«ТАМАША ӘНМЕН КЕЛІП ЕДІ КӨКТЕМДЕ»

0 261

IMG_7995

1 сәуір – дәулескер күйші, композитор, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Нұрғиса Атабайұлы аман болса, осы күні 89 жасқа келер еді. Астана қаласының мемлекеттік филармониясы «Конгресс-Холл» сарайында осы датаға орай композитордың шығармаларынан «Тамаша әнмен келіп еді көктемде» атты концерт өткізді.

IMG_8024Әйгілі «Құстар қайтып барады» әнінің осы тармағында Нұрғиса Тілендиевтің өзі жайлы айтылғандай. Көктемде дүниеге келген ол артына небір керемет әндерді қалдырды. Тек ән ғана емес, 500-ден аса шығармаларының арасында күйлер, романстар, увертюралар, оркестрлік поэмалар, кантаталар, опера мен балет те бар. Қазірде қызы Дінзухра дирижерлік ететін «Отырар сазы» оркестрі де оның «баласы». Бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеген «Қыз Жібек» көркем фильмі мен «Ақсақ құлан», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмдеріндегі музыка да Нұрғиса Тілендиевтің туындылары.

«Менің атым Қожа» фильміндегі бір кадр – Сұлтанның азғыруымен Қожаның жайлаудағы тойға барып, оның қызықтарына батқан сәті есіңізде болар. Сол кезде де Нұрғисаның ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Саржайлау» әні де шырқалады ғой. Иә, концертте осы туындылардың бәрін қамтуға мүмкіндік болмаса да, біраз шығармалар орындалды.

Кешті қазақ халық аспаптары оркестрі (бас дирижері және көркемдік жетекшісі – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор IMG_80241Айтқали Жайымов), симфониялық оркестр (дирижері халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Бақтыгерей) және камералық хор (дирижері Мәдениет қайраткері Гүлмира Құттыбадам) музыкамен көркемдеді.  Небір майталман әншілер Нұрғиса Тілендиевтің әндері мен күйлерін орындады. Олардың арасында Халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Нұржамал Үсенбаева, танымал өнер жұлдыздары Бағдат Сәмединова, Айгүл Үлкенбаева, Азамат Жылтыркөзов,Айгүл Қосанова, Айзада Капонова болды.

Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов бала жасынан Нұрғиса Тілендиевтің шапағатына бөленген. Оның талантын тани білген Нұрғиса Қайраттың жиырмаға да толмаған жасына қарамастан «Қыз Жібек» фильміндегі әндерді орындатқан. Осы концертке Қайрат та келіп, Нұрғиса ағасына құрметі азаймағанын көрсетті.

Нұрғиса Тілендиевтің біраз әнін халыққа жеткізген Нұрғали Нүсіпжановтың айтқан ойы әсерлі шықты. «Нұрғиса қазақ ән өнеріндегі шоқтығы биік, талғамы жоғары композитор еді. Оның мұрасын зерттеген бірнеше адамға ғылым докторы атағын алуға мүмкіндік бар. Осыдан-ақ Нұрғисаның қалдырған мұраларының көлемін біле беріңіз. Ол адамды екі руға бөлетін: таланты бар және таланты жоқ деп. Таланты бар адамды төбесіне көтеретін. Талайының көзін ашты. Ізгілікті, тазалықты жақсы көретін. Сондықтан да оның бойынан осындай әндер мен шығармалар дүниеге келді» деді ол. Айтса, айтқандай-ақ екен.

Не керек, Нұрғали ағамыздан басқа да Нұрғиса Тілендиевпен араласқан әншілер ол жөнінде ақтарыла сөйледі. Ал, ән мерекесіне қарық болған көрермендер концерттен жадыраған көңіл-күймен тарқады.

IMG_8007

 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × four =