«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тәрбие басы – тіл

0 281

Тәуелсіздіктің туын тігіп, егеменді ел іргесін бекемдегенімізге де ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Осы аралықта Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет ретінде халықаралық саяси оқиғаларға белсенді түрде қатысып қана қоймай, батыл бас­тамалар көтеріп саяси аренада да беделімізді арттырдық. Әрине, сынаптай сырғыған уақыт бір орында тұрмасы анық. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ұсынып, Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастал­ғанын жариялап, еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам жасағанын айғақтады.

Елбасының бұл бағдарламалық ма­қаласы – ел дамуының жарқын үл­гісі мен нақты қадамдарды айқындайтын келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Мақалада жастардың бойына патриоттық рух сіңіру, оларды қоғамның белсенді азаматтары етіп тәрбиелеу тұрғысында адами және рухани құндылықтарға басымдық беру жайы алға қойылған. Бұл түптеп келгенде, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін, тілін, әдебиетін, мәдениетін жаңғыртатын асыл ұғымдар.
Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы да көптеген игі шараларды жүзеге асыруда.Тіл саясатын тиімді жүргізу мақсатында жыл басынан бері 300-ге жуық түрлі деңгейдегі ауқымды іс-шара өткізілді. Оның сыртында мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіре түсу үшін «Тіл туралы» заң талаптарының орындалуын жіті бақылау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, ілкімді істер атқаруда. Сонымен қатар, тілдік ахуалды зерделеу тұрғысында жыл сайынғы әлеуметтік зерттеу жұмыстары да жақсы жолға қойылған деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді білетіндер 89 пайыз болса, өзге этнос өкілдерінің 27 пайызы мемлекеттік тілді меңгеріп отыр. Қоғам белсенділері, «Тілге қолдау» атты еріктілер тобы тарапынан қаланың сыртқы келбетіне қатысты сан-салалы жұмыстар жүйеге келтірілді. Жіпке тізгендей етіп, жіліктеп айтар болсақ «Сауатты жарнама – қала көркі» атты акция шеру құрып, қала бойынша 14 даңғыл мен 85-тен аса көшеге, соның ішінде Сарыарқа ауданы бойынша – 20, Алматы ауданында – 25, Есіл ауданында – 20, Байқоңыр ауданына қарасты 20 көшеге рейд жүргізілді. Нәтижесінде тіл туралы заңнамаға сәйкес емес деп танылған 300-ден аса жарнама алынып тасталынып, 600 жарнама иелері сын-ескертпемен шектеліп, жеке кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек те көрсетілді.
Елордамыздағы мейрамханалар мен дәм­ханалар, түрлі сауда орталықтары, дүкен­дердің де көрнекі ақпаратты қолданудағы тілдік заңнама талаптарын қатаң қадағалау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Арнайы жұмыс тобы 50-дей мейрамхана, дәмхана қожайындарымен тілдесіп, заңның жүйелі түрде орындалуын тапсырды. Шынтуай­тына келгенде, жыл басынан бері 2500 эс­киздік жоба мәтіндерінің Қазақстан Респу­б­ликасының тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестігі тексерілгендігін айтып өткен ләзім.
Ал мемлекеттік рәміздер – еліміздің құпия, таңғажайып мағыналарға толы асыл қа­зынасы. Рәміздер туралы сөз қозғағанда ойымызға ең алдымен дана халқымыздың салт-дәстүрі, тілі, тарихы оралатыны рас. Өйткені мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші әрі өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі іспетті. Тарихтың тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, қанатты тұл­пардай ұшқырлығын айғақтап қана қоймай, ұлт­тық салт-санамызды, қаһармандық пен даналығын, болашаққа жетелейтін ерекше құнды белгілер, отансүйгіштік пен патриоттық сезімнің алтын арқауы деуге толық негіз бар.
Біздің басқарма ұжымы өз кезегінде мемлекеттік рәміздердің тұрғындар арасында кеңінен дәріптелуіне, оларға қатысты заңнамалардың орындалуына ерекше көңіл бөлуде. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да өз дәрежесінде жеткілікті. Астана қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін 1500 мекеме пайдалануда. Олардың ішінде 410-ы жергілікті атқарушы органға қарайды, 17 қалалық басқарма, 4 аудан әкімдігі, 84 мектеп, 94 балабақша, 16 емхана, 12 аурухана, 14 жоғары оқу орны және спорт, мәдениет, тағы басқа да сала мен кәсіпорындар бар. Елорда аумағында рәміздердің пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын) жіті бақылаумен қатар талдау және мониторинг жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде. Жасыратыны жоқ, Мемлекеттік Тудың материалының ескіруі, Мемлекеттік Елтаңбаның түсі өзгеруі сияқты жағдайлар анықталып, жедел түрде қалыпқа келтірілді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау және заңнамасын түсіндіру жұмыстары жолға қойылып, күн тәртібінен түскен емес.
Елбасының мақаласында көтерілген ең маңызды тапсырманың бірі – латын әліпбиіне көшу қадамы көпшіліктің назарын аударып отырғаны анық. Осы орайда Тіл басқармасының ұйымдастыруымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылды. Айталық, барлық қалалық мекемелерде қоғам қайраткерлері мен білікті лингвист мамандардың қатысуымен ақпараттық күндер өткізіліп, латын әліпбиіне көшудің өзектілігі мен маңыздылығы жайын­да келелі әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбына ұйымдастырылған дөңгелек үстел басына зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен этно-мәдени бірлестік жетекшілері жиналып ойларын ортаға салса, «Рухани жаңғыру тілден басталады» атты семинарға мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелердің іс жүргізушілері, аудармашылары, кадр қызметкерлері шақырылды.
Тағы бір айта кетерлік тұсы, сәуір айы­нан бастап Астана қаласындағы жоғары және орта арнаулы оқу орын­дарында, мектептерде, мектепке дейінгі мекемелердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушыларына арналған қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша біліктілігін арттыру курстары да өтіп жатыр. Курстың мақсаты ғалым-теоретиктер мен практиктердің басын қосып латын жазуына үйретудегі әдіс-тәсілдерді талқылау болып табылады.
Сонымен қатар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесі де назардан тыс қалған емес. Мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздардың заң талаптарына сай жүйелі болуын қамтамасыз етуге күш салудамыз. Нақтырақ айтар болсақ, былтырғы жылы 28 мемлекеттік мекемеде, 28 медициналық кеңсе мен 40 білім ордасында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының түбегейлі орындалуына бақылау жасалып, нәтижесі мемлекеттік тілді жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының отырысында талқыланды. Биыл осы мақсатта арнайы кесте бекітіліп, қыркүйек айынан бастап қаладағы 4 аудан әкімдігі мен 17 басқарма, 37 медицина ұйымдарында мониторинг жүргізу қарастырылып отыр.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының тағы бір өзекті тарауы – таңдаулы жүз оқулық аударамыз деген ұсыныс. Қазіргі биотехнология мен IT заманында мұндай құнды бастамалардың маңызы ерекше. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «біз алдағы уақытта бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы жүз оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылында студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек» деген еді. Бүгінгі таңда Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған «Ұлттық аударма бюросы» алғашқы 18 кітапты аударып та үлгерді. Қазақ тіліндегі жаңа оқулық үлкен мега жоба екені сөзсіз.
Ал «Рухани жаңғыру: ұлттық бі­регейлік – сананы қалыптастыру негізі» ғылыми-тәжірибелік семинар-конференция Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының 1 жылдығына орай өткізілді. Бұл жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар мен игі бастамаларды зерделеу жөнінде ұсыныстар мен пікірлер ортаға тасталып талқыға түсті.
Тағы бір тілге тиек ете кетерлік тұсы – зия­лы қауым өкілдерімен тығыз қарым-қа­тынаста жұмыс жасау да жақсы қо­йылып, жалғасын табуда. Бас қаламызда ұйымдастырылған барлық маңызды шараларға зиялы қауымның басын қосып, олардың өмірлік тәжірибесіне сүйену, ақыл-кеңесіне құлақ асу арқылы маңызды мәселелерді талқыға салу Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жұмысының бас­ты бағыттарының бірі десек әсірелегендік емес. Жыл басынан бері зиялылардың қатысуымен 100-ге жуық іс-шара өтті. Сондай-ақ, жазушылар, журналистер, ­театр одағы сынды ұйымдармен де тығыз байланыс орнатылған.
Сонымен қатар «Тіліңді ұмытпа, жас түлек» шарасы мектеп бітіруші түлектерге мемлекеттік тілді дәріптеп, туған тілін ұлықтауға септігін тигізсе, «SMART TIL» инновациялық байқауы мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейтудегі жаңа әдістер мен технологияларды іздестіріп қана қоймай, инновациялық жобаларды ұсыну арқылы тілді дамытуға негізделген тың қадамдар еді. Осы бағытта «Туған жер – тұғырың», «Абай әлемі және рухани жаңғыру», «Рухани жаңғыру отбасынан басталады», «Абай – дана, Абай – дара қазақта», «Менің тілім – Ұлы дала рухы» іс-шараларының да маңызы зор.
«Сабақты ине сәтімен» демекші, биыл Тілдерді дамыту басқармасына архив ісі қосылды. Осыған орай, мемлекеттiк мұрағат қызметiнен тәжiрибесi бар мамандар қызмет етіп, мәдени және тарихи мағыналы архивтік құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстарды іске асыруға талпыныс жасауда. Архив мамандары қор көзін толықтырып, әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет көрсетіп, ведомстволық архивтерді құру бойынша заңды тұлғаларға кеңестік көмек беруді іске асырады. Астана қонақтарына және тұрғындарына архивтің қорларымен танысу үшін мұрағат көрме залының есігі жыл бойына ашық екенін еске сала кеткен абзал. Қазіргі таңда мемлекеттік мұрағаттың архив қоры 694 қордан құрылған. Және де 1657 фото, 37 фоно, 221644 құжатты сақтайтын әлеуеті бар. Оның сыртында – 7503 жеке құрамдағы, 1120297 жеке қордағы, 10414 ҒТҚ сақтау бірлігі бар.
«Көше – қаланың көркі, көкорай – даланың көркі» демекші, Тілдерді дамыту басқармасы көше атауларына да сараптама жүргізді. Қазіргі уақытта қаладағы даңғылдардың, көшелердің, орамдар мен тасжолдардың жалпы саны 1054-ке жетті. Оның ішінде 16 даңғыл, 745 көше, 289 орам, 4 тасжол бар. Бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын еселене түсетіні сөзсіз. Көшеге атау бергенде ономастика комиссиясы әзірленген тұжырымдамаға сәйкес жұмыс жасайды.
Уақыт талабына сай мемлекетіміздің тәуелсіздігін бейнелейтін Тәуелсіздік, Достық, Алаш, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала, Қазақстанның бұрынғы астаналарының аттарымен аталатын Ақмешіт, Сығанақ, Сарайшық, Түркістан, Сауран, Орынбор, Алматы, көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлері және тарихи тұлғалардың құрметіне олардың есімін иемденген Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, С.Меңдешев, Ж.Шаяхметов, Ө.Жәнібек, Н.Оңдасынов Т.Рысқұлов, Абылай хан, Батыр Баян, Бө­генбай батыр, Кенесары, Керей-Жәнібек хандар, Қабанбай батыр, Қарасай батыр, Ағыбай батыр, Амангелді Иманов, Исатай батыр, Кейкі батыр, Наурызбай батыр, ұлтымыздың салт-дәстүріне байланысты және белгілі тарихи оқиғалардың атауын алған Аңырақай, Ақарыс, Арғанаты, Әулие ата, Беғазы-Дәндібай, Бекарыс, Берел, Бұланты, Ақбөкен, Ақжелең, Ақкербез, Ақтолқын, Адырна, Алқоңыр, Ақжол, Ақниет, Ақпан т.б. атауларға толы көшелермен толығып жатыр.
Иә, сөз жоқ, қазақ тілі – ең бай әрі шұрайлы тіл. Олай болса, көркем тілімен, маржан сөзімен талайды таңдай қақтырған қазақтың аталы атаулары, марқасқа тұлғаларымыздың есімдері қаламыздың алаңдары мен көшелерінде тұрса, қоғам үшін үлкен тәрбие мектебі десек қателеспейміз. Ұрпаққа өсиет болатын өрелі азаматтарымыздың ұлағатты сөздерін, фразеологиялық теңеулерін жас­тарымыз тек қана мектептен ғана емес, көшеден көріп, көңіліне тоқып, жадына жаттап жүрсе нұр үстіне нұр емес пе? Лайым солай болғай.
Биылғы жыл қазақстандықтар үшін толағай мерекенің бірі – тоғыз жолдың торабы Сарыарқаның төсінде, ерке Есілдің жағасында, Бозоқ шаһарының орны болған Ұлы Жібек жолында бой көтерген сымбатты да кербез қала Астана шаһарының жиырма жылдығы. Астана осынау жиырма жылдың ішінде мұқым дүние жүзіне танылды. Соңғы заманауи үлгідегі салынған зәулім сарайлар мен сәулетті үйлер бір-бірімен үйлесіп, қаланың көркіне көрік қосты. Шындығы керек, Астана – ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі мен ерлігі. Қазақстанның жаңа тарихының шынайы бейнесі. Астана – алты Алаштың бас қаласы. Астана – дархан қазақтың кеңдігі, бабалардың өрлігі. Бүгінде бас қаламыз – тәуелсіз еліміздің символы мен мақтанышы. ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қала» атауына ие болғанының куәсі болдық. Елорданың жиырма жылдық белесі қарсаңында «Астана – тәуелсіз Қазақстанның символы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласында атап көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру бағытында Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы кешенді жұмыстар жасап жатыр, жасай бермек. «Тәрбие басы – тіл» демекші, Елбасы бастаған көшелі іске барынша үлес қоса отырып жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдыру, қоғамның белсенділігін, құлшынысын арттыру болмақ.

Тілеуғали ҚЫШҚАШБАЕВ,
Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту
және архив ісі басқармасының басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды