«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тарихы терең Торғай

0 1  868

Бабаларымыз қолға найза ұстап, арғымақ мініп, арындаған көне заманнан бері қарт Торғайдың тарихы күрмеуі көп, қилы оқиғаға толы. Халқымыздың басынан кешкен күрделі кезеңдер мен елдің рухани даму жолында үлкен рөл атқарған бұл өлкенің алатын орны бөлек. Биыл қазақ руханиятына жылы леп әкелген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазақстанның киелі картасы» жобасына Торғай өңірінен де бірқатар қасиетті жерлер мен ескерткіштер енді. Соның бірқатарын тарқатып көрейік.

Құпиясы мол геоглифтер

Иә, осыдан тура он жыл бұ­рын Торғай геоглифтері туралы жаңалық әп сәтте елімізді ғана емес, жаһанды дүр сілкіндірді. Оны білікті ғалымдар «әлемдік сенсация» деп жар салды. Расында, бұрын тарихымызда кездеспеген ол өзгеше құбылыс еді. Алғаш бұл аумақтағы геоглифтер Google бағдарламасының ғарыштық түсірілімінің көмегімен 2007 жылы табылды. 2007-2009 жылдары барлығы 10 геоглиф белгілі болды. Бүгінде Қостанай облысының аумағындағы геоглифтердің бірнеше түрлері бар. Олар: Үштоғай төрттағаны, Торғай свастикасы, Екі дің кресі, Ащытасты крестері және т.б. Археологтардың болжамдарына қарағанда, олардың жасы шамамен біздің жыл санауымыздан бұрынғы 2-10 мың жылды құрайды. Оның дәл жасын алғашқы артефактілік жәдігерлер табылғанда ғана анықтауға болады. 2007 және 2008 жылдары жазда Торғай археологиялық экспедициясы жоғарыда айтып өткен үш нысанға барлау жұмыстарын жүргізді. Үштоғай төрттағаны – Қостанай облысы Амангелді ауданының Үштоғай ауылының шығысында орналасқан, қиғаш сызықты белгісі бар, төрттаған айшығы тәрізді. Диаметрі – 10-12 м, биіктігі – 1 м, 101 үйіндісі бар айшықтан құрылған. Төрттаған қабырғаларының ұзындығы – 287 м, қиғаш сызықтың ұзындығы – 406 м. Ал Торғай свастикасы Амангелді ауданының іргесіндегі Үрпек ауылынан табылды. Геоглиф үш сәулелі свастика нысанында жасалған үйінді секілді. Әрбір сәуле ирек тәрізді пішінмен аяқталады, соңы сағат тіліне қарсы иілген.

 

 Ежелден жеткен екі дің

Екі дің – Арқалық қаласына қарасты Сарыторғай ауылдық округіндегі екі көне ескерткіш. Оны киіз үй тәріздес тастан қалап салған. Академик Әлкей Марғұлан атамыздың дерегі бойынша ескерткіш ежелгі темір дәуіріне жатқызылады. Бұл құрылыс нысаны сол кездегі қасиетті салттарды орындайтын орын деген болжам айтылған. Аты айтып тұрғандай, екі дің­нің біріншісі Қараторғай өзенінің оң жағалауынан 1,5 шақырым жерде орналасқан. Қорған үйіндісі тастан қаланған. Қорған үйіндісінің диаметрі – 15 м-ге тең, биіктігі – 0,7 м. Қорған айналасының ені – 5 м, тереңдігі 0,3 м орлар бар. Екінші дің сол аумақтан алыс емес, қырлы жерде орналасқан, алыстан көрініп тұрады. Құрылысы киіз үй тәріздес. Өткен ғасырдың 80-жылдары жергілікті жұрт өз қалтасынан қаржы жи­нап, ескерткішке жөндеу жүргізген.

 Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа 

Біз сөз еткен Екі дің тұрған жер – ержүрек Төлек Жәуке ба­тырдың атақонысы. Батырдың кесенесі де еліміздің киелі орындарына кіріпті. Бабамыз 1822 жылы туып, 1904 жылы Сарыторғай өзенінің бойындағы атамекені – Ақшы­ғанақта қай­тыс болады. Ол – Ресей империясының отаршылдық саясаты мен озбырлығына қарсы күрескен қаһарман. 1838 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесарының көтерілісіне қосылып, Ақмола бекінісін басып алуда ерекше көзге түсіп, Жәуке батырдың сарбаздары бекініске алғашқылардың бірі болып кірген. Кейіннен Ақтау, Ор бекіністерін басып алуда да көзсіз ерлік көрсеткен. 1842 жылы Иман мен Жәуке батырлардың табандылығы мен сенімділігі арқасында Кенесары Қасымұлы Торғайды қыстап шығады. Кейіннен Кенесары ханның ордасы осы жерге көшіріледі. Жәуке батыр Кенесарының сенімді серіктерінің бірі болған. Халық қамын ойлаған батыр қара қылды қақ жарған әділдігімен, ақыл-парасатымен де ел құрметіне бөленген. 1994 жылы батырдың елі мен ұрпақтары бабамыздың 175 жылдығын атап өтіп, Ақшығанақтағы бейітінің басына жаңадан кесене тұрғызды.

 Жігіттің сұлтаны еді-ау Әбдіғапар

Дәл осылай құранқари ақын Файзолла Сатыбалдыұлы «Әбдіғaпар хан» атты тол­ғауында жырлапты. Казақ­станның киелі орындар картасына еніп отырған Әбдіғапар ханның кесенесі Арқалыққа қарайтын Қараторғай ауылдық окруігіндегі Көртоғай елді мекенінде орналасқан. Атамыз 1870 жылы бұрынғы Торғай уезі Қараторғай болысында өмірге келген. Ұлы атасы Нияз би Абылай ханның бас билерінің бірі болған. Әбдіғапар – жасынан ағаштан ою ойып, суармалы егіншілікпен айналысқан, ақыл-парасатымен ел ағасы атанған кісі. Ол – 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің ұйымдастырушыларының бірі. Сол дауылды жылы Жалдама өзенінің бойында 13 болыс елдің өкілдері жиналып, құрылтай өткізеді. Сонда жұрт Әбдіғапарды хан көтеріп, атақты Иман батырдың немересі Амангелдіні бас сардар етіп сайлады. Әмір атамыз ел билігін соғыс жағдайына бейімделген дала демократиясы негізінде қайта құрған. Ол өзін хан деп атамай, әмір деп есептеген. Әдіғапар атамыздың өмірі өте күрделі. 1919 жылы 21 қарашада Зәуре қопасында қызылдардың қолынан қаза табады. Туыстары сүйегін өзінің атамекені Көртоғайға әкеліп жерлейді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін атамыздың есімі толық ақталып, басына ақ мәрмәр күмбез орнатылды.

Халқы үшін мерт болған қайран Кейкі

Биылғы еліміз үшін болған үлкен оқиғалардың бірі деп 1916 жылғы Торғайдағы ұлт­­-азаттық көтерілістің қаһармандарының бірі, құралайды көзге атқан мерген Кейкі Көкембайұлының бір ғасырға жуық жат жерде сақталып келген бас сүйегі елге оралғандығын айтуға болады. Әйгілі жаужүрек батыр Амангелді Иманов пен Әбдіғапар ханның жорықтағы серігі болды. Өзінің бірге жүрген үзеңгілестерінің тосын өлімінен кейін мерген кеңес өкіметіне қарсы шығады. Ақыры, 1923 жылы көктемде оны қызыл отрядтың жандайшаптары әйелімен бірге азаптап өлтіреді. Қанды жендеттер батырдың басын кесіп алып, Торғайдың орталық алаңына іліп қояды. Содан кейін оны заттай дәлел ретінде Орынборға жіберді. Кейіннен оны Санкт-Петерборға алып кеткен.
Батырдың бас сүйегі осы қыркүйек айында Амангелді ауданының Тасты ауылының қырындағы Жалдама-Арқалық тас жолының маңынан са­лынған, биіктігі 15 метрді құра­ған зәулім кесенеге жер­ленді. Айтулы шараға ҚР Мем­лекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бастаған лауазымды тұлғалар қатысты. Кейкі батырдың кесенесі де «Киелі Қазақстан» жобасына кірді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды