«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Таңғажайыпты тоғыстырған

0 509

Елордада тылсым мен таңғажайыпты тоғыстырған ғимарат бар. Ол – Астана циркі. Жанынан өткен сайын афишасын қарай өтесің. Біз емес, бұл жерге балалардың өзі құмбыл. Жақында цирк өнерпазы, жап-жас жігіт Дархан Камбышевпен таныстық. «Алпамыс батыр» театрландырылған шоуында бас кейіпкерді ойнады. Этноауылда жүріп, Астана циркі есіме түсе кеткені. Оған себеп, Дархан жап-жас бола тұра, 20 жылдан бері цирк өнеріне қызмет етеді. Алматы циркінің әртісі. Сонда Астанадағы сиқыршылар ордасына қанша жыл деп ойладым бірден. Артынша осы мақала жазылды…

Бұл ғимарат құрылысы 2002 жылы басталған. Құрылысын жүргізген – «Концерн «Найза-Құрылыс» мекемесі. 2005 жылы Елбасы цирк ғимаратының ашылуына қатысты. Халықаралық иллюзионистер қауымдастығының толық мүшесі, тамаша өнерпаз Балтабек Жұмағұлов алғашқы директор еді. Бірақ, сиқыршы 2005 жылы кенеттен көз жұмды. Бүгінде бұл мекемеге Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов басшылық етеді.

Жоба авторы – сәулетші Төлеген Әбілда өзінің серіктестерімен бірлесе отырып, «ұшатын табақшаға» ұқсаған бірегей цирк ғимаратын дайындаған. Мекеменің көрермендерге арналған классикалық диаметрдегі (13 метр) аренасы бар. Залға бір мезетте 2000 көрермен сыяды, 36 орындық VIP-ложа жеке орналасқан.

Ұжымда кәсіби цирк өнері майталмандары қызмет етеді. Оған бір ғана Олжас Жұмағұловтың атын айтса, жетіп жатыр. Ерлі-зайыпты сиқыршы Балтабек пен Раиса Жұмағұловтардың ұрпағы. Балтабек пен Раиса өнер көрсеткенде, мыңдаған көрерменнің ойы да, көзі де алданып қалатын. Балтабектің тұяғы әкесінің жолын жалғап, иллюзия өнерінің соңында жүр. Бүгінде ол – Астана циркі жас таланттарының бірі. Циркте фокусшы-иллюзионист, шабандоз болып жұмыс істейді. Қытайдың циркімен келісімшартқа қол қойып, сол жақта 4 жылдай жұмыс істеп келді.

Бүгінде цирк майталмандарының көксейтіні – Франциядағы ең ірі, дүниежүзілік Монте-Карло байқауында топ жару. Заманауи цирк өнерінде бұған дейін бұл байқаудың бас жүлдесін алған Балтабек Жұмағұлов қана. Ол – осы биікті бағындырған жалғыз қазақ.

Қарлыға ИБРАГИМ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды