Тарихпен қауыштырған қаламгер

0 28

Қаладағы №5 Балалар кітапханасында көрнекті жазушы Ілияс Есенберлинге арналған «Қазақты тарихымен қауыштырған қаламгер» атты әдеби-танымдық кеш өтті.Кешке белгілі зиялы қауым өкілдері қатысып, қабырғалы қаламгердің өнегелі өмірі мен қайраткерлігі жайында естеліктер айтылды.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының игері, сатирик Көпен Әмірбек Алматыда жүргенде суреткерді көзімен көріп, қандай зиялы тұлға болғандығын әңгімеледі. Білім беру ісінің үздігі, өлкетанушы Оспан Сүлейменов жас күнінен Есенберлиннің тарихымызды тереңінен толғаған романдарын құныға оқып, ұлттық рухтың қалыптасуына әсер еткендігін жеткізді.
– Ілияс ағамыз – Атбасар қаласында туған. Содан ол кісіні жасымнан жақын тұтып, шығармаларын ұнатып оқыдым. Әсіресе, «Қаһар», «Алмас қылыш» романдары мен «Алтын Орда», «Көшпенділер» трилогиясы қазақ әдебиетінің қазынасы қосылған сүбелі дүниелер деп есептеймін. Бұл туындылардан ата-бабаларымыз үлкен империя құрып, іргелі ел болғандығын көріп, сүйсінесіз. Жазушы осы кітаптары арқылы халқымызды тарихымен қауыштырды, – деді ол. Ақын Есенгелді Сүйінов көрнекті сөз зергерінің творчествосы туралы сөйледі.
Сонымен бірге Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, республикалық байқаулардың жеңімпазы, жыршы Есхат Нұрәли «Кенесары-­Наурызбай» дастанынан үзінді орындаса, №52 орта мектептің оқушылары қаламгердің өлеңдерін жатқа оқыды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × one =