Тар жерде табысқандар кең жерде келіседі

0 162

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті. Күн тәртібі «Қазақстан – 2050 Cтратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбында өрбіді.

Ассамблея жалпыхалықтық институтқа айналады

Ассамблея жұмысына республикалық және өңір­лік этномәдени бірлестіктердің басшылары, Пар­­ламент депутаттары, Орталық атқарушы ор­­ган­­­­дар мен саяси партиялардың, діни конфессиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, дип­­­­ломатиялық миссиялардың басшылары, ха­­лық­­аралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сес­­сиясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұр­­сұлтан Назарбаев қасиетті қазақ жерін та­­ту­­лықтың талбесігі етіп, бейбітшілікке бөлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы кәмелеттік жас­­қа толып, осы уақыт аралығында ол өзінің өмір­­шең­­дігін көрсетіп, бейбіт қоғамның ажырамас бө­­лігіне айналғанын атап өтті. Ассамблеяның ме­­рейтойлық ХХ сессиясының «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» деп аталуының сырына тоқталған Ел­­басы:

– Туған елдің туының астында бірігіп, туған жер­дің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды­ бір тағдыр күтеді. Осылай, елдігіміздің ертеңі ошақ­­тың үш тағаны сияқты «бір халық – бір ел – бір­­ тағдыр» деген үш сөзге сыйып тұр. Өйткені, «бір халық» – бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер. «Бір ел» – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. «Бір тағдыр» – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер, – деді.

Он сегіз жылдың ішінде Қазақстан халқы Ас­­сам­­блеясының атқарған жұмысы мен көтерген жүгі аз емес. Ол тұрақтылық пен қоғамдық келі­­сім­­нің берік те сенімді іргетасын қалай білді. Бей­­бітшілік пен тыныштықтың құндылығын әр қа­­зақстандықтың жүрегіне ұялатты. Осының ар­­қасында қазақ елі этностық жанжалдардан азат мемлекетке айналды. Бірлік – қашан да бе­­ре­­кенің не­­гізі. Бір отбасының балаларындай та­­ту-тәтті ғұ­­мыр кешкен қазақстандықтар сүттей ұйы­­ған бір­­лігінің арқасында экономикалық және әлеу­­мет­­тік-саяси табыстарға қол жеткізді.

Кейінгі кездері Ассамблея төңірегінде сан түрлі пікірлер айтыла бастағаны белгілі. Бұл сөздер Президентке де жеткен болу керек. Ол Ассамблеяның болашағы туралы кесімді сөзін айтты:

– Ассамблеяның XXI ғасырдағы миссиясы тарылып емес, кеңейіп келеді! Ол нағыз жалпы­аза­­маттық, саясатүстілік және жалпыхалықтық инс­­титут болуы тиіс. Кейбіреулер «ескіше» Қа­­зақстан халқы Ассамблеясы – бұл этностық аз­­­­шылықтың өкілдігі деп ойлайды. Мен түсін­­бей­­тін­­дерге немесе түсінгісі келмейтіндерге бү­­гінде Ас­­самблеяның не екенін айтқым келеді. Оны БҰҰ-да, ЕҚЫҰ-да, АӨСШК-де таныды. Ассам­­блея – бүкілхалықтық өкілдік! Нақ сондықтан Ас­­сам­­блеяға өзім жетекшілік етемін!

Татулық алдымен қазаққа керек

Бұдан кейін ұлтаралық жарасым мәселесі турасында сөз қозғаған Мемлекет басшысы татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде алдымен қазаққа керектігін, қоғамдық келісім ең алдымен қазақтың келісімі екендігін, мұны әр қазақ жадынан шығармауға тиістігін баса айтты. «Халқымыз «тар жерде табысқан, кең жерде келіседі» демейтін бе еді?! Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес», – деген Елбасы елді ынтымақ-бірлікке шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық бірлікті нығайту жөнінде бірқатар міндеттерді де атап көрсетті.

Біріншіден, облыс әкімдеріне жергілікті ерек­­ше­­ліктер мен этнодемографиялық құрылым­дар­­ды есепке ала отырып, өңірлік ҚХА-ны да­­мы­­тудың Тұжырымдамасын жасау керек. Екін­­шіден, қоғамдық келісім мен әлеуметтік бас­­та­­малардың орталығы ретінде Достық үйлері жұ­­мысының тиімділігін арттыру қажет. Мұндай үй­­лер барлық өңірлерде ашылмақ. Ассамблея жа­­нынан Достық үйлері директорларының рес­­­­пуб­­ликалық әдістемелік кеңесі құрылып, Мә­­де­­ниет және ақпарат министрлігі Ассамблея Хат­­шы­­лығымен бірге, Достық үйлері жұ­­мыс­­та­­ры­­ның­­ тұжырымдамасын жасайтын болды.

Мемлекеттік тіл – ұлтты біріктіруші фактор

Елбасы әдеттегідей мемлекеттік тіл мәселесін де қозғап, қазақ тілі ұлтты біріктіруші басты фактор екендігін атап өтті.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос өз тілін жоғалтқан жоқ.

– Біз, тіпті, ең шағын этностық топтар – асси­рия­­лықтардың, рутулдардың, лактардың және бас­­қа да топтардың мәдениеттерін ұқыптылықпен сақ­­таймыз және оларды дамыту үшін барлық мүм­­кіндіктерді жасаудамыз. Қазақ жері 100-ден ас­­там этностарды біріктірді. Әрине, осы этностық әра­­луандықтың бәрі біртұтас ұлтқа айналуы үшін жақ­­сы цемент қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақтар да тілінің қадірін білуге тиіс. Күн сайын 10-25-ке дейін жазба тілдер жойылып, этностық мәдениеттердің бүтіндей бір қатпарлары келмеске кететіні жөнінде дерек келтірген Елбасы эяк тілін мысалға келтірді. Бүгінде жойылып кеткен осынау тілді ең соңғы болып сөйлеген, 2008 жылғы қаңтарда дүниеден өткен Мэри Смит: «Сенің тіліңде сөйлейтін соңғы адам болу өкінішті. Мен сияқты жалғыз қалмау үшін өз бастауларыңа қайта оралып, өз тілдеріңді үйренулеріңді өтінемін» деген еді. Тілін білмейтін, білгісі де келмейтін азаматтарға ой саларлық-ақ сөз.

Бірлік экономикалық табыстарға жетелейді

«Қазақстан – 2050» стратегиясында көзделген мін­­деттерге де назар аударған Мемлекет басшысы мен­­­­тальділік моделін, елдің болашақ бейнесін «Қа­­зақстан-2050» жаңа саяси бағытының не­­гі­­зін­­де қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

– Бұл бейне шынайы, тартымды және рухтан­­ды­­рушы сипатта болуға тиіс. Жаһандық сын-қа­­тер­­лер жағдайында біз өзіміздің мәдени кодымыз­­ды­ – тілді, салт-дәстүрді, құндылықтарды сақтай оты­­рып қана оған балама бола алатын жауап қай­­тара аламыз. Ұлт бірлігін нығайтуда интелли­­ген­­ция қызметі айрықша маңызға ие. Тек интел­­ли­­генция ғана қоғамды топтастырудың руха­­ни үдерісіне басшылық жасай алады, – деді Нұрсұлтан­ Назарбаев.

Бұдан бөлек, бірліктің негізі әлеуметтік-эко­но­­ми­­калық ахуалдың жақсаруы болып саналады. Ел­­де индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асы­­рылуда, әлеуметтік жаңғырту жүргізіліп жа­­тыр. Бұл – Қазақстан халқы бірлігінің ең бе­­рік, материалдық негізі. Бүгінде баршаға мәлім шындық мынау: бейбітшілік пен келісім саясаты тікелей экономикалық тиімділікке ие. Ішкі тұрақтылық инвесторлар сенімінің бекуіне, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді.

Президент мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара ықпалдастығының тиімді моделін табу қажеттігіне назар аударды. Ол біздің еліміздің тарихи таңдауы зайырлы мемлекет пен қоғам болып саналатынын атап өтті.

– Толеранттылық – өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоға­мы­­мыз­­дың парасаттылық нормасы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы екі онжылдық ішінде Қа­­зақ­­станның жолы ұлттық табыстың өнегелі үл­­­­гісіне айналғанына тоқталды.

– Бұл – бүкіл қазақстандықтардың ең­­бек­­сүй­­гіш­­тігі мен топтасуының нәтижесі! Бұл – ұлттың нағыз пассионарлық бұлқынысы! Бұл – тек күшті ха­­­лықтарға ғана тән ұлы қабілет. Біз осындай ха­­лық­­­­қа айналдық және осы биіктікте қалуға тиіс­­піз! Қа­­зақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас бо­­лашақ. Біздің мерейтойлық сессиямыз – бүкіл қазақстандықтардың игілігі жолындағы жаңа жұ­­мыстар үшін жақсы бастау. Алдымызда үлкен жос­­парлар тұр. Оларды жүзеге асыру жаһандық өз­­ге­­рістердің күрделі жағдайында жүретін болады. Оған бүгіннен бастап дайын болып, халық бірлігін барлық күш-жігермен нығайту қажет. Өйткені, біз бір халықпыз – бір елміз – бір тағдырмыз! – деп қо­­ры­­тын­­ды­­лады сөзін Елбасы.

Сырт көздің орынды бағасы

Сессияда сөз алған сырт көз – РФ ұлттық стра­­тегиялар институтының директоры, саясат­­та­­ну­­шы­­ Юрий Солозобовтың дәйекті сөзі көкейге қонады.

«Қазақстан қоғамдық келісім, ұлысаралық толеранттық арқылы едәуір жетістікке жетті. Бұны «Қазақ елінің саяси және конституциялық константасы» деп санауға әбден болады. Біріншіден, ҚХА бір-біріне ұқсамайтын елдерді бір тудың астына біріктіреді. Екіншіден, демократия құралы ретінде халықтың егемендік санасын нығайтып жатыр. Үшіншіден, өте тиімді әлеуметтік лифт, құнды кадрлардың, ел басқаратын басшылардың ұстаханасы. Ассамблеяның арқасында Қазақстан толеранттылықтың эталонына айналды. Білуім­ше, тек соңғы бір жарым жылда 15 шақты ел сіздердің ұлтаралық татулықты сақтаудағы тәжі­ри­­белеріңізді игеруге сарапшыларын салып, зерт­­теді. Ал, Қырғызстан Қазақстаннан үлгі алып, саяси бағдарына түбегейлі өзгерістер енгізді» дейді Орталық Азия, әсіресе, Қазақстан туралы мелжімді зерттеулердің авторы.

Елжандылықтың жарқын мысалдары

Соңғы жылдардағы экономикалық өзгерістер халқымыздың еңсесін тіктеп, елімшілдік рухын көтере түскені анық. Жезқазған қалалық тарихи-археологиялық мұражайының директоры Зулпа Супиянқызы өзінің жылы лебізін былай жеткізеді: «Мен шешен-ингуш халқы жер аударылған Қазақстанда дүниеге келдім. Еліміздің алғашқы түсті металлургиясының көмбесі – Жезқазғанда, Түрік қағанатының орталығы болған Ұлытау даласында кіндік кесіп, шілде суын төккенімді мақтан етемін. Жезқазған-Бейнеу теміржолы бірнеше жылдан бері тұралап қалған біздің өңірімізге өмір дәнін септі. Осынау күретамыр арқылы енді еліміздің шалғай аймақтары бір-бірімен байланысады, Бетпақдаланың бойында тіршілік бүлкілі пайда болады».

Ал Ақтөбе өңірінен келген делегат, «Динар-Электромаш» ЖШС-інің директоры Сергей Вишняктың айтуынша, кәсіпорында жиырмадан астам ұлт өкілі еңбек етеді. Фирмада жұмыс күні мемлекеттік әнұранды айтудан басталады екен.

– Қазақтың салт-дәстүрі мемлекеттегі ұлттар мен ұлыстарды біріктіретінін байқадым. Себебі, қазақ – кеңқолтық, қонақжай, жақынға жаны ашығыш халық. Біздің фирмада жиі-жиі садақа, ас беріледі, қасиетті жұмада дастарқан жайылады, көшіп келгендерге ерулік жасаймыз. Екі ұлттың ұлы мен қызы үйленсе, той шығыны біздің есебімізден. Бұл Елбасының КХА-ның өткен сессияларында айтқан ұлтаралық татулықтың еңбек ұжымдарындағы нақты үлгісі, – деп мақтанды Сергей Викторович.

Тағы бір еріксіз көңіл босатып, көзге жас­ ­­ір­­кіл­­т­­­­­­­­­­­­­­­­кен сөзді Жетісу мемлекеттік уни­­вер­­си­­те­­ті­­­нің­­ сту­­денті Елена Михееваның аузынан естідік. Бой­­жеткен Тұяқ Есқожина есімді жанашыр жан аш­­қан Талғар қаласындағы «Нұр» отбасылық ба­­лалар үйінің тәрбиеленушісі.

– XIX сессияда айтылған «Мемлекет – жастар үшін, жастар – мемлекет үшін» деген бастамаңыз іс жүзінде орындалып жатқаны қуантады. Жас­­тар­­ ісі жөніндегі комитет құрылды, жастар сая­­сатының тұжырымдамасы қабылданды. Со­­ның арқасында біз мемлекет тағдырындағы өз рө­­лімізді айқын сезіндік. Біз енді елімізге не бере ала­­­тынымызды ойлауымыз керек. Мысалы, менің мойын­­тірек (подшипник) өндірісін ашқан досым бар.­­ Оның екі қолды бос қойып отыруға мүлде уа­­қыты жоқ. Патриот кім десек? Бұл, біріншіден, елі­­нің болашағы үшін күрескен Сіз, екіншіден, ел бір­­лігін шайқалтпай, шашыратпай сақтап отырған қазақ халқы, үшіншіден, жан жылуын аямайтын, бала бақытының бесігі – аналар. Мен 15 жылдың ішінде жұбайы екеуі тағдырдың тәлкегіне түскен 340 баланың анасы да, панасы да бола білген Тұяқ Қаскенқызына алғыс айтамын. Бүгінде олар 25 қы­­зын күйеуге беріп, 15 ұлын үйлендірді. Биыл ол үйге тағы 40 жетім бүлдіршін қосылды, – деді балапандай қыз Елена Дмитриевна.

Елбасы Ассамблея сессиясына қатысып отыр­­ған Тұяқ Қаскенқызына алғыс айтып, жасаған қа­­йы­­рымдылығын нағыз ерлік деп бағалады. Оның тарихын қысқаша баяндасақ, 1998 жылы Тұяқ апай жұбайы Әнуарбек Сейітұлын ертіп, Ал­­матыға, «Көк базарға» барады. Он жас ша­­масындағы бір қыз баланың: «Тәте, тамақ бері­­ңіз­­ші! Үйде бес жасар сіңлім аш отыр» деген сө­­зі қатты ойландырады. Анасы ауруханада екен. Тұяқ­­ Қаскенқызы қарап тұра алмай, үйдің ішін та­­зартып, сәбилерді суға түсіріп, тамақтандырады. Тіп­­ті, ауруханада жатқан аналарына да барып, хал­-жағдайын сұрап, дәрі-дәрмегін алып береді. Өйт­­кені, өзі атадан жалғыз қалған Тұяқ апайды бұл­ жәйт қайтты ойландырды. Сөйтіп, жолдасы­­мен ақылдаса келіп, Алматыдағы үш бөлмелі пә­­тер­­­лерін сатып, Талғардағы бос тұрған бұрынғы мек­­теп-интернат үйін сатып алады. Жолдасы екеуі сол берекелі шаңырақтан осынау жылдары тәр­­биеленіп шыққандардың ішінде неше түрлі ұлт­­тың балалары бар. Елбасы алдында осы жәйтті тол­­қи баяндаған Тұяқ Қаскенқызы Қазақстанды жетімі жоқ елге айналдыруға үндеді.

Биіктіктерге шығып, құзар шыңдардың төбе­­сі­­нен­­ төңірекке көз салудың қаншалықты мәртебе еке­­нін білетін альпинист Мақсұт Жұмаевтың сөзі де­­ тыңдаушыларды бейжай қалдырмады. Оның сө­­зін әлемдік ареналарда халқымыздың абыройын ас­­­қақтатқан жаңа чемпиондар – конькиші Денис Ку­зин, мәнерлеп сырғанаудың шебері Денис Тен, фристайлер Дмитрий Рейхард, кәсіпқой боксшы Генадий Головкин, палуан Бейбіт Ыстыбаев қуаттады. Елбасы қазақ спортшыларының жетістіктеріне марқаятынын айтып, алда күтіп тұрған Сочи олимпиадасында биік тұғырдан кө­­рі­­­­нулерін тіледі.

Мерейтойлық 20-сессияда ҚХА төрағасының екі жаңа орынбасары сайланды. Бұл қызметке ҚР Ев­­рей мәдени орталықтары қауымдастығының тө­­рағасы Александр Барон мен республикалық «Барбанг» күрдтер қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоев келді. Сондай-ақ, тәуелсіздік пен халық бірлігін нығайтуға, мәдени қарым-қатынасты дамытуға қосқан зор үлестері үшін бір­­не­­ше адам «Алтын бірлік» медалімен марапаттал­ды.­ Олардың қатарында – «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, ҚХА­ мүшесі, Болгар этномәдени бірлестігінің же­­текшісі Олег Дымов, «Нұр» отбасылық ба­­лалар үйінің директоры Тұяқ Есқожина, Т.Шев­­чен­­ко атындағы Павлодар облыстық украин мә­­дени бірлестігінің төрағасы Михайл Парипса, Қа­­зақстан әзербайжандары қауымдастығының жетекшісі Абулфаз Хамедов, Ақмола облыстық «Бабалар және жастар» ұйымының жетекшісі Ди­­на Галямова бар. Сессия соңында салтанат­­ты концерті өтті. Онда Қарағандының «Шолпан»,­ «Вай­нах», Алматының «Наири», «Бахар», «Рух­­сара», Солтүстік Қазақстан облыстық фи­­лар­­­­мониясының «Туған жер» би ансамбльдері мен елорданың «Astana Ballet» хореографиялық ан­­самблі өнерлерін көрсетті. Ресейден келген Омбы орыс халық хорының би тобы да өнерлерімен жұрт ықыласына бөленді. Кеш шымылдығы Қа­­зақ­­станның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Тол­­қын Забирова, халықаралық конкурстардың лауреаттары Игорь Благодарный мен Равшан Саид­­ходжаевтың орындауындағы «Мәңгілік ел»­­ вокалды-хореографиялық композициясымен жа­­былды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
Әділбек ЖАПАҚ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − one =