Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тәртіп бар жерде – тазалық бар

0 228

Қазіргі дүниеде барлық нәрсенің өз өлшемі бар. Соның ішінде жер жүзіндегі барша ірі қалаларды сан қырынан алып қарастырып, өзінің бағасы мен байыбын беріп тұру бағзы бір кездерден берік дәстүрге енген. Бұл тұрғыда айтылып отырған мегаполистердің қайсысының айрықша таза болып саналатыны, қайсысының лас елді мекендер санатына жататыны жылма-жыл, айма-ай тайға таңба басқандай етіп анықталып, жаһан жұртына жөпелдемеде жеткізіліп тұрады.

Мұндай анықтамалардың бәрі әлдеқандай бір қоғамдық ұйымдардың жүргізген мониторингтері арқылы түзіліп жатады. Біздің қолымызға солардың Mercer Human Resource Consulting деп аталатын беделді агенттіктерінің бірі биылғы сәуір айында жасаған рейтингісі түсіп қалды. Агенттік бұл тұрғыда әлемнің ең таза 10 топ-қаласын анықтамақшы болған екен, бірақ кестенің бас жағындағы көш бастаушы қалалар мен ондыққа енген соңғы шаһарлар арасындағы ұпай айырымы өте көп болғандықтан, лидер ретінде алдыңғы 8 полистің ғана аттарын атағанды жөн көріп тоқтапты.
Осы тұста табиғи ортаның сапалы болуын көздеген қалалар мен оның басшылары шаһарды қалыпты ұстап тұру мен жақсартуға ұдайы айтарлықтай қаржы мен күш-жігер бөлуге кірісті. Мұндай елді мекендерде қоршаған ортаны таза ұстауға тұрғындардың өздері кеңінен тартылды. Сондықтан олардың алды барлық экологиялық рейтингілерде биіктен орын алып, бірден топ басынан табыла бастады. Дегенмен, әлгінде айтылғандай, бұл тұрғыда өте жоғары деңгейге шарықтап шыққан шаһарлар тым көп болған жоқ. Оны осы жолғы соңғы мониторинг те көрсетіп берді. Топ бастаған негізінен Солтүстік Еуропа мемлекеттері қалалары мен қалғандары арасындағы балл айырма­шылығы өте көп болды.
Сонымен, көштің басына Норвегияның астанасы – Осло қаласы шықты. Ол көгалдандыру көр­сеткіші бойынша ең жоғары 10 балл деңгейінен табылса, агенттіктің экологиялық ахуалына орай берген бағасы бойынша 9 ұпай жинады. Бұдан әрі ауаның тазалығы жөнінен 8 балға ие болса, күл-қоқыстың қайта өңделуі жағынан 5 балл алды.

Осло тұрғындарының басым бөлігі қоғамдық көліктермен жүргенді қалайды. Себебі мұнда жеке машиналар қойылатын тұрақтардың бағасы өте қымбат, сондықтан жұрттың дені метанолмен жүретін автобустарға отырғанды дұрыс көреді. Қалада маршрутқа автобус қосқысы келетін әрбір кәсіпкерден ең алдымен оның экологиялық отынмен жүруі талап етіледі.

Ослоның өзі бір кездері өнеркәсіп орындары мен порттар көп болған солтүстік мүйістегі Осло-форд аумағына қоныс тепкен. Жылдар өте келе өндіріс ошақтарының бәрі біртіндеп алынып, бұл маңай адамдардың жаяу жүрулеріне арналған парк белдеулеріне айналып кетті. Екінші жағы, қаланың ай­наласын қарағайлы ну орман қоршап тұр. Бұл жерлерде құ­рылыс жүргізуге қатаң тыйым салынған. Тек осы ормандармен шектес шептерде үй тұрғызуға ғана рұқсат берілген.
Осло тұрғындары табиғат аясында тыныққанды жақсы көреді. Қалалықтар қысы-жазы таза ауада демалудың норвегтерге тән тәсілін қолданып, сыртқа бұлан етінен жасалған гамбургерлері мен сусындарын алып шығады. Бірақ еш жерде от жақпайды, ал әкелген заттарының қалдықтарын өздерімен бірге алып қайтады. Сондықтан табиғи ортаға ешқандай залал келтірілмейді.

Таза қалалар рейтингісінің екінші сатысы Бельгияның астанасы – Брюссельге бұйырса, үшінші орынға Финляндияның бас қаласы – Хельсинки орналасыпты. Бұдан он жыл ғана бұрын Брюссельдің билігі қаладағы Сенна өзені мен басқа да шағын өзектердің нормативтен бірнеше есеге асып, қатты ластанып кеткеніне алаңдап отырған екен. Сондықтан өзенге өндірістік қалдықтарын тастап отырған кәсіпорынға суды тазартатын су қондырғы орнатуды міндеттепті. Бұл үшін оның салығын ептеп азайтып берген. Содан кейінгі бес жылда бәрі қалпына келіпті. Қазір аталмыш өзеннің қалаішілік арнасында форель балығына дейін өсіріліп жатыр.
Ал индустриялық қала болып табылатын Хельсинки қашаннан қайнаған тіршілік құшағында тұрғанымен, көшелерінде жүрген көліктер санының өте аздығымен таң қалдырар еді. Статистика бойынша, мұндағы әрбір мың тұрғынға 390 автокөліктен келеді. Бұл Еуропа қалаларындағы ең төменгі көрсеткіш болып табылады. Сарапшылар мұны қалада велокөлік жолдары жүйе­сі мен велосипед пайдаланушы жұрттың көптігімен түсіндіреді.
Рейтингі тізімінің төртінші баспалдағында Швецияның орталығы Стокгольм тұрса, бесінші белесіне Данияның байтағы Копенгаген жайғасқан. Бұдан кейінгі үш орынды Швейцарияның Цюрих шаһары, Нидерландтың ордасы – Амстердам және Канаданың Торонто қаласы иемденген екен. Біз бұл аталған мегаполистердің алғашқы төртеуін өз көзімізбен көріп, ерсілі-қарсылы аралап шыққан едік. Сондықтан оларда тазалықтың шынында бірінші орынға қойылатынын байқап қайтқанбыз.
Әлемде қазір қаланы таза ұс­тау­дың жергілікті жағдайға байланысты қалыптасқан бірнеше тәсілі мен жолдары бар. Соның ішінде Германияның тәжірибесіне де көз жүгірте кеткеннің артықтығы болмас. Жұртшылықтың ұғымында, немістер – тазалықты айрықша жақсы көретін халықтардың бірі. Сол герман елінің цитаделі – Берлин қаласында бірнеше рет болып едік. Ондағы көше бойларындағы ерекше тазалық бізді де керемет сүйсіндірген. Мұнда қоқысты көшеге тастай салу үрдісі жоқ. Егер жазатайым оны арнайы жәшікке салмай, далада қалдыра салсаң, сол заматында жаныңа полиция қызметкері жетіп келіп, айыппұл салуы мүмкін.
Әлемнің бірде-бір қаласында, дәл осы Германиядағыдай күл-қоқысты түрі мен тұрқына қарай бөліп салу үрдісі жоқ. Оларда пластикалық ыдыстарды салатын қоқыс жәшіктері бөлек болса, биоқоқыс үшін қойылған қаңылтыр жәшік мүлдем басқа. Сол сияқты қағаз, шыны-әйнек, кәдімгі күл-қоқыс тасталатын қорапшалар бір-бірінен бөлек тұрады. Мұның кейін сол қоқыс­тарды қайтадан өңдеуден өткізу жұмыстарын жеңілдетуге де көп септігі бар екен.
Германияда жоғарыдағыдай қоқысқа арналған бес түрлі қапшықтан бөлек, батереялар мен тұрмыстық техникалар үшін қолданылатын айрықша ереже жұмыс жасайды. Бұл аталған заттарды жоғарыдағы бес жәшіктің бірде-біріне салуға болмайды. Олар үшін супермаркеттерде арнайы қорапшалар қойылған. Бұдан бөлек, жұмыс істеуден қалған тұрмыстық жабдықтар күл-қоқысты сүзгіден өткізетін арнайы кеңселерге апарып тапсырылады. Ал әлгіндегідей топ­қа бөлінген қоқыстарды қабылдап алатын жәшіктер тек тұрғын үйлердің жандарына ғана емес, сонымен қатар, көше бойлары мен көліктер аялдамаларының жандарына да қойылған.
Бұлардың қай-қайсысы да біздер үшін жаңалық болса керек.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды