ТӘРТІПКЕ БАҒЫНУ – ЕРКІҢНЕН АЙЫРЫЛУ ЕМЕС

0 206

Еркіндікті кім сүймейді? «Қазақ күнде «үйт, бүйт» деп­­ тұр­­майтын төбе­­дегі жал­ғыз Құ­дай­ға ғана ба­ғы­на­­тын халық» деп, абыз тұл­­ға Әбіш Ке­­кілбаев жаз­ған­­­дай, біз де сол азат­­тыққа аң­сары артық қазақтың ба­ла­­­сы­­мыз. Бостандықты, еркіндікті сү­­йеміз. Ешкімнің келіп, әкі­­реңдеп, үстімізден қарап тұр­­ғанына көне алмаймыз. Төбемізден құс ұшырғы­мыз­ келмейді.

Алайда, «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп қаһарман қазақ Бауыржан Момышұлы айтқандай, қоғамдық тәртіпке көндігу – бәріміздің міндетіміз. Заңға, қалыптасқан тәртіп қағидаларына бой ұсына білу арға бағынғанмен бірдей. Әсіресе, заң талабы баршаға ортақ және ақылға сыйымды болғанда. Ал, арға бағыну адамның мәдениеті мен парасатына байланысты.

Әңгімені бұлайша аннан-мұннан орағытып бастап отырған себебіміз, еліміздегі жаяу жүргіншілер ережесін сақтамай, жағымсыз жақтан көрінген қалалардың алдында Астана тұр екен. Өткен айларда ҚР Ішкі істер министрінің өкілі Берік Бисенқұлов мәлімдегендей, бір ғана 2012 жылы жаяу жүргіншілерге арналған жол тәртібін бұзғаны үшін 128 мың әкімшілік жауапкершілік жүктелген, 6 рет қара жаяуды үш күнге абақтыға жабуға мәжбүрлік туған. Осының ішіндегі 20 тәртіп бұзушылық елордада орын алғанға ұқсайды.

Бұл – арнайы қадағалап, амалсыздан шара қолданған жағдайда тіркелген көрсеткіштер. Ал, әлдекім қатаң тәртіпті талап етіп жол бойында тұрмаған соң ережеге міз бақпастан жолды кесіп өте шығатынымыз қаншама!

Кейде жаяулар өтпесіне алты қадам қалғанда алға басу ауыр, өте салу оңайырақ болып көрінеді. Сөйтіп, өзіміздің өрістен қайтқан сиырлар секілді, жабайы күйге түсіп кеткенімізді де аңғармай қаламыз.

Елдегі жол-көлік оқиғаларының жартысына жуығы осылай тәртіп бұзған жаяу жүргіншілердің кесірінен болатынын ойлағымыз да келмейді. Шын мәнінде жол ережесі азаматтардың, адамның өзінің амандығы үшін қажет нәрсе емес пе? Орын алып жатқан көлік оқиғаларының арасында жан жарақатымен, тіпті, кісі өлімімен аяқталып жатқандар да аз емес қой!..

Зер салсақ, алғашқы бағдаршам 1868 жылы Лондонда орнатылған екен. Оны ағылшынның Найт атты инженері жасап шыққан. Әрине, қоғамдағы қатынас жолдарын реттеу, жолаушыларды тәртіпке шақыру мақсатында.

Ал қазір бір көшеде бағдаршам сөніп қалса, қандай көлік кептелісі орын алып, қанша адам қаншама шаруасынан қалатынын бәріміз жақсы білеміз ғой.

Жаяуларға арналған жол ережесін сақтау да соншалықты маңызды.

Ол, біріншіден, әркімнің аман-сау жүруінің алғышарты. Екіншіден, қаладағы тәртіп пен тыныштықтың сақталуына септігін тигізеді. Үшіншіден, ол – халық мәдениетінің көрсеткіші. Кез келген елдегі әлеуметтанушылар халық мәдени деңгейін анықтауда олардың қаншалықты тәртіпке бағынатынына назар аударады.

Ендеше, жаяу жүргіншілер ережесін қалай сақтағанымыз біздің қандай адам екенімізді көрсетеді.
Тәртіпке бағыну – еркіңнен айырылу емес.

Назира БАЙЫРБЕК,
n.bairbek@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × five =