ТАРИХ ТАҒДЫРЛАРДАН ТАМЫР ТАРТАДЫ

0 102

Теледидар арналарын ауыс­тырып отырып, бір хабарға назарым ауды. Онда арғы аталарының шыққан тегін анықтауға талпынған әйелдің басынан кешкен оқиғалары баяндалып жатыр екен.

Бабасының жүріп өткен жолдарына түсіп, кейіпкеріміз Еуропа мен Американың шіркеулері мен мұрағаттарын және академиялық кітапханаларын түгел аралап шықты. Ақыры, жоғын тапты. Бабалары 1800 жылдары Ирландияның Дублин қаласынан жақсы өмір іздеп, мұхит асқан екен. Екі адамның өмірбаяны ғана емес, сол дәуірдегі бүкіл Еуропаның тарихына қанықтым. Қызығы, бұл ақпараттарда әлгі әйелдің жоғалтып тапқан бабасының неше баласы болып, олар қашан үйленіп, қашан өлгені де тәптіштеледі. Тіпті, сол кезеңдегі газеттерге берілген қазанамалардан да дерек шолады. Өткен ғасырлардың барлық мәліметтерінің бір парағы жоғалмай, сақталып тұрғанымен қоймай, бәрі суретке түсіріліп, сандық нұсқасын да жасап қойыпты. Соншама әспеттейтіндей, әлгі әйелдің бабасы кім дерсіз? Батыр да емес, ақын да емес, бай да емес, нәсілі еуропалық қарапайым ғана пенде. Бірнеше ғасыр өткеннен кейін қызық үшін болса да, іздеп келген ұрпағының алдына бабасының барлық деректерін жайып салды.

Содан Еуропаның телеарнасынан ауысып, жергілікті ток-шоуға тап болдым. Доданың қызған тұсы екен. Бір жағында тарихшылар, екінші жағында әдебиетшілер ат төбеліндей азғантай халықтың алдында қызыл-өңеш болып айтысып жатыр. «Өйту керек, бүйту керек». «Біз ондаймыз, біз мұндаймыз».
Есіме осыдан он шақты жыл бұрын өткен алқалы жиын түсті. Соған сонау Өзбекстаннан ат арытып келген ғалымның «Ағайындар-ау, Ташкенттегі мұрағаттарыңызды игерсеңіздер қайтеді. Өзбектерге қатысы болмаған соң, кейін ізін таппай қаласыздар ғой» дегені әлі құлағымда тұр. Дәл сондай жанашыр ақылды жақында тәжіктердің де аузынан естідім. «Бірақ анау жоқ, бізде мынау жоқ…» – бұл ток-шоудың кейіпкерлерінің қызыл сөздерінің легі. Көгілдір экранда екпіндетіп тұрғандарға қарап, тағы бір жайт ойыма оралды. Отызыншы жылдары елден қуылғанда бабаларымыз бір қап діни кітапты үйінің босағасына көміп кеткен екен. Содан елуінші жылдары елге қайтып оралады. Келе сала ескі жұртқа баруға жүрегі дауаламаса керек. Тек 85-ші жылдары, енді қайтып жер аударылмайтынына көздері жеткенде ғана жоғын іздеп ескі жұртқа барады. Елу жылда – ел жаңа. Қария «қазынасын» таба алмай қайтады.

Біздің жақта ескі мешіттердің орны көп. Бірінің қалқайып қабырғасы қалса, енді бірі жермен-жексен болып кеткен. Солардың астында молдалардың «тарихаттары» қалмағанына кім кепіл?! Ізденгенге ол да тарих емес пе?!

Жарайды, бүкіл қазақтың арғы-бергісін жазуға құлшына кіріскен тарихшылар бір әулеттің шежіресіне басын қатырып қайтсін. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, тарих толқынында суға бататын да, ағысымен қатар жүзетін де сол халық емес пе, ендеше сөздің басын бір адамның тарихынан неге бастамасқа?!

Айгүл УАЙСОВА,
a.uaisova@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 5 =