Таранжы ақынмен таныстық

0 137

Жуырда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Юнус Эмре Түрік мәдени орталығының  ұйымдастыруымен  ақын  Жахит  Сытқы Таранжы  шығарма­шы­лығына арналған әдеби кеш өтті. Шара барысында Маржан Ершуға осы ақын атындағы сыйлық табыс етілді. 

Қазақ ақынына түрік шайы­рының атын иеленген сыйлықтың тапсырылуы тектен-тек емес. Маржан Ершу Жахит Сытқы Таранжының бір топ өлеңдерін ана тілімізге тәржімалап, өзінің «Пырақ» атты жыр жинағына енгізген. Сөйтіп, бауырлас ел ақынының Қазақстанда аты аталуына үлесін қосты. Кештің мақсаты да Жахит Сытқы Таран­жының шығармаларын қазақ оқырмандарына таныстыру мен насихаттау болды.

Әдеби кешке түркітанушы мамандар, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің докторанттары мен оқы­ту­шы­лары қатысты. Алдымен ақынның өмірбаяны мен шы­ғарма­шы­лығына шолу жасалды. Түрік тіліндегі түпнұсқа және қазақ тіліндегі аудармалары оқылды.

Түрік әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Жахит Сытқы Таранжы өткен ғасырдың ба­сында туып, сол ғасырдың ор­­та­сында дүниеден озды. Ғұ­мыры келте болып, небары 46 жас жасады. Артына «Өмірімдегі тыныштық», «Отыз бес жас», «Түстен де әдемі», «Кейін» атты өлеңдер жинақтары мен «Күн күледі тереземнен» повесін қалдырды. Қысқа өмірінде Түр­киядан бөлек Парижде тұр­ған. Француз тілін жақсы мең­геріп, Шарль Пьер Бодлер, Жан Николя, Артюр Рембо, Стефан Малларменнің шығар­ма­шылығын сүйіп оқыған. Өмірінің соңғы жылдарында қиын­шылық пен азапты басынан өткеріп, сал болып төсекке таңылды. Ем қабылдау үшін Австрияға барған сапарында қайтыс болды. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевпен тағдыры ұқсас. Мұқағалидың да ауыр дертпен арпалысып, 45 жасында аурухана төсегінде көз жұмғаны белгілі.

Ал, ақынның шығарма­шы­лы­ғына келсек, жырларының арасында «Отыз бес жас» өлеңі біршама танымал. Түркияда бұл өлеңді жатқа соқпайтын адам кемде-кем көрінеді. Ерте есей­гендіктен бе, әлде айнал­дыр­ған аурудың кесірінен бе, бұл шығармада Жахит Сытқы Таранжы күйреуік­тікке беріледі. Қазақ әдебиетінде аталған жас туралы өлеңдерді ха­лықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының иегері Абзал Бөкен мен Бауыржан Халиолладан кез­дес­тірдік. Абзал ақын отыз бес жастың адамға артар салмағы жөнінде жырласа, Бауыр­жан өле­ңін осы жаста ғұмыры үзілген досына ар­наған. Бұл жайттар да екі елдің ақын­дарын жа­қындастырады. Демек, осындай кештердің оқыр­манға берер пайдасы мол.

Аманғали Қалжанов,

astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + 16 =