ТАРЛАНБОЗ

0 197

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Дүкенбай Досжанның шығармашылығына арналған «Тарланбоз» және Сәуле Досжанның «Менің жалғыз сергім» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, көрнекті қаламгерге арнап кітапханада «Жазушы залы» ашылды.

Дүкенбай ағамыз қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірегейі саналады. Небары 15 жасында «Көкпар» деп аталатын классикалық әңгімесімен елді елең еткізіп, алдыңғы буын ағаларының батасын алды. Жиырма жасынан аса бере «Отырар» повесін жазып, тарихи шығармаға алғаш түрен салған жазушылардың бірі болды. «Жібек жолы» романы өз уақытында оқырмандардың ең көп оқыған кітабына айналды. Оның шығармалары әлемнің 20 тіліне аударылып, 3,7 миллион тиражбен жарық көрді.

Әдебиет зерттеушілері жазушы шығармаларын үш салаға бөледі. Біріншісі – көне ғасыр қойнауынан  ер түрік әруағын көтерген 60-шы жылдар басындағы тарихи кітаптары. Екіншісі – бодандық бұғау мен шенеуніктер шарпысуынан ұлттық рухын жоғалтып, мінез экологиясына ұшыраған өмірзая ұрпақтар образының галереясы. Үшіншісі – ғажайып адамдар ғұмырын көркем тілмен сөйлеткен романдары.

Игі шарада өмірде біртоға, артық сөзге жоқ қаламгердің еңбекқорлығы туралы естеліктер көп айтылды. Оның шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді.

Көрнекті қаламгердің артында қалған мұраларын қызғыштай қорғап, оқырмандарға жеткізуге жарғақ құлағы жастыққа тимей ізгілікті іс бітіріп жүрген жазушының жұбайы Сәуле Досжанның еңбегі өте зор. Кітапханадан ашылған «Жазушы» залы да әдемі көркемделген. Оған қаламгердің кітаптары, марапаттары, жазу үстелі мен шығармашылығында тұтынған заттары, естелік суреттері қойылған.

                                                                                                                                                                                                     Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − nine =