Тарихи тақырыптарды кімге тапсырамыз?

0 72

Биыл әдебиет пен кино өнерін, қаламгерлік пен кинорежиссерлікті ұштастырған жазушы, кино­сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сатыбалды Нарымбетов мерейлі 75 жасқа толды.«Әр фильмімнің арасында төрт-бес жылым өтіп жатыр. «Мұстафа Шоқайдан» соң жеті жылдан кейін «Аманат» түсірілді. Күттім мен, ақша қашан береді деп күттім… Менің Мәскеуде бірге оқыған бір курстасым өзінің 33 фильмін түсіріп, қазір 34-фильмін қолға алып отыр. Ал мен жеті-ақ фильм түсірдім. Қалай? Не үшін? Ол менің жалқаулығымнан ғана емес. Біздікі – күтумен өткен өмір» деген еді осыдан төрт жыл бұрын газетімізге берген сұхбатында кинорежиссер.
Нақты өмірде болған тұлғалардың өмірін экранға шығару сынды әлемде бар үрдіс қазақ кино өнерінде кейінгі жылдары қайта қолға алынып жатыр. Рас, кеңес заманында «Амангелді», «Абай әндері», «Шоқан Уәлиханов» сынды фильмдер түсірілді. Алайда тәуелсіздік алған жылдарымыздан бері қарай бұл жағынан олқылық сезіліп тұратын. Сол олқылықтың орнын Досхан Жолжақсынов пен Сатыбалды Нарымбетов толтыруда. «Біржан сал» фильмін тамашалаған көрермен аталмыш туындыға жоғарғы бағасын берді. «Құнанбай» туындысына да халықтың ықыласы зор.
Сатыбалды Нарымбетовтің «Мұстафа Шоқай» фильміне айтылған сын көп болды. Әсіресе, бас кейіпкердің рөліне таңдалған Әзиз Бейшеналиевтің ойынына көпшіліктің көңілі толмады. «Режиссер Мұстафаны жасық қылып жіберген» деген мін де тағылды. «Аманат» фильмі соның бәрін жуып-шайғандай болды.
Мемлекет Сатыбалды Нарымбетов сияқты жүрегі қазақ деп соғатын кинорежиссерлерге ұлт тарихымен ажырағысыз тұлғалар тағдыры туралы фильмдерді түсіруге тапсырыс беруі қажет. Мұндай кинотуындыларға аз қаржы кетпейді. Сатыбалды аға секілді ұлтжанды адам қолға алса, бұл қаржы далаға кетпейтініне сенімдімін.
«Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті.
Бүгінде әлемдік кино­индустрия­да тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильм­дерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн.
Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.
Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс» деп жазды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында. Міне, осы істе Сатыбалды Нарымбетов сияқты талантты кинорежиссерлерді пайдалану керек.
Сатыбалды ағаның тәжірибесі де мол. Бұған дәлел – «Мұстафа Шоқай», «Аманат» фильмдері. Жанына көмекші ретінде жас режиссерді қойып қойса, Сатыбалды ағадан үйреніп, болашақта ісін жалғастырады деп ойлаймын.
Көрнекті кинорежиссердің өзі де бос отырған жоқ. Қазақ тарихына тікелей қатысы бар Адольф Янушкевич туралы көркем туынды түсірді. Сол фильм қашан көрсетіледі деп күтіп жүрмін. Бұйырса, оны да көрерміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + eighteen =