қалған із», мұра жи­наушы өз балаларын имандылыққа тәрбиелегенінің пайдасын көрді. Үлкен ұлы Оразғали Сейілов бірнеше жыл бойына әкесінің араб қарпімен жазып, тізген өлең, қысса, дастан, толғауларды кирилл жазуына түсірумен айналыс-ты. Көздің майын тауысып, әр әрпін теріп, отырған Оразғалидың еңбегі далаға кеткен жоқ. Әкесі жинаған мұра «Тағылым тамшылары» деген атпен бір кітап болып оқырманның қолына тиді. Ж.Сейіловтың қолжазбасы негізінде жарық көрген осынау кітапты парақтап отырсаңыз, Жүрсінбек Сейілұлының жиған-терген дүниесінде діни-рухани шығармалар басым екенін бағамдайсыз. Кириллицаға түскен дүниелерді тиісті мамандар, атап айтқанда, шығыстанушы-арабист, дінтанушы, сирек кездесетін кітаптар мұражайының аға ғылыми қызметкері Өмір Тұяқбаев байыпты сараптаудан өткізіп, жинаққа қажетті тың материал-дар таңдап алды.

Кітаптың алғысөзінде Шахма­ран Сейілов «Менің әкеме көбінесе ауыл қарттары түте-түтесі шыққан көне кітаптарды әкеліп: «Шырағым Жүрсінбек, мына кітапты сен оқышы, сауатың бар ғой! Обал ғой! Біз бұның ішіңде не жазылғанын оқи алмаймыз, жатып-жатып ескіріп, шіріп кетеді. Обал ғой»,– деп өтінуші еді. Әкей кейбір кітаптардың мұқабасын өңдеп, иесінен кайтып «сақтаңдар, бұл алтын ғой» деп беріп жатушы еді. Кейбірін уақытша, көшіріп алуға, кейбіреуін өзіне қалдыратын» деп жазады.

Жүрсінбек ақсақал көбіне шаруа-дан қолы босаған кезде, кешқұрым уақытта жұмыс бөлмесінде отырып, қолжазбаларын оқитын. Ұнамды, тағылымды өлеңдерді, дастаннан үзінділерді балаларына дауыстап оқып беретін. Көңілі тасыған кезде үйге келген қонақтарға, ағайын-туысты, көрші-қолаңға да тыңдататын көрінеді. Жинақта сол уақыттағы Жүрсінбек ақсақалдың жиған-терген мұралары топтастырылды.

Ел аузынан, көне кітаптардан қайта көшірілген мұралар топтастырылған бұл кітап Жүрсінбек ақсақалдың ұлы Шахмаран Сейіловтың және ақын Кәкімбек Салықов пен акаде­мик Төрегелді Шармановтың һәм Астанадағы «Шейх Кунта» мешітінің бас имамы Яхия қажы Исмаиловтың алғысөздерімен ашылған.

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =