ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ ТЕМІР ТҰЛПАР МІНДІ

0 161

DSC_0318

Кеше Астана қалалық Ішкі істер департаментінде орган басшыларының жеке құрамы және ардагер­лерінің қатысуымен Полиция күніне арналған мере­келік шара өтті.

Шара шымылдығын Астана қалалық ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров құттықтау сөзімен ашып, барша әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады. Ол полиция қызметінің жауап­кершілігі мен маңызына ерекше тоқталып өтті. Сонымен қатар, ардагерлер Кеңесінің төрағасы Есім Кәрібайұлы Танабергенов: «Сіздер өз қызметтеріңізді үлкен абыроймен атқарып, азаматтардың заңды құқығын қорғау мен елордамыздың тыныштығын сақтауға әрқашан сақадай сайсыздар» деп, кейінгі ізбасарларына жылы лебізін білдірді.

Бұл мереке дәстүрлі түрде ең үздіктерді марапаттау рәсімімен жалғасты. Олар медальдармен, ҚР Ішкі істер Министрінің мақтау қағаздарымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ, «Қазақ елі» монументі алаңында ішкі істер қызметкерлеріне су жаңа авто­көліктердің кілті табысталды. Осындай жақсылықтарға же­телеуші болып табылатын Астана қаласы әкімдігінің арқасында департамент материалдық-тех­никалық жағдайын жақсартып, игілігін көріп келеді. Қазіргі уақытта Астана қалалық ІІД жол-патрульдік полиция полкі­нің автопаркі отандық авто­көліктермен толыға түсуде.

Полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров: «Бұл жаңар­тулардың барлығы бас қала – Астанамыздың көркейе түсуі мен ондағы қоғам қауіпсіздігі
мен тыныштығын нығайтуға негіз боларына кәміл сенемін» деп, еріне қамқор болған ел мен елорданың болашағынан үлкен үміт күтетінін айтты.

Нұрислам Құспанғали

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − three =