ТАҢДАУ ТҮБІ – ТӘУЕКЕЛ

0 104

Сөздікте альпинист «асқарпаз» деп аударылыпты. Нағыз асқарпаз биік шыңдарды бағындырып, ұшар шыңға ұмтылған ержүрек жандар екені белгілі. Ал, Астананың биік ғимараттарын шаңнан тазалап, жарқыратып жуатын мамандарын да «асқарпаз»деп атайды. Тек, анықтама ретінде «өнеркәсіптік» деген сөзді қосып айтады. Мазмұн-мағынасында  айырмашылық болса да, олардың да бойында батырлық бар екені анық.

Сол жағалаудың шынымен қапталған зәулім ғимараттары көздің жауын алады. Күн сәулесімен сан құбылып, ерекше жарқырап тұрады. Көктем басталысымен белдеріне арқан байлап, үйдің сыртын жуып жатқан жігіттер елорданың әдемі көрінісіне айналып кетті. «Қазақстан темір жолы» ғимаратын жууға 150 метрден 300 метрге дейінгі ұзындықтағы арқан байланады екен. Тек елорданың емес, бүкіл Қазақстандағы биік ғимараттар орналасқан «Асыл тас» кварталын ұзынынан екі орауға 400 метр арқан керек. «Зажигалканы» төрт адам он күнде жуып шығады. Өнеркәсіп асқарпаздары бір маусымда 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін табыс табады. Ал, маманның сапалы жабдығы 150 мың теңге тұрады.

Биіктіктегі жұмыстарды өнеркәсіптік альпинизм әдісімен жүргізу бізге де таңсық емес. Тек қана жуып қоймай, керу, тарту, бұрандаларды бұрау, дәнекерші, керек десеңіз, бетондаушы да бар. Кейбірі бір салаға машықтанса, әмбебап шеберлер де жеткілікті. Қауіпсіздік шараларын сақтап, жұмысқа өздерінің де өзгелердің де өмірне жауапкершілкпен қарайтын астаналық 3-4 компания бар. Бұлардың сыртында Алматы, Қарағанды, Шымкенттен келетін асқарпаздар бар. Көбісінің жабдықтары сын көтермейді, кәсіптік біліктігі де олқы соғып, жолдан қосылып жатады. Олар нартәуекелге басып, қиын қызметтің бағасын түсіріп жібереді. Бұл жөнінде астаналық асқарпаз Арман Хасенов әңгімелеп берді. «Өнеркәсіптік альпинизммен 90 жылдардан бастап айналыстым. Ол кезде туризм факультетінде оқып жүріп, секцияға қатысатынмын. Бір күні таныстарым ғимаратты жуу жөнінде ұсыныс жасады. Осы саладағы фирма басшыларының ең жасымын. Қазір өзім шеберлерді даярлаймын. Алғашқы кезде олар үшін қосымша қаражат табудың көзі деп қарасам, бұл күнде оның болашағы зор екеніне көзім жетті. Қыста банер ілеміз, наурыздан қазанға дейін жуу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл – біз үшін мәртебелі жаңа мамандық, жұмыстың жаңа түрі. Мұнымен айналысқысы келген адам бір жыл тәжірибеден өтуі керек. Бой-пішімі шағын болып, денесі шымыр болып келуі шарт. Бір жылдан кейін арнайы курстан өтіп, куәлік алып, өздігімен жұмыс өтеуіне болады».

Астанада биік ғимараттар салынып жатыр. Кран, көтеру құралдары жете бермейтін жерлерде өнеркәсіптік асқарпаздардың жұмыс қолы аса қажет. Биіктен қорықпағандардың бәрі асқарпаз болмайды. Тек жауапкершілікті жақсы түсініп, қауіпсіздік шараларын, техникалық талаптарды қатал сақтағандар ғана асқарпаз болады. Әйтпесе, үзілген арқандай өмір де шорт кесілуі мүмкін. Мұны жақсы түсінгендер ғана биік ғимарттарға көтеріліп, жерге аман оралады. Қорқынышты жеңіп, күтпеген оқиғаларға дайын тұратын нағыз жүрек жұтқан батырлар, меніңше Арман сияқты асқарпаздар.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − eleven =