©2020 Астана Ақшамы
ТАРИХТЫҢ ТАМАША БЕТТЕРІ
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік беделі мен еліміздің жасампаз бағдарламасы арқасында Астана қаласында 2017 жылы өтетін халықаралық көрмені өткізу мәртебесіне иеленуі бәрімізді қатты қуантты. Қоғамның белсенді мүшелері мұғалімдер үшін 2017 ерекше жыл болатыны белгілі.
Бүгінгі 5-сынып оқушылары 2017 жылы ерікті волонтерлер болып, елімізді танытуға ересектермен бірге ат салысады деп үміттенемін. Қоғамда зор серпіліс пен дәуіріміздің тағы бір тамаша тарихи беттері ашылмақ.
Мен тәуелсіздіктің алғашқы жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен Алматы қаласында өткен «Қарқара – 93» атты халықаралық көрмеде кездескенімді есіме алдым. Әсем қала Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Атакент» көрме павильондарында енді ғана азаттығын алған елімізге жүздеген елдер өздерінің ең жаңа өнімдерін әкелді. Сол жылы мен Германия мемлекеті Гете институтының шет елдерде неміс тілінен сабақ беретін мұғалімдеріне арналған оқу грантын жеңіп алып, неміс елімен танысып келген шағым еді. Істеріне тиянақты, тәртіпті, жаңашыл елдің жобасында менің құжаттарым сақталып қалған екен. Халықаралық көрме алдында Германиядан телефон соғып, менің Қазақстанның оңтүстік астанасы Алматыда өтетін көрмеде аудармашы болуыма ұсыныс жасалынды. Мен келісімімді бердім. Бірақ жүрегімде аздаған қорқыныш болғаны рас. 1 аптаға созылған көрмеге ерекше дайындық болды. Германия елінен келген алдыңғы қатарлы бизнес өкілдері үшін немісше, орысша және қазақша таза сөйлейтін ел азаматтары болғанын қалаған олар маған өз өнімдері туралы деректер беріп, дайындалуды тапсырды.
Халықаралық «Қарқара – 93» көрмесінің ең жауапты күні көрменің ашылуы мен оған Елбасының қатысып, аралап көруі болатын. Мен бұл сәтті ешқашан ұмытпаймын. Таңертеңгі сағат 10 мен 11 арасында Елбасы көрмеге келді. Жанындағы өкімет басындағы көмекшілері мен іскер қауым қошеметпен қарсы алды. Нұрсұлтан Әбішұлы Германия елінен келген қонақтардың өнімдерін түгелдей асықпай аралап көрді. Әрқайсысына сұрақтар қойды. Мен қазақшадан немісшеге, немісшеден орысшаға аударма жасап, қызмет еттім. Донауверт қаласынан келген Т.Демирель атты мырзаның фирмасы мен өнімдерін қарап болған соң:
– Сіздің Түркия президенті С.Демирель мырзаға қандай қатысыңыз бар? Ол кісіде сіздің жасыңыздағы баласы жоқ еді ғой? – деп сұрақ қойды. Германияда 40 жылдан астам уақыт тұратын Демирель, өзінің алыс ағайындас туыс екенін, өзі Германия мемлекетін соғыстан кейін көтеруге кеткен түрік ұлтының өкілі екенін айтты. Неміс елінен келген іскерлер мен бизнес өкілдері Н.Назарбаевтың неміс елі павильондарын аралап, сөйлескендеріне риза болып, көптеген суреттерге түсірді. Сол кездің бір дана суретін мен отбасылық мұрағатымда сақтап келемін. Елімізді әлемге танытумен қатар Елбасымыз жастар мен халқымыздың болашағына жасаған жаңа бір зор қадамы екенін көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен жасау керектігіне қалайша мақтанбайсың? Елімізге, халқымызға бейбітшілік тілей отырып, осы шараға әрқайсысымыз атсалысуымыз керек- ақ деп ойлаймын.
Мағрифа СЕЙТБАТТАЛОВА