Тарифтер қымбаттай ма?

0 18

Алдыңғы жылы Қауіпсіздік Кеңесінде ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Назарбаевтың коммуналдық қызметтердің құнын төмендету туралы өңір басшыларына берген тапсырмасынан кейін, 2019 жылдың басынан бастап барлық тарифтер арзандатылған еді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ол орташа алғанда 10%-ға кеміді.Енді, міне, былтыр арзандатылған коммуналдық қызметтердің бағасы 2020 жылы қайтадан қымбаттайтын болды. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы ­Болат Танабергенов мәлім етті. «Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр» демекші, азын-аулақ жалақысын әрі тартса тамағына, бері тартса киіміне жеткізе алмай отырған қарапайым халық үшін бұл жақсы жаңалық болмады. Жалғыз коммуналдық қызметтер қымбаттаса бір сәрі, Cауда және интеграция минис­трлігінің мәліметінше, 2019 жылы әлеуметтік маңызды азық-түліктің бағасы 10,4%-ға өскен. Оның үстіне биыл жолау­шыларды қалаішілік тасымалдау құны да көтеріле ме деген қауіп тағы бар. Ол туралы «Астана LRT» ЖШС төрағасы Бекмырза ­Игенбердинов былтыр қазан айында «2020 жылы бюджеттің мүмкіндігіне қарай қоғамдық көлік тариф­тері міндетті түрде талқыланатын болады» деген еді. Сол сөзімен биыл тасымал құны көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
Министрлік өкілінің ком­муналдық қызметтер тарифінің қымбаттайтындығы туралы мәлімдемесі жаңылтпаш сияқты естілді. Оны түсіну үшін ең алдымен Болат Танабергеновтың есебіне жүгінейік: 2015 жылы базалық табиғи монополиялар субъектілері – «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС, «Астана-АЭК» АҚ, «Астана су арнасы» МКК үшін 2016-2020 жылдарға арналған, 2017 жылы «Астана-Энергия» АҚ үшін 2018-2022 жылдарға арналған шекті тарифтер бекітілген. Осы бес жылдық құжаттарда аталған компанияларды дамыту, жетілдіру және ин­вестициялық бағдарламаларды орындау бойынша міндеттемелері мен тарифтерді өсіру шегі көрсетілген. Мәселе түйткілі осы жерден басталады. Бұл есеп бойынша, мәселен, «Астана-Энергия» АҚ жылу өндіру тарифін 1889,93 тг/гкал-дан (ҚҚС-сыз) 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1672,09 тг/гкал-ға (ҚҚС-сыз) кеміткен. Бірақ бұл бүгінгі қолданыстағы тарифтен 7,9%-ке көп. Яғни «Астана-Энергия» АҚ бес жылдық межеде белгіленген тариф мөлшерін төмендеткен, бірақ ол қыз­мет көрсету құнында бәрібір бұрынғыдан қымбат болып шыққан. «Астана-
Теплотранзит» АҚ, «Астана су арнасы» МКК, «Астана­энергосбыт» ЖШС – бәріндегі жағдай осы. Нәтижесінде жылумен жабдықтау халық үшін 5%-ға, сумен жабдықтау 10%-ға, су бұру 10%-ға, электрмен жабдықтау 10%-ға қымбаттаған. Сөй­­тіп ресми өкіл жоспар бо­йынша коммуналдық қыз­меттердің тарифі 15-20 %-ға артуы керек еді, бірақ оны тек 10%-ға ғана көтердік деп жұбатқан болды.
ҚР ҰЭМ Табиғи монопо­лияларды реттеу комите­тінің басшысы Болат Танабергенов егер қолданыстағы тарифтерді өсірмесе, табиғи монополиялар субъектілері өз міндеттемелеріне алған инвестициялық бағдарламаларды орындай алмайтындығымен, кәсіпорындарды жетілдіру керектігімен, жұмысшыларына жалақыны көбейту қажеттілігі­мен, тағы басқа мұқтаждық­тармен байланыстырды.
Елбасы Н.Назарбаев 2019 жылы коммуналдық қыз­меттер­дің тарифтерін төмендетуге нұсқау бергенде бұл жайтты ескермеді деп айта аламыз ба? Яғни тарифті көтермей-ақ аталған компанияларды дамытудың қаржылық мүмкіндігі болғаны да. Ішкі мүмкіндіктер неге толық пайдаланылмайды?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды