Тарих және бір мезет

0 173

Жазушы – драматург  Думан Рамазанның «Кенесары мен Күнімжан» тарихи драмасы жайында

– Ата, бізге реферат жазып келің­дер, – деп, үйге тапсырма беріп еді ағайларымыз, соған аздап жәрдем бермейсіз бе?
– Ол не реферат? Осы күні кө­кі­рек аясының шама-шарқына қа­­ра­май ауызды толтыра сөйлеу де­ген бар екен. Ре­ферат! Һм-м… жәй ға­на инсти­тут дей­тін едік, енді… ака­­де­мия.
Атасының шамырқанғанына не­ме­ресі ыңғайсызданып, қипақтап қалды.
– Тарихтан, қазақтың соңғы ханы Кенесары жайында.
– Ал, ол жайлы не оқыдың?Дайын­дығың қалай?
Біздің әңгімемізге осы тұста кем­пір араласты.
– Жазып бере салмайсың ба, баланы зарықтырмай!
– Жәрдем берем ғой, бірақ өзі бі­раз тырбанып, нобайын түсірсін де.
– Ал, қане, жұмыс бастайық ендеше, екеумізде не бар өзі? Ел тарихы­ның осы бір кезеңі, Кене хан жөнін­де не білесің? Не өттіңдер? – деп, шал енді қапелімде атойлап шыққан қи­қар мінезін аттан түсіріп, сабасына оралта бастады.
– Оқулық қой, ата, содан соң компьютерден біраз сайттарды қарап жатырмын.
– Оқу керек, айтшы, І. Есенбер­линді, М. Әуезовтің «Хан Кенесін» тағысын тағы… көп қой, мысалы арнайы зерттелген тарих – Е. Бек­махановтың еңбек­тері… Абылай мен Кенесарыны Омбы, Орынбор, Санкт-Петербор мұра­ғат­тарына арнайы барып көпте­ген деректер негізінде «Кенесары – дала маршалы» атты қалың кітап жазған Болатбек Нәсенов ағайларың бар. Бұларды бір-бір қарап шықпай, тағы оның үстіне әр кезде БАҚ бет­те­рінде жарияланып келе жатқан мақала-деректерден көз жазып қал­май, зерделеп жүрмей зиялы қазақ болмайсың.
– Уақыт жоқ қой, ата, мұның бәрін қашан үлгерем?
-Үлгересің, үлгеруің керек, андағы соткаңды таста! Ертеден кешке дейін құлағыңа жапсырып алып…
– Түу, сен шал, баланың миын ашыт­­пасайшы. – Әлгі айтқандарың оқу­шының рефераты емес, студенттің дип­лом жұмысы. Сөйтіп немеренің рефера­тына да қайта оралар шақ болды-ау деймін ғой – деп, кемпір тағы араласты.
– Енді-ше? Бірдеңке айту үшін, бірдеңе жазу үшін бірдеңелерді білу керек емес пе? Онан соң, осы тақы­рып қаншалықты меңгерілді? Ендігі мәселе неде? Қай жерге келіп тіреліп тұр? Осыларды қысқаша болса да шолып шықсаң, міне сол реферат болады. Иә, сонымен…
– «Қаһарды» оқыдым, сосын… өзі­міздің оқулық қой. Сосын, айт­пақ­шы, мына өзіміз тұрып жатқан қа­лада, Астанада аттың үстінде отыр­­ған ескерткіші бар.
– Түу-рее.. Жарайды, дайын­далыңдар, бар күйбеңді жиыстырып қой, кемпір. Театрға барамыз!
– Қайда-а?
– Театрға дедім ғой. Бүгін «Кенесары –Күнімжан» деген қойылым бар. Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда. Өзім де тағы бір барсам деп жүр едім, енді орайы келіп-ақ тұр. Оның үстіне мына баланың үй тапсырмасы… әлгі не еді?
– Реферат.
– И е, ие, сол да түрткі болып… Қане, жиналайық.
– Өткенде барған едіңіз ғой, – деп, кемпір таңдана қарады.
– Артық етпейді. Жақсы нәрсе қашан артық болып еді?!
Сөйтіп отағасы – мен, кемпірім және немереміз Дәулеткерей үшеу­міз театрға тарттық.
…Шам сөнді, қара көлеңке сахнада… алысырақта қалың нөпір, бұл ығы-жығы сұлба көпшілік – халық болса керек. Әлден уақытта ішінен біреуі бөлініп келіп, әлде бір әуенге салып, ақырын ыңылдап бір мақам тауып алып, әндете бастады. Жырау ма өзі? ( артист- Ержан Нұрымбет). Айтпақшы, сахна жиегінде ер жігіт­тің айта беретін бес қаруы үйіліп жатыр. Ішінде тұрмыс бұйымдары арқан жіп – шылбыр – домбыра, қобыз, торсық – зерең дегендей… кейіпкер енді өзіне керегін алып сахнадағы әрекетіне кірісіп кетеді. Домбыра бірте-бірте безіл­дей түсіп әзелгі сарынды қоз­ғап, тереңнен толғай, түптен суыра тың­дарманның, көрерменнің көңілін баурап, көне бір шаққа, өзгеше бір әлемге… жетелей бастай ма? Аулақтан ұлыған қасқырдың үні… ат тұяғының дүбірі… шыңғырған, кісінеген жылқының дауысы талып жетеді… Жас жырау құран оқиды. Алаңы жоқ, құлай берілген қапысыз мінәжәт. Ап-анық дауыстап айтылған құран аяттарына зал сілтідей тынып, қыз-келіншектер жаулықтарын жөндей бастады. Құран соңында аруақтарды ойға ала қол жайып, дұға қайырып аз-кем оты­рың­қырап қалған. Бір сәт сахна оқиғасы мен көрермен етене арала­сып тұтасып кеткендей болды. Одан әрі көңілді алабұртқан күңі­рен­ген, тебіренген ереуіл күй бастал­ды. Бір түрлі жанға жақын. Абылай­дың күйлерінің бірі ме, әлде «Ел айрылған» ба екен? Жо-жоқ, ол емес екен. Басқа бір тас түйін түйдек күй.
Қалың ел, қазақ жері, еркіндік пен ар-ождан тайталас сарапқа түсіп, әлеуметтің бүгіні мен келешегі жайлы бір-біріне беріспес, бітіспес алай-түлей соққан замана желі… Халықтың тұтастығын, елдің бірлігін, жердің ешкімнің басыбайлығына айналмауын ту еткен Хан Кене (артист – Сырым Қашқабаев) мен ақ патшаның ендігі қазақ арасындағы өкілі аға сұлтан Қоңырқұлжа (артист – Жан­қалдыбек Төленбаев) арасындағы кетісу. Мұны режиссер (Болат Ұзақов) шарттылықпен тәп-тәуір ұтымды белгілеген. Белгі – меңзеу ишарасы – екеуі екі жаққа тартып жатқан ала арқан. Иықтары мен білектеріне мығым орап алған. Бүкіл қазақ аспанын шарпып, қара бұлттай қаптап келе жатқан дүлей сүрең мен от боп жарқылдап, жай тастап тұрған ашу, ыза кек. Қай­ралып жат­қан намыс. Ел намысы мен ер намысы. Ел тіз­гінін өз қо­лыма алсам деген бір жағында игі арман болса, бір жағында патша шенеуніктеріне жағы­нып, қолыма ұстаған мансап тұғы­рын бекемдеп қалсам деген пендешілік. Пікір қағысулар, өктем-өктем мір­дің оғындай сөздер. Бас кейіпкер­лердің кескін-келбеті мен болмыс-бітімі тұлғалық тұрпаты бірте-бірте қалыптасып келеді. Әр­кім өз деге­нін істетпекке, одан әрі осы жолда өліспей беріспейтіндері жөніндегі антқа бергісіз берік ұстаным. Осы шиыршық атып тұрған жан толқы­ныс­тарын кейіпкерлер (актерлер деп ұғыңыз) адуын ай­қайға баспай, кейде арыстанның ақыр­ғанына бер­гісіз жыланның ысы­лындай дене мұз­да­тар тістене жет­кізген сыбыр­ла­рының өзі зал толы кө­рер­мен­дердің ең соңғы орын­­да­рын­да­ғы­ла­ры­на да ап-анық жетіп жатты. Бұл да сахна өнерінің бір жетістігі екендігін айта кеткен жөн. Қойылым жалғасып жатыр. Бір деммен оқылып жатқан кітаптай. Айнала қоршаған қалың нөпір – халық. Кімнің кім екені ашылып та келеді. Енді бітіспес тартыс өрши түсері анық. Осы тұс­та жеке бастың да мақсат-мүд­десі тай­та­ласқа араласып, әлгі биік-биік тұғырдан сөйлеген ел жоғын жоқ­таған азаматтардың көкейлерін­дегі түйткіл өршіген отқа май құя түс­кендей. Ол – Күнім­жан ару (актриса – Айнұр Жет­пісбаева). Аймаққа аты әйгілі байдың қызы жолаушылап келген Кенесарыны көріп, тостаған толы қымыз ұсынады. Ат үстінде шалдығып, шөлдеп келген азаматқа дәл осы сәтте мұнан артық қандай ізет керек еді?! Маңдайдан бұрқ етіп шық­­қан терін сүртсін деп орамал да бере қояды.
Осы бір аппақ, кіршіксіз орамалмен бірге бұла өскен жас ару елім деп еңіреп жүрген жігіт ағасына риясыз ақ пейіл (бәлкім сезімін), ыстық ниетін де ұсынғандай… Иә, көрерменнің әсері алданбапты. Бәлкім, «Ел мақтаған жігітті қыз жақта­ған» дегенің осы болар. Қыз­дың ниеті шын ауған екен. Оны жалт еткен іңкәр жанардың жар­қы­лынан актриса Айнұр табиғи нанымды сездіреді. Нағыз даланың батыл да ибалы, ашық жүзді, еркін де кербез сұлудың бейнесін әдемі бейнелеген. Әйтсе де, бұл тәуекелшіл ерлік қадам сол заманның үрдісіне батыл қарсы келетіні хақ. Бірақ бұл шешімге көкірегі ояу жас ару саналы түрде барған. Осы тұста А.С. Пушкиннің Татьянасы еріксіз ойға оралады. Ол да өзінің көңілі кеткен адамына «еріксіз аттап ұяттан» алды­мен өзі сезімін білдірмеп пе еді? Міне мұнда да еркіндік сүй­гіш рух өз жан дүниесі мен іштей ұғы­сатын елжанды азаматты қапы­сыз таңдаған. Таныған да «тағ­дырым сонымен бірге болса екен» деп, сол азаматтың «жанына қайтсем жалау бола алам» деп, тәуекелге бел буады. Сөйтсек, шырғалаңның көкесі әлі алда екен. Кезінде Қоңырқұлжаға атастырылып, то­қал­дыққа ұзатылатын болып, бар­лық қалың малы беріліп қойылған екен. Тартыс шиеленісе түсті.
– Е-е, бәсе, «Елім, халқым, жерім! – деп, – неғып емешегі үзіліп қалды десем, қатын іздеп жүр екенсің ғой! – деген аға сұлтанның удай ащы мысқылын тыңдауға да тура келді. Осы арқылы Кенесарының бүкіл жұрт алдындағы атақ-абыройын айрандай төкпекші.
Шиеленісті Күнімжан арудың өзі шешеді. Өзім қаламаған адамға бармаймын деп, жеме-жемге келгенде Кене ханның етегінен ұстайды. Қоңырқұлжаның қалыңға берген малы қайтарылатын болады. Бұл өз алдына, жеке бастардың арасындағы драма. Әйтсе де, түйткіл мұныменен шешіліп бітпейді. Аға сұлтан «ел алдында абыройым төгілді» деп намысқа шауып, жау­лы­ғын тоқ­татпай­ды. Патша өкі­метінен алған полков­ник­тік шенін ақтау жолында Ресейдің отарлау саясатының шотын шауып, елге кесірін тигізіп жатқан отар­­шылардың іс әрекетіне көзжұм­­байлық танытады. Халықты жабайы­­лар деп кемсіту, күштеп шоқын­­дыру, мал мен жерді, ата қоныс­тарды тартып алу әрекеті жалғаса түседі. Бұған шыдамаған халық Кенеса­рының жағына көптеп шыға бас­­тайды. Бұл ұзақ жылдарға со­зылған ұлт-азаттық қозғалысы екені та­рихтан белгілі. Тарихи драмада осы әре­кеттердің тек бір ғана тұсы бей­­не­ленген. Ақ патшаның мұз­дай қа­­ру­ланған жазалаушы әскері жібе­ріліп, халықты жаппай қыру, құлдыққа алу жұмыстарына мансап қуған аға сұлтан шімірікпей басшылық жасайды. Ашуға мінген халық бел шешіп қатерлі шайқасқа шығады. Бұл шақта халықтың буыр­қанған ашу-ызасын драмада Кенеса­рының інісі Наурызбайдың, ерке­летіп айтылған Науанның бейнесі арқы­лы ашыла түседі (артист – Жанат Оспанов – шиыршық атып, құйрығымен жер сабалаған жас жол­ба­­рысты елес­теткендей). Нәтиже­сін­де патша әскеріне ті­рек болған Ақмола бекінісі үшін соғыста Кене­сары қолы жеңіске жетіп, тойлап жатады…
Қойылымды қоярда режиссердің көп ізденгені көрініп тұр. Ең алдымен көркемдік шешімдер табу, оқиғаны өрбіту ісінде бұрыннан бар үйреншікті, сіреспе канондарға байланған міндеттер емес, соны ізденістер арқылы күтпеген жерден бірер қимыл-әрекеттің өзімен көп нәрсені аңғартатын шешімдер тауып, өнердегі шарттылық, тұспалдау деген тәсілдерді тиімді пайдаланған. Мәселен, абыржыған елді тас түйін ғып өз айналасына жинауды, көп үгіттеп, сөйлеп иландыру арқылы емес, әркімнің тағдырындай болып бай­ланған арқандарын әбжіл қимыл­мен қолына лезде шумақтап, уысына алуы. Көрермен осы тұста «енді ел­дің ырқы сенімді қолға көшті» деп, көңілін бір демдеп қалатыны рас.
Спектакль аяқталған соң, үйге келіп, отбасымыз болып талқылауға көштік.
– Иә, мана қойылым үстінде мына­лары несі деп, төбеден шұба­тылып түсіп тұрған арқандар туралы сұрағың келген. Бірақ ол жер­де жа­рыса сөйлеп жатуға болмайды ғой деп, үйге барған соң түсіндірер­мін дегем.
Сондай бір шешім бар. Салбырап тұрған арқандар тек бұл қойылымда ғана емес, басқа авторлар мен қоюшы режисерлерде де кездеседі. Ол басқа елдерде де, өзіміздің акем­­театрда да талай көрініс тауып, автор­­дың айтар ойын, айтпақшы бол­­ған­дарын шартты түрде көр­се­тудің бір әдіс-тәсілі. Сол арқан-жіп көп нәрсені сөзбен айтпай, тұспалмен жеткізіп жатады. Қара­ңыз: Әлгі арқандар кейде сол адам­ның тұла бойы – өзі сияқты. Адам өз маң­дайына жазғанын содан танып тұратындай… Кейде адамның үміті, ес-еркі, кейде тіпті еркіндігі, тағдыры-талайы іспетті. Ол адамның ерік жігері, қабылдаған шешімі, алмағайып кезеңдерде сол арқанды, яки тағдырының тізгін-шылбырын кімнің қолына ұстатарын да көрсетіп тұрғандай… Сол үшін тартысушы екі жақ арқан­ды өзіне қарай молырақ сүйреп әкетпекке әрекеттенеді.
– Рас, ей, мен де солай шығар деп ойлап отырдым. – дейді немере.
– Ал, тағы қандай тұспалды бай­қадың?
– Соғыс көріністері, той үстіндегі ойын-сауық. Бәрі қазақы бітім, елдің байырғы дәстүрлері.
– Саған қай кейіпкер қатты әсер етті?
– Науан батыр. Ол бар ғой, ол класс­ный. Әсіресе Күнімжанды ке­лін ғып түсіргендегі тойда керемет өнер көрсетті. Ол ұр да жық, көз­сіз батыр ғана емес, әйдік өнер­паз екен. Оның жұм­бақтап көр­сет­кен мини қойы­лымы просто класс. Круто!
– Иә, бүгінгі сөзбен айтсақ, рэп. Бірақ қазақша ұғым. Әрі би, әрі акробатика, бүктетіліп билеп бір кезде пластикамен бүк түседі. Бір кезде шік түседі, алшы да, тәйке де түсіп, ақырында омпаны да дене қимылымен кәдімгі қолдағы асықтың бес жағын көрсетіп берді ғой. Мұнда да тұспал бар.
– Сіз не айтасыз, әжесі?
– Анау әлгі құран…
– Өте дұрыс айтып отырсың, кемпірім. Байқайсыңдар ма, дра­малық барлық оқиға бір ғана намаз оқылып біткенге дейінгі аралықта өтіп бітті емес пе!? Теңіздің бар қасиет-дәмі бір тамшысынан білініп тұратындығы сияқты уақыттың бір ғана ата-бабаларды еске алып, аруақтарға дұға бағыштап бет сипар ша­ғында ғана, бір мезетте ғана бүкіл әлгі тарих көз алдыңнан өтеді. Бұл драма­тург­тың композиция құру, уақиғаны өрбітіп, шымыр аяқ­тау­дың шешімін тапқан шебер­лігі. Тарих өткен емес, ол бүгінгі күн деген осы. Естеріңде бар ма, баяғы Кене ханның бүкіл жорығын жыр­мен баяндап жүрген әйгілі Нысан­бай жыраудың бү­гінгі ұрпағы, жалғасты­ру­шысы есе­біндегі әнші жігіт өз әнін одан әрі қарай жалғастырып жатыр. Ол –бүгініміз. Негізі біз белгілі сыншы-ғалым емеспіз. Қойылым туралы сындарлы пікірлерін кәсі­би сыншы мамандар жазса, бар көр­кемөнердің талабына сай талдап таразылар. Біздікі тек әдебиет пен көркемтуындыны елге таныстырып, әліміз жеткенше насихаттау ғана.
– Орамал ше?
– Бұл бір ой шарықтататын тылсым да киелі белгі іспетті. Негі­зі көркем туынды тек көзге көрі­ніп тұрған мен еріндегі сөзді тізіп шығатын болса, әрбір іс-әрекет барысында, немесе сөз айтыл­ғанда адам апырай деп ойға қалып, қиялданып, шығарма же­лісімен (немесе ой арнасымен) жарысып отырғызбаса ол әншейін сөз боп қалады. Думан Рамазан әу баста әде­биетке келгенде ізденгіш-ро­ман­тик, пуб­лицист қаламгер еді ғой. Сол ішкі алдағыға деген құш­тарлық сезімі әлі де алдамаған екен. Аппақ орамалдан өзі зерттеп жүрген Кенесарының әлі де ашылмай келе жатқан тылсым тағдырын шабыт шалқытар романтикалық деңгейде құштарлықпен жалғастыра берсем деген ниет бар. Қандай да болса да көркем туынды адамды ойға қалдыруы керек.
– Сөйтіп, әлгі рефератқа қайта оралайық.
– Жоқ, ата, өзім әрекет етіп, бі­раз ойланып, бірдеңелер жасап көрейін. Әлгі қойылымнан кейін көңіліме түйген бір нәрсе – ма­хаб­­бат, елжан­дылық деген құр ай­қай, неме­се біз­дердің ана плеер­лары­мыздағы өп-өтірік үздігіп, өлдім-өштім, құлай сүйдім деген ерін­мен ғана айтып, селкілдеп билеп кететін жалаңаш, жасан­ды сөздер­ден өзгешелеу екен. Махаб­бат – ол… ол – ерлік екен. Елге деген махаббат – жанқиярлық тәу­екел­шілдік, жарға деген махаббат –қан­­дай ауырт­палық артылса да, сын са­ғаттарда өз басыңа да, еліңе де қауіп-қатер төніп тұрса, әлгі ақ ора­мал­дай әрқашан да аппақ, таза және қасиетті де тылсым болу керек екен.
Мен енді өзімнің шағын ғана рефе­ратымды қалай жазатынымды біле­тін сияқтымын.
– Е ,бәрекелді! Сөйтсеңші, қал­қам!

Дулат Тұрантегі,
ақын-аудармашы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =