ТАМАҚТАН УЛАНУДЫҢ ЗАРДАБЫ ЗОР

0 518

chto-delat-esli-otravilsja-edoj-04-780x400

Жыл сайын жазғы маусымда Астанада тамақтан уланған 200-ге тарта жағдай тіркеледі. Қалай сақтану керек? Азық-түлік, тағам түрлерін тұтынғанда неден абай болған дұрыс? Ол жөнінде бізге Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Шах-Мұрат СПАНОВ айтып берді.

– Тағамдық токсикоинфекция, яғни, ішектің жіті жұқпалы аурулары ненің салдарынан пайда болады?

– Оған әдетте құрамында микро­ағзалар мен токсиндердің уы жайылған тамақ жегеннен душар болады. Адам аяқасты әлсіреп, ас­қа­зан мен ішегі бүріп ауырады. Әдетте, аурудың топ­тық сипаты жиі кез­де­седі. Улану кез келген адам ағзасында қалыпты деңгейде болатын протеи, клебсиел, энтеробактерия сияқты шартты-патогенді бактерияларды қоздырып жібереді. Адам әлсірегенде, олар керісінше белсеніп, ішек ауруын туғызады. Шартты-патогенді бактериялардан бөлек, көп жағдайда ауруға стафилакокк сияқты патогенді, яғни, ауру қоздырушы микроағза себеп болады. Мұндай инфекция азық-түлікте, ашық су көздерінде, ауру адам немесе бактерия тасымалдаушы жануарлардың нәжісінде, тіпті, қоршаған ортадағы кез келген нәрседе кездесуі мүмкін. Алайда, қоздырғаштар даярлау, тасымалдау, сақтау кезінде бүлінген тағам арқылы, көбінесе ет, сүт, іркілдек (холодец), паштет, котлет, балық, винегрет, түрлі салат арқылы тарауы мүмкін.

– Яғни, күнделікті тұтынатын ас-суымызға абай болу керек десеңізші?

– Дұрыс айтасыз, уланып қалмас үшін тамақтың қандай жағдайда дайындалғанына, сатушының арнайы киімі бар-жоқтығына назар аудару керек. Әсіресе, ет және ет тағамдарына сертификат пен ветеринар анықтамасын сұраған артық етпес еді. Оны талап етуге кез келген адамның құқығы бар. Жаз шыға жер-жерде самса, бәліш, вафельді тостағандағы сұйық балмұздақ, түрлі сусын сатушылардың қарасы көбейеді. Байқасаңыз, сатушылардың дені – жастар, көбінде медициналық-санитариялық кітапша жоқ. Ал көпшілік сауда орындарында қарапайым қол жуғыш, тоңазытқыш деген болмайды. Сондықтан мұндай жерлерден шама келгенше аулақ жүрген жөн.

– Аурудың белгілері қандай болады?

– Инфекцияның іштен қозып, жабық жағдайда өршуі екі сағаттан бастап екі тәулікке дейін созылуы мүмкін. Жүрегіңіз айнып лоқсисыз, кейін қайта-қайта ішіңіз өте бастайды. Іш ауруымен қоса көп науқас қалтырап, дене қызуы көтеріледі. Артериалды қысым төмендеп, өң-түстен айырылып бозарады, кейде талып немесе сіңірі тартылып қалады.

– Уланып қалудан қалай сақтанса болады?

– Мынадай қарапайым гигиеналық ережелерді ұстануға кеңес береміз:

Біріншіден, тамақ дайындар алдында, сонымен қатар, шикі етті ұстағаннан кейін қолды сабындап жууды, әсіресе ет тураған тақтай мен пышақты басқа нәрсеге қолданар алдында жууды ұмытпаңыз;

Екіншіден, көкөніс пен жеміс-жидекті мұқият жуыңыз;

Үшіншіден, мұздатылған құс етін асықпай ерітіп алған дұрыс. Қысқа толқынды пешке салмай, мүмкін болса тоңазытқышта бабымен жібіген ет бактерияның көбеюін болдырмайды;

Төртіншіден, ет, балық тағамдарын жақсылап қуырыңыз. Ет пен құс етін, балықты бір тәрелкеге салмай, бөлек-бөлек сақтаған дұрыс;

Бесіншіден, бар, буфет, дәмханалардан тамақтанғанда, абай болыңыздар;

Алтыншыдан, сейілге шыққанда өзіңізбен бірге қолға ұстауға ыңғайлы, жеңіл тоңазытқыш камерасын алып жүрген артық етпейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 4 =