ТӘРБИЕ ТІРЕГІ – ОТАНДЫ СҮЮДЕ

0 239

1370356787_forum-patriotov-atyrau-10

Өскелең ұрпақты кеудесінде азаматтық намысы бар, білімді, туған елін, жерін сүйетін өнегелі етіп өсіргіміз келсе, келешек ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударуымыз қажет.

Жас бала жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді. Яғни, енді ғана егілген тал шыбық тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы бәйтерек болып үлкейгенше, мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді қажет етеді. Ендеше, қай  кезде болсын тәрбие мәселесі назардан тыс қалмауы керек.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Ал ол мектеп өмірінде алған тәрбиесін ертеңгі қоғам дамуына жұмсайтыны сөзсіз. Осы орайда жас ұрпақты қазақстандық патриотизм негізінде тәрбиелеуге тиіспіз.

Патриоттық тәрбиені оқушы, ата-ана және мұғалімнің үшжақты терең қарым-қатынасы арқылы жүзеге асыру керек. Өйткені, үшжақты байланыс оқушыларды теріс ағымдарға ілесуден, діндердің шырмауына түсуден, ең бастысы суицидтік жағдайлардан сақтандырады. Бұл бағытта округім бойынша жас сайлаушыларыммен жиі кездесулер өткізіп, тәрбиелік мәні зор шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғаса бермек.

Балаға отбасы мүшелерінің сөзі, мінез-құлқы ғана емес, ондағы қоршаған заттар да әсер етеді. Мысалы, әкесі мен шешесінің ұстағаны қағаз, қалам, оқығаны кітап болса, баланың болашақта таңдайтын жолы да соған байланысты болмақ. Яғни, бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».

Патриотизм – саяси тәрбиенің бір бөлігі және мәдениеттің көрсеткіші. Елбасы айтқандай, бұл – өз еліне, жеріне, ота­нына деген сүйіспеншілігі, оның тарихы мен мәдениетіне деген сыйластық, бүкіл қоғамдық ортақтасуымен, әрбір азаматтың өзін-өзі айқын  билеуі. Отанын сүю, өз отанының болашағы үшін қызмет ету, ана тілін жетік меңгеріп, сүйе білу, халқының салт-дәстүрін білу, дінге, тарихи мұраларға құрметпен қарау, өз отандастарына, сондай-ақ басқа ұлт өкілдеріне адамгершілік көзқарас білдіру қандай керемет қасиет. Ендеше, өскелең ұрпақ өкілдерін отаншылдыққа тәрбиелеу ерекше маңызды.

Қорыта айтқанда, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды міндеті – оларды патриоттық тәрбиеге баулу. Тәуелсіз елде дүниеге келген бақытты ұрпағымызды «ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып» бірлесе еңбек еткенде ғана осынау өміршең істеріміздің сабақтастығын қамтамасыз етіп, саяси бастамаларымызды баянды ете алмақпыз.

Василий ПЕТРУЩАК,

Астана қаласы мәслихатының депутаты

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − fourteen =