ТАРИХШЫЛАР АЛДЫНДА ТАЛАЙ ЖҰМЫС ТҰР

0 88

 Тарихи-гуманитарлық ғылымдарды стратегиялық дамытудың басымдықтары қандай? Тарихи білім берудің басты мақсаттары нендей? Жаңа қазақстандық патриотизмді қалай қалыптастырамыз? Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен ұлттық тарихты зерделеу тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында осы мәселелер ортаға салынды. 

Басқосу барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасы авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ғаділбек Шалахметов, «Еуразия» гуманитарлық ғылыми зерттеу орта­лы­ғының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов, «Мемориалдық аймақ» іздестіру жасағының негізін қалаушы Май­дан Құсайынов жур­на­листердің сұрақтарына жауап берді.

Қазіргі таңда Отан та­рихшыларының алдында қыруар жұмыс тұр. Оның бірсыпырасы жөнінде осы кездесу барысында айтылды. Ерлан Бәтташұлының айтуынша, Сақ дәуірі толық зерттеліп біткен жоқ. Біздің дәуіріміздің ІІІ-V ғасырларында Еуропаның тіршілігіне үлкен әсерін тигізген бабаларымыз – Ғұндар тарихын зерттеуде де аса зерделілік қажет. ХІ-ХV ғасырлардағы Қыпшақ хандары мен сұлтандарының, қолбасшыларының та­рихтағы орны үс­тірт зерттелген. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы Қазақ хандығында да ақтаң­дақ­тар жеткілікті. Өткен жүзжылдықтың отызыншы жылдарындағы Қазақстандағы аштықтың туындауын да түбегейлі зерттеу керек. Ұлы Отан соғысындағы қазақ­стан­дық әскери бөлім­ше­лер­дің көрсеткен ерлігіне де толықтай назар аударыл­май келеді. Тәуелсіз Қа­зақстанның шынайы та­рихын жазу да кезек күттірмейтін мәселе.

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Қазақстан та­рих­шыларының ұлттық конгресі» бірлестігі құ­рылған. Осы ұйым бүгіндері тарих мәселесі бойынша бірқатар жұмыстарды қолға алып жатыр. Атап айтсақ, осы оқу ордасы жанынан қыркүйек айында алыс және жақын шетелдегі жиырма бес елге таралатын тарихи «MANGI EL» журналы жарық көреді. Сондай-ақ, биыл аталмыш университетте тарих факультеті де ашылады.

Осы жылы еліміздің жоғары оқу орындарының тарих факультеттеріне түсушілерге 70-тей мем­лекеттік грант бөлінген. Келесі жылы бөлінетін грант саны едәуір өсе түседі деп жоспарлануда. Бүгінгі күндері Қытай, Өзбекстан, Ресей, Авс­трия, АҚШ, Ұлыбры­та­ния, Араб және тағы басқа елде, бас-аяғы 20 шақты мемлекетте тарихшыларымыз жүр. Олар сол мемлекеттер мұрағаттарынан елімізге қатысты деректерді жинауда.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =