ТӘШЕНОВ АТЫ ТЕАТРҒА ЛАЙЫҚ ПА?

0 269

Жуырда Астана қалалық мәслихатының кезекті отырысында елордадағы ономастикалық атаулар талқыланды. Дәлірек айтқанда, көшелерге атау беру немесе оларды қайта атау, мектептер мен бірқатар мәдени ошақтарға тұлғаларымыздың атын беру мәселелері ортаға салынды.

zhastar-teatry

Көтерілген мәселелердің бірі Жұмабек Тәшеновтің есіміне қатысты болды. Қалалық ономастикалық комиссияға Жастар театрын осы мемлекет және қоғам қайраткерінің атына беру ұсынысы келіп түсіпті. Бұл жөнінде әлі нақты шешім шыққан жоқ. Қалалық мәслихаттың алдағы отырыстарында аталмыш мәселе әлі де қаралатын болады. Жұмабек Тәшенов ұлықтауға тұратын тұлға екені дау тудырмайды. Алайда оның аты театрға лайық па? Біз осы сұрақты өнерге жанашыр оқыр­мандарымызға қойдық.

12654696_607361966089014_5347910985203172390_nӨтен АХМЕТ, жазушы:
– Жұмабек Тәшенов – мемлекет қайраткері ретінде тым ауқымды тұлға. Театрды оған қомсынғаным емес, дегенмен әр нәрсенің де өз реті болады. Ол кісінің атында Астанамызда жыл өткен сайын көріктене түсетін үлкен көше бар. Жұмекеңнің қайраткерлік табиғатына ғылыми мекеме, әлде бірегей оқу орны лайығырақ болар ма еді деп ойлаймын.
Театрға мәдениет, өнер саласында айтарлықтай еңбек сіңірген, із қалдырған тұлғаның аты берілгені жөн сияқты. Негізі «Жастар театры» деген тіркес бұлдыр. «Жастар драма театры» десе, түсініктірек болатын шығар.

8444_1Толқын СҰЛТАНОВА, актриса:
– Жастар театрына қазақ өне­рінің жанашыры, қаншама театр, музей, филармониялардың ашылуына, өркен жаюына ұйыт­қы болған азамат Өзбекəлі Жəнібе­ковтің атын берсе деймін.
Өзім Торғай өңірінің қызы бол­ғандықтан, жасымнан Өзағаның осы облыстың өсіп-өркендеуіне қос­қан үлесі жайлы естіп өстім. Арқалық қаласындағы қазақ драма театрында жұмыс істеп жүргенімде де аға-апаларымыз ол кісінің даналығы мен парасаттылығын үнемі ауыздарынан тастамайтын.
Өлкелік мұражайдың ашылуына сүбелі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, саңлақ этнограф, қазақ мәдениетін зерттеуші Өзбекәлі Жәнібековтің есімі бұл күнде қазақ баласының қай-қайсысы үшін болсын құрметті. Ол – қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан өнертанушы, ғалым. Сонымен қатар, Қазақстанның түпкір-түпкірінен шыққан таланттарды жинап, үлкен сахнаға жолдама берген кісі. Сондықтан елордадағы Жастар театрына Ө.Жәнібековтей азаматтың атын берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

P.S. Жастар театры былтыр бұрынғы К.Байсейітова атындағы опера және балет театры ғимаратына көшкені белгілі. Соған сәйкес театрдан қазақтың бұлбұл әншісінің атауы алынды. Біздіңше, «Күләш Байсейітова атындағы Жастар театры» атауын берсек, әділеттілік қалпына келер еді. Күләш Байсейітова 24 жасында КСРО Халық әртісі атанғаны баршамызға аян. Оның үстіне қазақ театрының негізін қалаушы адамдардың бірі. Осы жақтарын бағамдасақ, оның аты Жастар театрына берілуіне өзінен-өзі сұранып тұрғандай.

Дайындаған: Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − nine =