Тарихи тағылымды түйіндеді

Талғатбек ӘМИНОВ, профессор

0 204

Мемлекет басшысының мақаласы халқымыздың тарихи санасын қалыптастырып, одан әрі дамытуға үлкен әсер ететін, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа тұжырымдармен түбегейлі толықтыратын өте маңызды туынды болып табылады. Онда еліміздің тарихын қазіргі талаптарға сай қайта жазу туралы айтылған. Мемлекет басшысының ұйғаруынша, тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. «Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет» дейді Президент.
Енді осы талапты нақты орындау үшін, біздің ойымызша, жаңа комиссия мен жұмыс топтары құрылуға тиіс. Бұл жұмысқа біздің институттың басшылары мен белгілі тарихшы ғалымдары да қатысса жақсы болар еді.
Мемлекет басшысы мақаласында кезінде Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашқаны туралы айтады. Институтымыздың ғалымдары сол бағдарлама бойынша және соңғы жылдары жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отандық тарих ғылымын тың серпінмен дамыту мақсатында түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізді. Бұрын беймәлім болған қаншама тарихи деректер табылып, әсіресе қазіргі заманғы тарихымызды айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Енді осы зерттеу нәтижелері, Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біздің институтымыздың аясында ғана қалып қоймай, көпшілікке жеткізу үшін жаңа монографиялар мен оқулықтар шығару жұмысын қарқынды түрде жүргізуіміз керек. Әрине, бұл үшін жоғарғы билік сатылары тарапынан қажетті қаржы бөлінуі тиіс. Қаржының тапшылығынан, өкінішке қарай, 2018-2019 жылдары Елбасының стратегиялық бастамаларын орындау бойынша жүргізілген іргелі ғылыми ізденістер жобасы аясында әзірленген 800 беттен астам архив құжаттары арнайы жинақ ретінде әлі жарыққа шықпай тұр.
Мемлекет басшысы мақаласында биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толуына байланысты осы мерзім ішінде қолымыз жеткен жетістіктерімізге жан-жақты сипаттама бере отырып, былай деді: «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс».
Қазақтар өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 200-ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққан екен. Соның ең соңғысы – тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандауға арналған қазақ жастарының Желтоқсан қозғалысына да, міне, 35 жыл толғалы отыр. Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда сақталатын болады.
Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында әрқашан басымызды иіп, тағзым етуге тиіспіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − 6 =