«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тарихы бай Ақмола электрстансасы

0 72

Елорданың электр саласының да өзіндік тарихы бар. Ақмола қаласын қуаттандыру сексенінші жылдың ортасынан бастап толық қуатында жүргізіле бастады. Өткен жылы «Аймақтық электржелісі компаниясы» АҚ өзінің қырық бір жылдығын атап өтті.

Электрстанса

Ақмоланы электрлендірудің бастамасы өткен ғасырдың жиыр­масыншы жылының аяғында Абай даңғылының батыс бөлігінен басталды (1920 жылға дейін ол Церковная көшесі, 1991 жылға дейін Ленин даңғылы деп аталды). Осы даңғылдың бойында қазіргі №27 үйдің жанында бұрын кірпіштен салынған шағын ғана дүкен тұрды. Кейін сол дүкен басқа жерге көшіріліп, 1928 жылы осы үйге қуаты 18 кВт іштен жанатын динамо-машина орнатылды. Міне, осы тұңғыш қуат беруші орталық Ақмола мемлекеттік электр стансасы болып тарихта қалды. Мұнда жұмыс бір ауысымда жүрді. Алайда кешқұрым ауылдың жастары жиналып, электр стансаның жұмысын қызықтайтын. Оларға дизель қозғалтқыштың шыр айналғаны, динамо-машинаның гуілі, бәрі-бәрі таңсық болатын.

 Қуат беруші желінің жалпы ұзындығы 8 км болды. Электр қуаты тек ғана мемлекеттік мекемелер үшін берілді. Ақмола қаласында электр қуатының жетіспеушілігі қатты сезілгесін 1932 жылы 7 қаңтарда қалалық кеңес мекемеге тек 60 вт-тан, ал жеке үйлерге 30 вт-тан артық жарық шамдарын пайдалануға тыйым салды.

Су жылытуға, тамақ пісіруге, тағы басқа нәрселерге электр қуатын пайдаланушылар өте қатаң жазаланатын болды.

ERA_5227

Тек 1940 жылы ғана қуаты жоғары генераторларға ие болғаннан кейін (қуаты 60 квт-тан жоғары) Ақмола қалалық электр стансасы Отырар көшесіндегі 41 үйге (Бұрынғы – Орджоникидзе көшесі) көшті.

1948 жылдың қысында Людиновск зауытының 150 квт генераторын сатып алғаннан кейін жұмысқа локомобиль ЛМ-7 қосылды.

Ал 1950 жылы қалалық электрстансаның қуаты одан да күшейтіліп, қалалық электр желісі болып қайта құрылды. Алғашқы директоры болып –   И.В.Ильченко, бас инженері болып – ­Б.С.Сизухин тағайындалды.                1980 жылдың 6 тамызында Ақмола қалалық аудандық электр желілері кәсіпорны – «Қалалық электр желісі» құрылды. Ал 2010 жылы кәсіпорын компания мәртебесіне ие болып, аймақтық деңгейде қызмет көрсететін «Астана – Аймақтық электржелісі компаниясы» АҚ деп аталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды