ТАНЫТҚАН ТАЛАЙ ТАЛАНТТЫ

0 157

ERA_6787

Кеше бәріміз асыға күткен 23-ші Республикалық «Жас қанат» байқауы бас­талды. Үш күнге созылатын бұл байқауға еліміздің әр өңірінен 14 өнерпаз қатысып, үлкен сахнада бақтары мен баптарын қатар сынамақ. Дүбірлі доданы жылдағы дәстүр бойынша Астана қаласының әкімдігі және «Азия дауысы» дирекциясы ұйымдастырып отыр.

Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында шымылдығы түрілген жас орындаушылар бәйгесі – ел ішіндегі таланттарды табудың төте жолы. Содан болар, аталмыш сайысқа қатысуға жастардың ықыласы ерекше. Байқаудың ашылу салтанатында «жасқанаттықтарды» алдымен осы конкурстың бас продюсері және негізін қалаушы Мұрат Ерғалиев құттықтады. «Бүгінде жастардың бақ сынауына мүмкіндік берген «Жас қанат» – еліміздің бірден бір  брендіне айналған жоба. Осыдан 23 жыл бұрынғы байқау қатысушылары қазір қазылар құрамында отыр. Осы сайыс арқылы сіздер де үлкен өмірге жолдама аласыздар. Байқау көптеген шарттар мен қиындықтардан тұратындықтан, сол үлкен сынақтан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін» деді ол.

Жыл өткен сайын «Жас қанатқа» қатысуға ниет білдірушілердің қатары кәсіби дайындықтан өткен әншілермен толыға түскенін ерекше атап өткен жөн. Бұл келешекте байқауға қатысуға тілек білдірушілерге қойылатын талап та күрделене береді деген сөз. Сондай-ақ, іріктеу деңгейі де бірте-бірте жоғарылай түспек. Ереже бойынша қатысушылардың ішінен әр кезең сайын ұпайы төмен 4 әнші шығып қалып отырады. Ал, үміткерлердің өнерін Кеңес Дүйсекеев, Мұрат Құсайынов, Бақыт Шадаева, Майра Дәулетбақ сынды белгілі өнер майталмандары бағалайды.

1992 жылдан бері 300-ден аса өнерпаз өрен қатысқан байқау көрермендерге талай таланттарды танытты. Олардың арасында – Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Жанна Орынбасарова, Кұрмаш Махан, Бақытжан Қажымұқанов, Бауыржан Исаев, Гауһар Қаспақова, Сейфуллин Жолбарыс, Нұрлан Абдуллин, Бейбіт Қорған, Маржан Арапбаева, Мәдина Сәдуақасова және «Үркер»мен «Дервиши» топтары бар.

Осы жолғы қатысушылар арасынан да Қазақстанның ән өнерінде өзіндік орны бар орындаушылар шығады деген үміттеміз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 6 =