©2020 Астана Ақшамы
Әзербайжан Республикасының президенті болған әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің бірі, марқұм Гейдар Әлиевті халқымыз жақсы біледі. Көрнекті қайраткер көзі тірісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жақын сыйласыпты. Оны бізге мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов айтып берді. Ендеше Жәнібек ағаны тыңдайық.
– 1998 жылы Гейдар Әлиев жетпіс бес жасқа толып, Елбасы атынан қазақстандық делегацияны бастап бардым. Салтанатты шараға Өзбекстан, Тәжікстан, Украина елдерінің президенттері мен
Ресейден Виктор Черномырдин келді. Гейдар Әлиев біздің делегацияны жылы шыраймен қабылдап, ешқандай қағазға қарамай қырық минут сөйлесті. Бұған мен таңғалып отырдым. Кездесуде екі мемлекет арасындағы достық, сауда және экономикалық қарым-қатынастар туралы әңгімеледі. «Каспий теңізі бізді бөлмейді, қайта қосады» дей келіп, Қазақстанның теңізді бөлуге байланысты олардың айтқан пікірін қолдағанымызға алғысын жеткізді. Біздің елімізге деген ықыласы да керемет. Тарихты да жақсы біледі. Әзербайжанда «Қазақ» деген аймақ бар екен. Соның тарихын айтып берді. X ғасырда түрік-қыпшақтар мен әзербайжандар татар-моңғолдарға қарсы бірге соғысыпты. «Қазақ» деген атау содан қалған дейді. Мерейтой жоғары деңгейде өтті. Қазақы жолмен Әзербайжан басшысына шапан жаптым. Ол кісі оған риза болып, қазақ халқына сәлемін жолдады, – деп сөзін қорытқан Жәнібек аға Гейдар Әлиевті тарихта өз орнын мәңгіге қашап қалдырған тұлғалардың бір деп бағалады.