ТАМЫРДАН ТАРТҚАН ТУЫНДЫ

0 134

Тұңғыш Президент музейінің 10 жылдық мерейтойына орай түрлі шаралар қолға алынып, қоғамның назарына ұсынылуда. Атыраулық қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиев те «Ағаштың құдіреті» атты көрмесін елордалық музейдің думанына арнапты. Астананың алғашқы таңдарын ойға оралтатын қара шаңырақтың үшінші қабатынан орын тепкен көрменің есігі қыркүйек айының соңына дейін көпшілікке ашық. Онда автордың алпысқа тарта туындысы қойылған. Олардың қатарындағы «Батырлар ұрпағы», «Шебердің қолы», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» сынды дүниелер көрерменін көркем ойларға жетелеп, өзгеше әсер қалдырары ақиқат.
Шараның ашылу салтанатында суретшіні аз-кем әңгімеге тартып, өрісі бөлек өнері жайында кеңінен сұраған едік.

– Әсіресе, ағаш тамырынан түрлі бейнелерді өмірге әкелетін қолөнер түрінің өкілдері, менің білуімше, елімізде сирек. Ал, сіз осы өнерге қалай ат басын бұрдыңыз, қандай жағдай ықпал етті?

– Өнер – баршаға ортақ, әрине. Алайда, осындай киелі өлкеге қадам басар алдында өнерге деген сүйіспеншілік керек, ең алдымен. Содан кейін талант, дарын қажет. Сонда ғана қолдан шыққан дүние көзге көрінеді, таңдандырады. Сонда ғана ол ішіңнен шыққан перзент секілді ыстық бола алады.

Енді өзіме келсем, бала кезімнен қиялшыл едім. Балшықтан, ағаштан адам ойына келе бермейтін бірдеңелерді жасауға, құрастыруға, ойып, пішуге құмар болатынмын. Және содан бір ләззат алатынмын. Осылай-осылай жетілсем керек, бірде өзімнің атамның мүсінін жасадым балшықтан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келбетін келістіргенім бар. Өзіме ұнаған дүниелерді қайталап пішіндейтін едім. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде де бейнелеу өнерін жақсы көрдім. Түрлі шаралардың жазу-сызулары менің қолымнан өтетін еді.

Қуанатыным, мен сондай қызығушылықпен тоқтап қалған жоқпын. Әр түрлі көрмелерге, шараларға қатысып, бойымдағы өнерді ұштай бердім. Мен мұнда өнерді сүйе білдім деп ойлаймын. Сондықтан осы саланың ыстығына төзіп, суығына тоңып жүргенім. Әйтпесе, сурет өнерін таңдап, жоғары оқу орнында бес жыл оқыған отыз студенттің тоқсан пайызы кейін өзге саланың құлағын ұстап кетеді. Неге? Өйткені, өнер жолы, расында, қиын!

– Нұрсұлтан, көкейде тұрған бір сауал: сіз неге зергер болмадыңыз немесе суретші болмадыңыз? Дәл осы ағаштың тамырына қалай «байландыңыз»?

– Жаңа айтқанымдай, біріншіден, ағаш пен балшық бала жасымнан серігім болды. Екінші, әскерден оралған кезім еді. Бір әріптесім «Кейбір ұсталар ағаштың тамырынан композиция жасайды. Тамырдан шыққан дүние өте керемет болады екен» деді. Осы сөз мені көп ойландырды. «Ағаш – бала жасымнан жақын. Неге маған да осыны қолға алмасқа?» деген ойға қалдым. Таң қалатыным, ағаштың тамырын қолыма алмай жатып-ақ, ол маған қызықты болып көрінді. Араға көп уақыт салмай, тамыр іздеуге кірісіп кеттім. Тапқан тамырларымды егжей-тегжейлі зерттеп, одан қандай да бір бейне, сурет көргім келді. Табиғаттың өзі ғажайып шебер ғой. Желдің өтімен қисайып, шіріп, бұралып кеткен тамырлар, оның бұрымдары менің санама өзгеше ой құйып, идея тудырды.

– Байқап қарасақ, сіз батыс өңірдің тумасысыз. Алайда, сол батысымызда тал атаулы сирек өседі…

– Иә, дұрыс айтасың. Расында, ағаштың тамырын іздеу маған қиынға соғады. Бірақ, менің маңдайыма бұйырып тұрған туынды кездеседі, әйтеуір. Мәселен, осындағы дүниелердің бәрі – менің осы уақытқа дейін, өнерге қадам басқан күнімнен бастап жиған-тергендерім. Сөйлеп тұрған тамырлар өзі келеді сұранып. Бұл – ізденбеймін, құр қол қусырып жатамын деген сөз емес, әрине. Айталық, студент кезімде ескі әскери мекемені бұзып, орнынан жаңа құрылыс бой көтергенін байқадым. Соның іргесіндегі ескі қараағашты тамырымен қопарып тастапты. Әлгі тамырды сұрап алып, ойып, ша­уып, тазалап, икемге келтіріп едім, «Соңғы шаңырақ» атты композициям дүниеге келді.

– «Ағаштың құдіреті» атты осы көрмені тамашалай жүріп, туындыларыңызды жасау барысында тас, сүйек, тері, күміс сынды бұйымдарды да пайдаланғаныңызды көрдік. Бұл жаңашылдыққа ұмтылысыңыз ба, әлде, жай ғана сәндік үшін бе?

– Ата-бабаларымыздан қалған жәдігерлерді қарайтын болсақ, оларды күміспен, сүйекпен әшекейлеп, безендіргенін көреміз. Ал қолөнер біздің буынға қанымызға сіңген қасиетпен келген. Сол заманның шеберлері өз тұрмыстарындағы аталған заттардың бір-бірімен үйлесетінін білген. Міне, осы үрдіс, тәсіл атадан балаға мирас болып, бізге де жетті. Сондықтан мұны дәстүрді жалғастыру деуіміз керек.

Маңғыстау өңіріне бір шайсандық сыйлағаным бар еді. Тұтастай түйенің қабырға сүйегімен қапталған. Сол туындыны олар осы Астанаға дейін алып келді көрсетуге. Сүйек пен ағаштың бір-біріне үйлесіп, жарасым тапқаны сондай, көрген жанды қызықтырмай қоймайды. Басқаның емес, бабаның өнерінен, әлбетте, қазақтың иісі аңқып тұрады.

– Нұрсұлтан Молдағұлұлы, «Шебердің қолы» атты шығармаңыздың құны үш миллион теңге екенін естіп қалдым. Тым қымбат емес пе?

– Негізі, өнер бір-бірін қайталаудан тұрмайды. Сол сияқты, «Шебердің қолын» мен де, өзге шеберлер де қайтадан жасай алмайды. Оның орны, әсіресе, мен үшін бөлек. Өйткені, бұл – терең толғаныстан, ұзақ ойдан туған жұмыс. Табиғаттың өзі санама ұқтырып, ұсынған композиция. Сондықтан мұны тектен-текке бере салуға қимаймын, шынымды айтсам. Ал мұны жақсы ақшаға сатып алған адам, әрине, жақсы жерде сақтайды.

Сұхбатты жүргізген:
Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =