Тарихи киноға табиғи келбет керек

0 80

2019 жылы жалпыұлттық кинопрокатқа шыққан Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі жаққан жұлдыздардың бірі – жас әнші, актриса Салтанат Серкебаева. Бұрын-соңды кино әлеміне бейтаныс жаңа есім Томирис образына келбетінің келуі мен табиғи сұлулығы және бойындағы талантының арқасында рөлге алынып, премьерадан кейінгі таңда танымал болып оянды.

Ұлы даланың аты аңызға айналған ханшайымы Тұмардың нәзік жан бола тұра, ер мінезі мен ұрыс қимылдарын еркін меңгергендігін көрсете бастайтын 15 жастағы жасөспірім шағын сомдаған Салтанат тарихи киноға кастинг өткізілгелі жатқанын 2017 жылы Instagram арқылы біледі. Сол жылы сәуір айында Еуразия ұлттық университетінде оқып жүргенде дос­тары кастинг туралы постерлерді жіберіп, қатысып көруге ұсыныс тастайды. Кастинг елордада «Жастар» театрында өте ауқымды болып өтті. Таңғы 8-ден кешке дейін созылған сынаққа көп адам келіп қатысты. Жалпы кастинг 4 кезеңге бөлініп өткізілді. Елордада болған бірінші кезеңінде үміткерлердің органикасы, яғни әртүрлі эмоцияларды көрсете алу қабілеті тексерілді. Қуаныш, қайғы, ыза, мұң, махаббат, жылау, т. б. эмоцияны көрсетуге тапсырмалар берілді. Соның бәрі фото, видеоға түсірілді. Алматыда өткен екінші кезеңінде үлкен Томиристі бекітіп болғаннан кейін жас Томирис­ке кезек келді. Соңында қалған екі үміткерден кастинг ұйымдастырушылар Салтанатты таңдап алды. Оған студент қыздың сұлулығымен қоса шашының ұзындығы және қасының жұлынбағандығы, боялмағандығы пайдасын тигізді.
Сақ патшайымы Тұмардың 15 жасар кезін 20 жасар Салтанат ойнады. Бұл – бала кезінен ержүрек Сақ ханшайымының жастық жігері жалындап, әкесі мен тайпасын азғындықпен өлтірген жауларынан кек алуды көксей бастаған кезі. Осындай тарихи кейіпкердің бейнесін дөп басып көрсету де оңай емес. Бірақ бұл жағынан келгенде бала кезінен экстремалды ойындарды жақсы көріп, мектепте әскери-патриоттық шараларға қатысып өскен кейіпкеріміз аса қорқа қоймапты. 8-сыныптан бастап автоматты шашып, қайта жинауды үйренгені тағы бар. Жасынан тәуекелшіл қыз туған қаласы Сәтбаевта мектеп қабырғасында 9-сыныпта жүрген кезде «ОК бағдарламасы» деген сериалға алғаш рет қатысып, өз бағын актриса ретінде сынап көреді. Ол қысқаметражды сериал болатын. Ал «Томирис» сияқты киноға түсуді армандаған да емес. Тек қазір оған түскеннен кейін көптеген жаңа армандар пайда болып жатыр.
«Фильмде Бурабайдағы ормандар арасында басталатын трюктердің бәрін өзім жасадым. Әрине, бұған «Номад каскадерлер клубы» көмектесті, олар бізді Алматыда 2 ай дайындады. Алғаш рет атқа отыруды, шабуды, қылыштасуды, садақ атуды сол жерде үйрендім. Атқа шапқанда қатты қорқыныш болды, бірақ кинода бәрі де білінбей, әдемі көрсетілді» дейді жас актриса.
«Киноның бас жағында ойнаймын, сценарий бойынша мен түскен бөлігі 20-25 минутты құрайды. Фильм көне түрік тілінде түсірілді. Сценарий жаттау кезінде қиындық болған жоқ. Тек түсірілім алаңында сол мәтінді айту, еркін сөйлеуде қиын болды. Себебі күнделікті сөйлеп жүрген тіліміз емес, нақты бір мәтін береді, соны жаттап қана айту керек, басқа импровизация жасай алмайсың» дейді Салтанат сол қызықты сәттерді қимай еске алып.
Актрисалық қырынан бұрын әншілігімен үш жасынан бастап танылған ол жоғары білімді «биотехнология» мамандығы бойынша оқыды. Анасы бала кезінен қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі жарыстарға ертіп апаратын. 9-сыныптан кейін Алматыдағы музыкалық колледжге оқуға түскісі келді. Бірақ ол колледжге 17 жастан бастап қана қабылдайды екен. Сосын ол 11-сыныпты аяқтаған соң стоматолог боламын деп биология пәнін таңдап, университетке түсуге дайындалды. ҰБТ-дан да жақсы ұпай жинады, бірақ тағдырдың маңдайға жазғаны болады екен, елордадағы ЕҰУ-ді 2015-2019 жылдары «биотехнология» деген мамандық бойынша оқып, тәмамдады.
«Назар» тобында үш жыл жұмыс істеп, кинодан кейін жеке әнші болуды қаладым. Бүгінде әншілік өнерім елордадағы Мемлекеттік академиялық филармонияда жалғасып жатыр» дейді ол. Салтанат сол кинодан кейін «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген «Менің мектебім» сериалында басты рөлді сомдады. Кинода түлеп ұшқан мектебіне мұғалім болып оралған Арайлым бойжеткеннің өмірі шым-шытырық оқиғаға толы болды. 20 сериядан тұратын сериал былтыр карантин жеңілдетілген кезде түсірілді. Түсіру барысында қиындықтар өте көп болды, тіпті «Томиристі» түсіргеннен де қиынырақ болыпты.
Індет келген жылдың ол үшін басты ерекшелігі – Сұлтан есімді сері жігітпен отау құрып, ақ келін атанғандығы. Ең қызығы, жолдасы алғаш үйлену туралы ұсынысын елордадағы Ботаникалық бақта білдіріпті. Бас қаланы махаббаттарының куәсі санайтын ол өмірлік серігін өзі оқыған университет қабырғасында кездестірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − one =