ТӘШЕНЕВ ҮНСІЗ ҚАЛҒАНДА…

0 131

НЕ БОЛАР ЕДІ?

Жумабек_Ахметович_Ташенев

Астана қаласының орталық балалар және жасөспірімдер кітап­ханасында өткен кездесуден кейін оқырман жастардың көкейіне осындай сауал ұялағаны анық. Басқосу ел арасында «кісендеулі жолбарыс» атанып кеткен бірегей тұлға, қазақтың қайраткер, батыр ұлы Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын.

Кітапхана ұжымы тау-тұлғаның болмысы мен сіңірген еңбегін жас­тардың, жалпы оқырман қауымның санасына сіңіру мақсатында арнайы кездесу өткізуді қолға алыпты. Оған Тәшеневтің көзін көрген азаматтар мен ол туралы зерттеп жүрген ғалым­дарды шақырып, естеліктер айтқызды.

Қызметін аудандық атқару ко­митетінің хатшысы, аудандық жер бөлімінің меңгерушісі лауазымынан бастап, Қазақ КСР-і Министр­лер Кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі төралқасының төрағасы дәрежесіне дейін жеткен Тәшеневтің билік биігіне көтерілуге қабілеті жеткілікті-ақ еді. Алайда, батыр Бауыржан Момышұлы айт­қандай, «қызба мінез» жалынды «жол­барыстың» кісенге түсуіне себеп болды.

Ол мінез – жай мінез емес. Ғабит Мүсіреповтей жазушыға: «Әр уа­қытта менің жүрегімнің төрі­нен орын алатын менің ер інім – Жұ­мабек» дегізген қайсар мінез. Еліне қадірін арттырған қайрат­керлік, намысқойлық. Ең бастысы, халқының мүддесі таразыға са­лын­­ғанда сат­қындық жасап, үнде­мей қалмай, тоталитаризм қол­шоқ­парларының қисынсыз әрекетіне қас­қайып қарсы тұруға алып барған батырлық, арлылық.

Арыстандай айбатты азаматты осындай мәртебеге жет­кізген іс-әрекеттерін кейінгі жеткіншектерге жеткізу үшін кітапхана ұжымы «Қазақ радиосының» Тәшенев туралы «Мен қазақпын» бағдарламасын үнтаспаға көшіріп, қосып қойыпты. Сондағы мәліметтерді Тәшеневтің елу жыл жұбы жазылмаған досы Төре Болатовтың ұлы – Еркетай аға, аталмыш  тұлғаны он үш жылдан бері зерттеп жүрген Ерекболат Қабылдин, аталас туысы Әлима Тәшенева өз естеліктерімен толықтырды…

Сонымен… Тәшенев не істеді?

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының 1958 жылғы 28 шілдедегі мәжілісінде «Қазақ әдебиеті» газетін жабу туралы мәселе қойылған. Қазақстандағы қазақ  тілінде шығатын барлық газеттерді жауып, аударма басылымдарға айналдыру жөнінде ұсыныс жасалып жатқан кез еді. Билікке, соққан дауылға қарсы тұруды білмейтін жағымпаздар жаппай жамырасып, бастаманы қолдап жатыпты. Тіпті, сол кезде «Социа­листік Қазақ­станның» қараша­ңырағын ұстап отырған Қ.Шәріпов өзінің «Казахстанская правда» газеті редак­торының орынбасары болып қалуға да қарсы еместігін білдіреді. Осы сәтте отырысқа қатысып отыр­ған Жұмекең: «Социалистік Қазақ­станды» ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не деп тұрсың өзің!»  деп зекіп тастайды. Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сырбай Мәуленов мінберге қарай көңілсіз көтеріліп бара жатқанда: «Тайсақтамай, батыл сөйле!» деп, дем береді… Қазақ газеттерінің ғана емес, қазақ тарихының да алдында әділетсіздік жасалғалы тұрған жиында Ж.Тәшенев ұлт тіліндегі басылымдарды жабудың негізсіздігін нақты мысалдармен дәлелдеп, сол жолы оларды жабылудан сақтап қалды.

«Креслоға туған жерiмнiң бiр пұшпағын да айырбастамаймын!» деп, өз ұстанымын білдірген ұлтжанды Тәшеневтің қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға қалай еңбек сіңіргені – аңызға айналған әңгіме. Оның бір мысалы, 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға бермей, жерге араша түсуінде еді. Екіншісі, 1960 жылғы жағдай. Бұл кезде солтүстіктегі бес облысты Тың өлкесі деп біріктіріп, Ресейге қосу әрекеті туындаған. Осы мәселе қаралған жиында да Қазақ КСР  Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев КОКП Орталық Комитетінің көсемі Хрущевке қарсы шығып, қазақ жерін бөлшектеу КСРО Конституциясына қайшы екенін алға тартады. Ата-бабасының жерін Ресейге беруге түбегейлі қарсы екенін де бүкпесіз айтады…

Міне, сол үшін де Тәшенев бас­шылық қызметтен аластатылды.
Сол үшін ол қуғындалды…

Әйтсе де, ер есімі ұмытылған жоқ. Астана және Шымкент қала­ларынан батыр атына көше берілді. Шымкенттіктер алға озып, қала төрінен Жұмабек Тәшеневке ес­керткіш тұрғызды…

Ендігі жерде тұғыры биік тұлға туралы айтып, Астана жастарымен, оқырмандармен кітапхана ұжы­мы­ның кездесу өткізу­дегі мақсаты да сол, Тәшеневке бәрі­міздің қарыздар екенімізді еске салу.

Нәзира БАЙЫРБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =