Таңдаған кәсіп – өмір бойы нәсіп

0 234

Саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өміріне әсер етеді. Өз кәсібін дұрыс таңдай білген оқушы оған әр уақытта шығармашылықпен, жауапкершілікпен, қабілеті мен бейімділігі белгілі бір кәсіп саласына сай қалыптасқанда ғана сапалы маман болатыны белгілі. Сол себепті қазіргі таңда мектеп түлектеріне кәсіби бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беру мәселесіне аса назар аударғанымыз жөн. Кәсіби бағдар беру – шешімі табылуға тиісті өте күрделі, кешенді мәселе.Заман талабына сәйкес кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес көптеген мамандықтар мен кәсіптерге дайындау – кезек күттірмейтін талап. Қазіргі таңда кәсіби бағдар беру мәселесі бірінші кезекте тұр, сондықтан білім саласының қызметкерлері – кәсіби бағдар берушілер, оқытушылар арнайы кәсіби бағдар беру терминдерін білулері қажет.
Кәсіптік бағдар беру – қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір оқушының қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, кәсіпке қызығушылығын қалыптастыру мен болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу мақсатында атқарылатын жұмыс. Кәсіптік бағдар беру жұмысы жас ұрпақтың саналы түрде болашақ мамандығын қателеспей таңдауға үлкен мүмкіндік жасайды.
Қазақстанда кәсіптік білім беретін бірнеше оқу орындары бар, соның бірі – білім нарығында 75 жыл сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан Жоғары көлік және коммуникация колледжі.
Колледждегі кәсіптік бағдар беру және жұмыспен қамту бөлімінің жұмысын жандандыру үшін ағымдағы оқу жылында мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беруге және колледж түлектерін жұмысқа орналастыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізу қарастырылып, жүзеге асуда. Атап айтар болсам, былтырғы қараша айынан бастап біздің колледж­ге Сарыарқа ауданының 12 мектебінің оқушылары келіп, оқу ордасымен жақын танысып, оқытушылар оларға мамандықтар туралы салмақты әңгіме өрбітіп, тәжірибе және әлеуметтік серіктестер туралы айтты. Сондай-ақ олар колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, мұражайды аралады.
Кәсіби бағдар беру жұмысын екпінді жүргізу үшін оның ақпараттылығын қамтамасыз ету керек. Колледж мектеп түлектері мен ата-­аналарға мамандықтар туралы ақпарат беру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша барлық мектеп-лицейлерге, Ақмола және Қостанай облыстары бойынша көптеген аудандарға хат жіберілді.
Колледждің сайтына, сонымен қатар Facebook, Instagram парақшаларына жаңартылған мәліметтер үнемі салынып, оқырмандарды қызықтырған сұрақтарға уақытында толығымен жауап беріледі.
2020-2024 оқу жылдарына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша барлығы 400 орын грант берілді.
Аталған білім ордасындағы кәсіптік бағдар және жұмыспен қамту бөлімінің негізгі мақсаты мектеп түлектеріне кәсіптік бағдар беру ғана емес, колледждің бітірушілеріне дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, жұмысқа орналастыруды көздейді.
Қазіргі күні қоғам алдына қойылған негізгі міндеттердің бірі – жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру. Сондықтан да заман талабына сай мамандықты игерген жастарға сұраныс жоғары. Нарықтағы бәсекелестік күннен-күнге артып келеді. Бүгінгі заман талабы кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандықтар мен кәсіптерге дайындау – кезек күттірмейтін талап.
Осыған орай, колледжде бітіруші түлектерді жұмыспен қамту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Әлеуметтік серіктестеріміз: «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ, «Қазақавтодор» РММ, «Транстелеком» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ, «KEGOC» АҚ, «АРЭК» АҚ-мен үнемі түлектермен кездесу ұйым­дастырылады. Соның бір дәлелі ретінде биыл төртінші ақпанда «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы «Экспресс» филиалының Нұр-Сұлтан телімі бойынша сервистік қызмет көрсету бөлімі бастығының орынбасары Керемет Айдарбекова және аға нұсқаушысы Мәди Жеңісбековпен «Жастардың терең білімі – жарқын болашақтың кепілі» атты кездесу болды. Кездесуге келген қонақтар колледж студенттерінің бәсекеге қабілетті, темір жол саласында қызмет істейтініне, ел экономикасының көтерілуіне өз үлестерін қосуға дайын болатынына сенім білдірді. Бұл сөз біздің түлектерімізге жұмысқа орналасуларына үлкен мотивация берді.
Біздің оқу ордамыз «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен де тығыз байланыста. Биыл ақпан айында осы орталық өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары А.Есентеміров мобильді жұмыспен қамту орталықтары, ондағы бос жұмыс орындары туралы айтып өтті. Сондай-ақ ол бизнес-жоспар жасауға, бизнесті жүргізуде қаржыландыру және одан әрі көмек пен қолдау көрсететінін жеткізді.
Қорыта айтқанда, жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі «Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген ұстанымды әрбір мектеп түлектері мен колледж студенттері жадынан шығармауы тиіс деп ойлаймын. Бүгінгі студент – ертеңгі маман еліміздің дамуына үлес қосатынын ұмытпаған абзал.
Мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалауыңызға тілектеспіз!

Манар ИБРАЕВА,
Нұр-Сұлтан қаласындағы Жоғары
көлік және коммуникация
колледжінің бөлім басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 2 =