«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тартымды тарту

0 195

ҚР Ұлттық музейінде «Таңғажайып Қытай. Аспанасты елінің тартымды орындары» атты фотокөрме ашылды. Көрмені Ұлттық музей мен еліміздегі ҚХР елшілігі бірлесіп ұйымдастырды. 

Фотокөрме осыған дейін ұйымдастырылған «Таңғажайып Қытай» көрмесінің жалғасы болып табылады. Бұл жолғы көрмеде Цзянсу провинциясының экономикалық және өндірістік қуаты, адами капиталы, ғылыми потенциалы мен бай тарихы көрсетілген.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин:
– Қазақстан мен Қытай арасындағы тамыры тереңде жатқан достық қарым-қатынас жыл санап нығайып келеді. Соның ішінде мәдени байланыстың алар орны ерекше. Елімізде өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында дәл осы Ұлттық музейде «Император Цинь Шихуандидің терракота әскері» көрмесі өтті. Әлем халқының қызығушылығын тудырып отырған ерекше экспонаттар қазақстандықтар мен ЭКСПО-ға келген шетелдік меймандардың назарына ұсынылды. 2017 жылдың қараша айында Ұлттық музей Гонконг қаласына көрмемен барды. Қазақстан, Қытай және Қырғызстанның алдыңғы қатарлы музейлерінен ерекше деген экспонаттар қойылған «Шексіз мильдер. Жібек Жолы бойындағы бүкіләлемдік мұра» көрмесі де көпшіліктің ықыласына бөленген болатын, – дей келе екі ел арасындағы мәдени байланыстың үздіксіз дамып келе жатқанын атап өтті.


Еліміздегі ҚХР Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй мырза да көрменің жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, музей басшылығына алғысын білдірді.
Қытайдың шығыс жағалауында орналасқан Цзянсу провинциясы Шанхай қаласы және Чжэцзян провинциясымен бірігіп Янцзы өзені сағасының қалалық агломерациясын құрайды. Әлемнің ең ірі қалалық агломерациясының үздік алтылығына кіреді. Цзянсу провинциясы тұрғындардың тұрмыс деңгейі бойынша Қытайдағы жетекші аймақтардың бірі болып саналады.
«Таңғажайып Қытай» фотокөрмесі Си Цзиньпин басқарып отырған Қытай елінің соңғы бес жыл ішіндегі тарихи жетістіктерін жан-жақты ашып көрсетеді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды