Тарландардан тағылым түйген…

0 24

Осы сенбіде, яғни 14 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының ұйытқы болуымен Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіковтің «Сиқырлы таяқша құдіреті» атты концерті өтеді.Қазақтың кәсіби дирижерлік мектебі Ахмет Жұбановтан бастау алады. Содан кейін бұл мектепті Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілен­диев биікке көтерді. Жал­ғасбек Әмірханұлы – осы алыптардың дәстүрін жалғастырған талант. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқып жүргенде Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Алдаберген Мырзабеков секілді ұстаздарынан тәлім-тәрбие алды. Дирижерлік өнердің қыр-сырын үйренді. 1987 жылы Новосибирскідегі симфониялық дирижерлік тәжірибені профессор А.Кацтың класынан өтті. Осындай ұлағатты тарландардан тағылым түйген ол өзі де осы саланың майталманына айналды.
Тәуелсіздік алған жылдары Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қызмет істеп, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», ­С.Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоқты» және т.б. опера, балет қойылымдарында дирижерлік етті. Оның өмірдегі бір бақыты – атақты композитор, дарынды дирижер Нұрғиса Тілендиевпен жақын араласып, талантты тұлғамен қызметтес болғаны. Ғасырда сирек туар өнер иесінен өнеге алды. Қазір енді ардақты азамат өз қолымен құрған «Отырар сазы» оркестірінде дирижер етіп, ұстазының жолын жалғап жүр. Бірқатар республикалық дирижерлер байқауларының лауреаты атанды.
Сондай-ақ сазды кеш барысында Қазақ оркестрі және елордалық филармония әншілері мен солистері өнер көрсетеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − four =