Тараздағы нәтижесіз тартыс

0 66

Өткен аптада Қазақстан премер лигасының кезекті 21-тур ойындары аяқталды. 

Тур барысында «Астана» командасы сырт алаңда «Таразбен» жолықты. Бұл бұрынғы бапкер Беранектің орнына келген Йоана Андоненің жетекшілігімен өткен бірінші ойын еді. Алғашқы кездесуінде жақсы көрсеткішке қол жеткізе алмауын Андоне бірнеше себеппен түсіндіреді. Біріншіден, «бір аптаның ішінде бір нәрсені өзгерте қою оңай емес». Екіншіден, «өзімнің «туған» клубыма қарсы ойнамаймын» деген келісіміне сәйкес Бауыржан Исламхан алаңға шықпаса, жарақатына байла­нысты тағы бір орыны бөлек футболшы Ұлан Қонысбаев ойынға қатыса алмады. Үшіншіден, Сергей Остапенкоға дәрігерлер ойынға қатысуға рұқсат беруге асығар емес. Олардың айтуынша, шабуылшы жарақатынан толық айыққанша біраз күту керек. Ал, жаңа бапкердің бұл жолғы жаңалығы мынау болды: «Таразға» қарсы ойында Таңат Нөсербаев пен Дәуренбек Тәжімбетов шабуылшы ретінде ойнаса, бразилиялық Зелао команда капитаны болып тағайындалды.

Сонымен, ойынға келейік. Ойынның бірінші таймында алаң иелері екпінді шабуылдарымен ерекшеленді. 12-минутта Обиора Одита есеп ашуға шақ қалған, бірақ мүлт кетті. Сондай-ақ, қонақтар сапынан 22-минутта Фокси Данияр Қояшевичтің пасын голға айналдыру мүмкіндігіне ие болған еді. Өкінішке қарай, шабуыл сәтсіз аяқталды. Ал, екінші кезең біріншісінен гөрі сәл саябыр өткенімен, екі жақтың да гол салатын сәттері болды. Тіпті, қосымша уақыттың өзінде «Астаналық» Патрик Твумасиге командасын алға шығару мүмкіндігі берілген еді. Бірақ, футболшыға сәл ғана сәттілік жетіспеді. Нәтижесінде, қос команда да бір-бірінің осал тұсын таба алмай тарқасты. Есеп – 0:0.

«Восток» пен «Шахтер» командалары да осындай есеппен турды аяқтады. Ал, «Атырау» «Ақжайықтан» және «Ақтөбе» «Ордабасыдан» жауапсыз бір-бір голмен басым түсті. Өз кезегінде «Жетісу» 1:3-пен «Тобылға» тізе бүкті. Ең тартысты ойын «Қайрат» пен «Ертіс» командалары арасында өрбіп, алматылық клуб небары бір доп артықшылығымен жеңіске қол жеткізді – 3:2.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + twenty =