Тәртіп бұзғаны үшін айыппұл төледі

0 110

Астана қаласында көшеге түкірген тұрғын жазаға тартылды. 

Оқиға 29 шілде күні күні болған. Астана қаласының 27 жастағы бір тұрғыны вокзал аумағындағы субұрқақтың маңайынан өтіп бара жатып түкіре салған. Жас әйелдің бұл қылығын ерсі көрген тұрғындардың бірі полицияға хабар береді. Бүгінде тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 14 847 теңге көлемінде айыппұл салынды. «Астанада қылмысқа жол жоқ. Тіптен ұсақ заң бұзушыларға да аяушылық жасалмайды. Темір жол вокзалы адам көп шоғырланатын орын ғана емес – елорданың қақпасы. Еліміздің бас шаһарына келген әрбір адамның алғашқы әсерлері осы жерден басталады. Тәртіп бұзушылыққа жол бермей, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында көпшілік орындарында теріс қылықтар көрсетіп, тәртіп бұзғандарды да назардан тыс қалдырмаймыз. Осы мақсатта елордада «нөлдік төзімділік» ұстанымын қалыптастыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр» дейді Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Әйгерім Сәдуақасова. Бұл ретте Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те бас қалада барлық құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» таныту қажеттілігін баса айтқан болатын.
Заң бұзушылық демекші, соңғы жылдары Астана қаласында қылмыстық ахуал жақсарып келеді. ІІД мамандарының мәліметіне сенсек, жан-жақты жүргізілген шаралардың нәтижесінде жеңіл қылмыстар азайып, алаяқтық көрсеткіші 3,7, бұзақылық – 46,9, сондай-ақ, көлікті айдап кету секілді жаман әдеттер 11,8 пайызға төмендеген.
Қылмыстың алдын алу және ашу процесінде де оң динамика байқалып, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір жақсарған. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойын­ша профилактикалық жұмыстарды күшейтудің нәтижесінде тәртіп сақшылары қылмыстардың азаюына біршама қол жеткізіп отыр. Яғни, тонау 47,2 пайызға, пәтер ұрлығы 4,8, бұзақылық 49,1 пайызға азайған.
«Ішкі істер органдарының қызметіндегі негізгі міндеттердің бірі нашақорлықпен күресу болып табылады. Осы бағытта бірқатар жұмыстар жүріп жатыр. Жыл басынан бері 154 есірткі қылмысы анықталып, заңсыз айналымнан 230 кг шамасында есірткі алынды. Оның 14 келіге жуығы – героин. Тағы 202 кг марихуана мен 14 келіден астам гашиш тәркіленді. Осы жылдың алты айы ішінде 11 «жеңгетай» қылмыстық жауапкершілікке тартылды» дейді Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 15 =