ТАҢДАЙДА ҚАЛҒАН ТАҚЫРЫПТАР

0 221

Лауазым тұрғысынан алсақ, жер мен көктей алшақтық жатыр. Ақпарат құралында қатардағы қызмет атқаратын журналист пен сол мемлекеттің Бірінші басшысының арасындағы алшақтық бұл. Жылдар бойынша есептесек, жиырмаға жақындайды. Біз Президент Назарбаевқа нөкер тілшілердің қатарына қосылмағалы, сондықтан Елбасы туралы жазбағалы осыншама уақыт өтіпті.

Суынғаннан емес. Өмірдегі орнымызды білгендіктен шығар. Жеке мемлекет басшысын сол елдегі жай журналистің бағалауының ендігі жерде қисынды болмасын сезгендіктен. Демократиялық дәстүрден қашқандықтан емес, біз жазатын, қаузайтын тақырып ел ішінде өріп жүргендіктен. Ойымызға алып, қойын дәптерге бедерлеп қоятын тақырыптардың жыл сайын оннан бірін ғана еңсереміз. Өзіміздің діттеген тұсымыздан табылмай жатып, биікке қарап бас айналдырудың қажеті қанша деп тұжырғаннан.

Иә, біздің Президент халықаралық кеңістіктегі сарапшылар мен саясатшылар ғана бағалай алатын өріске әлдеқашан өтіп кеткен. Біз сол пікірлер мен пайымдарды байыптай, қабылдай алсақ жетеді. Осындай бек сенімде едік. Енді, міне, астаналық әріптестер «Кезінде Президент қасына еріп, ондаған мақала, бір кітап шығардыңыз, қоржын түбін қақсаңыз және бір мақаланың талқаны табылар» деп қолқалап отыр. «Үлкен пышақ ұялғаннан өтеді» дегендей, осы шағын кіріспемен Президенттің жанында жүрген жылдарға оралуға тура келді.

АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ атар елең-алаңдағы және оның алғашқы райы анықталған жылдағы сансыз сапарлар әлі естен шығар емес. Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ғана Таулы Қарабаққа араағайын болып аттанған күндері баяғының Батырлар жыры іспетті үлкен толғауға өзек бола алар еді. Бізді сол сапардан бері таңырқатып жүрген нәрсе – Президенттің жұмысқа берілгендігі. Шаршау жоқ, шалдығу жоқ, не деген тарамыстай мықты денсаулық деп таңырқаймыз. Таулы Қарабаққа арналған төрт тәулікте төрт аймақта қаншама кездесу өткізді. Ұшақпен, тікұшақпен, әскери көлікпен жүрді. Соңғы Железноводскідегі келіссөз табандатқан он екі сағатқа созылды. Осының бәріне діні мықты денсаулық пен темірдей қатты жүйке керек.

Өйткені, Бакуде, Гянжіде, Ереванда, Степанакертте қан жұтқан қаралы жұртты көрдік. Екі жақ бір-бірін не түтіп жейді, не түгімен жұтады. Анда армян, мында әзірбайжан делегация мүшесін немесе журналисін кепілге алып қалуға бар. Қай қалада болмасын мәжіліс залына кірерде қаралы, кекті қалың топтың арасынан өтуге тура келеді. Солар тек Нұрсұлтан Назарбаевтың төбесін көргенде ғана тынышталады. Басқаға ызалы болса да, бұл қайраткерге құрметін көрсетеді. Екі жағы да солай. Нағыз араағайынның қандай болмағын сонда танығанбыз.

Бір қаладан екіншісіне аттанғанда тікұшақтың бауыры биік таулардың төбесіне тиер-тиместей болып ұшады. Тегіннен-тегін «Таулы Қарабақ» атанбағаны түсінікті. Сол биік таулар қалың ағаш бүркенген. Қалың ағаш арасы оқпаны көтерілген сыңсыған қару. Біреуі болмаса кектенген біреуі тікұшақты атып жіберсе… Тынымсыз ыңыранған аспан көлігі қашан қара жерге аман қонғанша мазасыз ойда отырасың. Демек, осынау атыс пен тартысқа түскен екі республиканың арасына Нұрсұлтан Назарбаев басын бәйгеге тігіп араағайын болып келгенін пайымдайсың. Жай дипломатия емес, ар жағында ержүректік пен батылдық жатқан сапар екенін сонда ұғынғанбыз. Біздің Президенттің бір қасиеті – батырлығы екенін білгенбіз.

Сапардың соңы әдеттегідей баспасөз мәслихатына ұласып, небір құйтырқы сұрақтар қойылып жатты. Мықты болсаң, қылдан таймай, әзірбайжан жағы мен армян жағының көңілін қалдырмай, былайша айтқанда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жауап беріп көрші.

Әзілдеп, астарлап айтпақ тұрмақ, жай адам болса, өзі басын алып шыға алмастай шытырман сұрақтар еді. Жоқ, біздің Президентіміз мүдірген жоқ. Қайта, түлеп, шыңдалып келгендей қалыпта небір күрделі мәселелердің күрмеуін тарқатып берген.

«Осы сапардан соң әлде армян коньягін, әлде әзірбайжан коньягін ішесіз бе?» деген астарлық сұраққа «орыс арағын ішемін» деп қасындағы әріптесі Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцинді де бір мәз етіп еді-ау.

Кавказ төсіндегі арғы тарих пен бүгінгі тығырықтың қыр-сырын толық ашып айтқан. Тіпті, ғұмырын Теміртауда шойын қорытып, болат балқытуға, Қарағанды облысының индустриясын басқаруға, Қазақстан Республикасының Үкіметін, одан республиканың тұтас өзін басқаруға арнамай, тек Таулы Қарабақты жылдар бойы қас қақпай бақылап келген маман сияқты көрінген. Бұл тұста Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті қасиеті – алғырлығы жарқырай көрініп еді.

Қазақстанға қайтар кезде өзіміздің Президенттің жылы ұшағына отырған соң ойымызға «Арғы тарих пен бергі тығырық арасындағы төрт тәулік» деген тіркес оралған. Мақаламызға тақырып етсек пе дегенбіз. Бірақ, алдымен ыстық тамақ, соңынан тәтті ұйқы дегендей, ойымызға қалай келді, солай қайта шығып кетіпті.

Ұйқысыз төрт тәуліктен соң Алматыға оралған тілшілер қаншама сағат бойы ұйқысын қандыруға кіріскенде, Президент елдегі келелі кеңесті өткізіп және бірнеше маңызды халықаралық ұйымдар мен консорциумдар өкілдерін қабылдап тастаған. Сол сапарда біз Президент деген лауазымның қаншалық ауырлығын сезінгенбіз. Беріде баламалы сайлауға түсіп жүрген қайраткерлерге қарап, бойларынан тура Назарбаевқа тән жұмыс істеуге деген құштарлық пен құлшыныс табыла қоярына күдіктенеміз.

Әлі есімізде, Ашхабад, Ташкент, Минск қалаларындағы кездесулер де уақыт жағынан Железноводск қаласындағы кездесуге ұқсайтын. Кейбір Президенттер шаршап, кейбірі өкпелеп дегендей тілшілер алдына шықпай кетіп қалғандарын көргенбіз. Сонда бес-алты, тіпті оншақты әріптесінің атынан «қатепті қара нардай» болып біздің Назарбаев тілшілер алдына келетін. Түсіндіріп сөйлейтін, сәтімен әзілдейтін. Соның біреуінде шаршаған не әбіржіген түрге түскен емес. Бәрекелді!

Арада жиырма жылдан астам уақыт өткен соң теледидардан көріп отырамыз, әлі сол қалпы. Мұндай қажыр мен қайрат жоғарыда жазғанымыздай, басқа азаматтардың бойынан жиырма жыл тұрмақ, Президенттік бір маусымға табыла қойса деңіз! Ал, біздің көкейде қалған «Арғы тарих пен бергі тығырық арасындағы төрт тәулік» деген тіркесіміз басқа ешкім үшін тақырып болмасы хақ.

ЕГЕМЕНДІКТІҢ ЕБІ ЖЕЛІ ескен тұста Президенттің бірнеше аймақтарды аралаған сапарларынан репортаждар жазғанбыз. Соның ішінен Қызылорда-Байқоңыр, Семей-Қарауыл, Талдықорған-Текелі сапарларындағы жекелеген оқиғалар жүрек түпкірінде әлі жүр.
Беріде шетел тұрмақ, облыс­тардың өзінде Президентті қарсы алуға тыңғылықты дайындалады. Ол үшін арнайы Хаттама қызметі жұмыс істейді. Ал, тоқсаныншы жылдар басында, республикаға Президент институты алғаш кіргізілген шақта жұртшылықпен кездесу барысында азды-көпті экспромттар, сол экспромттар салдарынан езу тартар оқиғалар бола беретін. Және біздің мемлекет басшымыз ондайда кісілік қалыптан шықпай, тіпті, өзі әзілдеп, жуып-шайып, жаймалап жіберетін.

Семей ядролық полигонын жауып, айналадағы қалың елді қырық жылғы қияметтен құтқарғаны үшін Абай ауданында халықтың ықыласы ересен еді. Қарауылдың көшесінде қалың елдің ішінен қарапайым киінген бір малшы өзінің мініп келген атын Назарбаевқа мінгізгені есте. Бұл алдын-ала дайындалмаған, айтар сөзі мен киер киімі әлденеше тексерілмеген, жаттандылығы жоқ қалыпты, табиғи көрініс еді. Аттың түсі де ақбоз болғанмен, ар­найы мәпеленген жылқы емес. Шаруа адамының күнделікті мініс аты екені көрініп тұр. Ер-тұр­маны да Президент үшін арнайы жасалмаған. Сол аймақтағы мың­даған малшылардың ұстап жүрген ер-тоқымы.

Мемлекет басшысы осы қара­пайым адамның шын көңілден шыққан ересен жомарттығын бағалап, меселін жықпады. Атты тізгіннен ұстады. Мінді ме, мінбеді ме, ол жағы есімізде жоқ. Әйтеуір, «енді тұнық аспан астында, тыныш жердің бетінде бала-шағаңыздың қызығы үшін еңбек ете беріңіз» дегендей тілекпен атын малшының өзінде қалдырды.

Сол сәтте ойымызда мынадай тақырып қылаң берген: «Бір полигонды жауып – бір ат мінді». Бірақ, ондай тақырыпты республиканың басты газетіне өткізу қиын еді. Сондықтан біздің репортажымыз басқадай стандартты тақырыппен жарияланса керек. Алда-жалда, егер сол тұста біздің бас редакторымыз Назарбаев болғанда, тура осы тақырыпты ойланбастан ұсынар едік және газетте солай жарық көреріне кәміл сенімдіміз.

Әлгі хаттама құрғыр әлде жасал­маған, әлде жасалса да сақтала бермейтін тоқсаныншы жылдар басының және бір мысалын келтірейік. Байқоңырда болған уақиға. Қазақ ғарышкері ресейлік экипаж командирімен және австриялық зерттеуші-ұшқышпен бірге Жер төңірегіндегі орбитаға аттанған сәт. Соншама зор күр­кірмен аттанып, біртіндеп ізі де, дыбысы да зеңгір көкте сіңе берген зымыранға бір минуттай қарап тұрған соң құрметті қонақтардың беті бері бұрылды. Дереу салтанатты митингі басталды. Үш жақтың да ресми өкілдері сөйледі. Шамасы Ресей әскери-ғарыш саласының өкілі болуы керек, тағы біреулерге сөз берілді. Осы тұста «мынаны Австрия канцлеріне сыйлайын деп едім» деп топ шетінен белгілі өнертанушы, кілем жинаушы Мұхамеджан Әлімбаев сөз сұрады. Ол, Байқоңырға арнайы ұлттық көрме өткізу үшін барып еді.

Президентіміз – жомарт жан, оған да микрофон ұсынды. Анау тайсалмастың өзі екен, ұзын-сонар сөйледі де кетті. Сәлден соң тыңдаушы тұрмақ, аудармашы жалықты. Осыны байқаған Нұрсұлтан Әбішұлы өнертанушыға қарап «сыйлайтын кілемің мынадай, сөзің мынадай болып кетті ғой» деп күлді. Бірінші жолы екі алақанының арасын жарты қарыстай етсе, екінші жолы екі алақанның арасы бір құшақ болып ашылды. Мынаны естіген һәм көрген өнертанушы жалма-жан шағын кілемшесін Австрия канцлеріне ұсына салып, топ ішіне қашып кетті. Қазақша түсінетін елдің бәрі қыран-топан күлкіге кенелді. Сонда дейміз-ау, Нұрсұлтан Әбішұлы не зекімей, не қабақ шытпай, бәрін орнына келтіре қойды.

Біздің тіліміздің ұшына сол сәтте тағы бір тіркес оралған: «тұтамдай кілем және сала-құлаш сөз» деген. Әлбетте, газет бетіне басқа тақырып қойдық. Дегенмен, баяғы Абай атамыздан қалған сөз өнерінің шендестіру деген тұсына таласы бар тіркес. Ол шендестірудің түпкі авторы Президентіміз еді.

Ал, Жетісу жерін аралаған сапарында түрлі ұлттар өкілдерінің өнерін көріп, дәмінен ауыз тиген соң Президенттің ойына тың идея түсті. Кешікпей Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Талай басылымдар, қайраткерлер, шетел бақылаушылары «бұл қандай құрылым болмақ?» деп басын қатырғаны белгілі. Тек, Нұрсұлтан Назарбаевтың ойында тұрған идея жылдар жылжығанда ел өмірінен берік орын алды. Тіпті, Ресей сияқты үлкен және айналадағы елдердің алдында жүретін мемле­кеттің өзі Қазақстанның бұл үлгісін қабылдауға көшті.

Тоқсаныншы жылдар басы – жоқшылықтың заманы. Қазіргі бәрі самсап тұрған супермаркеттер онда түске де кірмеген. Салыстырып қарасаңыз, қазір ертегі елінде жүргендейсіз.

Сол жоқ заманда Текелідегі энергокомбинат өз жанынан қосалқы цех ашып, күнбағыс майын шыға­рыпты. Әппақ тәрелкелерге сол майды құйып қойған. Қасына қара нанды тіліп қойған. Абайдан қалған шендестіру! Президент нанды майға батырып, ауыз тиді. Сосын біз де дәмін көрдік. «Қалай, Қайнар?» Нұрсұлтан Әбішұлы бізге қараған. «Таңдайымызға татып кетті» дедік. «Онда Қайнарға бір банкі май беріңдер, келінге алып барсын» деп күлді Президент. Бір комбинатқа бір банкі май сөз болып па, екеуін берді. Осы тұста «бір ауыз әзіл және екі банкі май» деген тақырып туып еді.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТАЛ ТҮСІ жаңа Астананың салынуы мен Қазақстанның дамуы арқылы сипатталады. Ешкімнің таласы жоқ нәрсе: Астана – Нұрсұлтан Назарбаевтың төл қаласы. Егер Қазақстан мемлекетінің тарихында Назарбаев болмаса, онда Қазақстан картасында Астана да болмас еді. Рас, біреу шекараны бекітер. Рас, біреу екі палаталы парламент жасар. Біреу жаңа университет ашар. Бірақ, ешкімнің батылы барып Арқа төсінен он жылда жарқыраған жаңа шаһар салып бере алмас еді.

Жақсының бәрін жаңа Астанаға жинау – Елбасыға тән әрекет. Қай елге бармасын, жарқыраған асылын аңғарады. Елге қайтып келген соң тура содан артық болмаса кем емес ғимарат салуды, өнер ордасын ашуды тапсырады. Түркия сапарынан соң қазақ даласының шағын бірақ көрнекі орындары тегіс орналасқан бедерлі парк пайда болды. Бұған дейін пирамида тектес сауда-сауық орындары Америка мен Францияда болса, енді Астанадағы ондай Пирамида ішінде жер бетіндегі дәстүрлі діндер өкілдері бас қосады.

Астанада осындай жиын өткізудің үлкен мәні бар. Ар жағында Қазақстанның мәңгі тыныштығын қамдау жатыр. Айталық, бір емес екі жаһандық соғыста сол қызу майдан алаңы болған Еуропаның ортасындағы Швейцарияға неге басқыншы табаны тимеді, бомба түспеді? Өйткені, қарсылас, майдандас елдердің бәрінің ақшасы, алтыны швейцар банкілерінде сақтаулы жатқан. Кім өз алтынын өзі талқандайды? Салыстырып қарасақ, Астанаға әлемнің дәстүрлі діндерін жинап, бастарын қосудың ар жағында осындай көреген әрекет жатыр.

Жақсыны жинауы бір басқа, басқа елде жоқ өнер мен сәулет туындыларын жасау жағынан Астана басқалардан асып түсті. Бір «Хан шатыр» неге тұрады. Кейбір атқамінерлер мұның қандай сәулет өнері екенін ұқпақ тұрмақ, «Хан шатыр» деген тіркестің өзін дұрыс айта алмағаны туралы байтақ даланы күлкілі әңгіме кезіп жүр. Осынау бірегей кешенді салу барысын әлемнің атақты телекомпаниясы ерінбей-жалықпай толық түсіріп алуы тегін бе?!

Көшпелі мәдениеттен технология ересен дамыған жиырма бірінші ғасырға аман-сау, шашылмай-тө­гілмей жеткен Қазақстан ғана мұн­дай ерекше сәулет нұсқасын салуға хақылы еді. Салмай қалса, оны да ешкім сөкпейді. Өйткені, әлемнің басқа елдері «Хан шатыр» деген­нің не екенін білмеуі мүмкін. Ал, соларға білдіру үшін, көрсету үшін Назарбаев өзі жобалатып, өзі атын қойып салғызды!

«Хан шатыр» демекші, Моң­ғолиядағы ресми сапар барысында кезекті кездесудің бірі үлкен ақшаңқан киіз үйде өтіп еді. Төрде Шыңғыс ханның малдас құрып отырған алып мүсіні бар екен. Со­ның екі тізесіне қарай екі Президент отырған. Бұл да символдық мәні бар көрініс еді. «Ежелгі бір қа­һа­нның ендігі екі қазығы» деген тақырып санаға сарт ете қалды. Назарбаев пен Очирбаттың Шыңғыс ханның екі жағында отырысын біраз қызықтадық. Иә, қалай десе де Шыңғыс хан құрған алып импе­рияның мына заманға жеткен екі жұрнағы — Қазақстан мен Моңғолия. Тәубе!

«Бәйтерек» кешені туралы да осыны айтуға болады. Баяғы бала кезімізде әжелерімізден еститін алып бәйтерек, оның басындағы алтын жұмыртқа енді ақиқатқа айналып, Астанада асқақтап тұр.

Тоқсаныншы жылдары шетелде не көрсек те соған таңырқайтынбыз. Аузымыздан суымыз құрып айтып келетінбіз. Бірде Лондонда жолсапарға берілген тиын-тебен­ге бала-шағаға естелік алайық деп қонақ үйге іргелес дүкенге кір­­ген­біз. Екі сағаттай бос уақыт бар еді. Бес қабатты дүкенге екі сағат не. Зу ете түсіпті. Дереу ентігіп қайтып келсек, Президент баспалдақтан түсіп келеді. Біз қапшық-қорап­тарымызды арқамызға жасырып, қабырғаға қатып тұра қалғанбыз. Ол кісінің қырағы көзінен жасыру мүмкін емес еді. «Қалай, Қайнар, сауда қызып жатыр ма?» деді. Екі бе­тіміз ду ете түсті. «Қызықтаған екі сағат, қызарған екі бет». Осындай тақырыпты ойлап үлгергенбіз.

Енді соның бәрі бес қабатты дүкені де, сан алуан тауары да өзі­мізде бар. Кімнің арқасы?! Дәл осы тұсқа қандай тақырып қойсаң да артық емес.

Қайнар ОЛЖАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + 13 =