Тапқан олжам – талантты әріптестер

0 33

Бүгінде 30 жыл толып отырған «Астана ақшамы» газетінің негізі қалануының да өзіндік тарихы бар. Оны сол оқиғалардың басы-қасында болғандар жаза жатар.Талай талантты аға буын өкілдері қызмет еткен басылымда аз уақыт болса да жұмыс істеу маған да нәсіп болды. Осы уақытқа дейін қаншама ұжымда еңбек етсем де әсіресе, «ақшамдық» әріптес­терімді ерекше жылылықпен еске аламын. Бұл – шынында да бауырмал да ұйымшыл ұжым. Қызмет жолым, негізінен, телевизияда өткен мені «телевизионщик» деп өзекке тепкен жоқ. Қайта құшағына тартып алды. Төгілтіп жазатын Талғат Батырхан, ағалық ақылын аямайтын Ғалым Қожабеков, руханият мәселелерін тереңдете қаузайтын Айгүл Уайсова сынды аға-әпкелерімізбен әңгімеміз таусылмайтын. Аманғали Қалжанов, Азамат Есенжол, Гүлмира Аймағанбет, Қымбат Тоқтамұрат, Орынбек Өтемұрат, Гүлдана Талғатқызы, Ботагөз Маратқызы сынды жүйрік журналистермен бірге жұмыс істеу ғанибет еді. Бұл – бірлігі мен тірлігі жарасқан талантты орта. Мен мұнда аға, іні, дос, талантты әріптестер таптым. Басты олжам – осы.
Отыз жыл аз уақыт емес. «Астана ақшамы» ардагер болмаса да аға басылымға айналып келеді. Себебі қазірдің өзінде өзінің бақандай 30 жылдық тарихы бар. Қысқа уақыт болса да өмірбаянымда айшықты із қалдырған астаналық басылымның ғұмырлы болуын, газетте еңбек етіп жүрген әріптестеріме шығармашылық шабыт тілеймін. Мерейтой құтты болсын!

Зейін ӘЛІПБЕК,
«Астана ақшамы»
газетінің Бас редакторы
(2016-2017 жылдар)

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 15 =