ТАЛТҮС

0 171

Әңгіме – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов туралы. Иә, ол ердің жасы, өмірінің талтүсі, елуге толып жатыр. Кім болмасын, оның ішінде, өнер адамы үшін, не тындырдым, өзіндік өрнегімді таптым ба деп өзіне-өзі сұрақ қойып, алды-артына дұрыстап бір қарап алатын жауапты белесі ғой бұл.

Болат Ұзақовтың шығарма­шы­­лық ізденісі мен толысуы Қазақстанның тәуелсіздік алып, іргесін түзеп, егемен ел ретінде еңсесін көтеріп нығая түскен жылдарымен тұспа-тұс келіп қана қойған жоқ, екеуі бір-біріне тонның ішкі бауындай байланды да тағдырлас, өзектес болды. Яғни, алғашқы жылдардың қиындық тауқыметін өзі таңдаған еңбек саласында туған жұртымен бірге бөлісіп, бастан бірге кешісті. Алматының Т.Жүргенов атындағы өнер институтын бітірген бетте еңбек жолын Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында актер болып бастап, жастық балаңдығына қарамастан М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» драмасында Ақжігітті, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Кебекті, «Хан Кенесінде» Наурызбайды ойнап, әу дегеннен-ақ тұлғалы кейіпкерлер бейнесін сомдаған болатын. Ақын І.Жансүгіровтің 100 жылдығында оның «Күйші» поэмасын шебер сахналағаны үшін «Матай» қорының бас жүлдесін иеленді. Осылайша бойындағы жаңа қабілет көзінің ашылуы бұрын өзі оқыған институт про­фес­­соры М.Байсеркеновтің режис­­серлық курсына түсіп, оны ой­да­ғыдай тәмамдап шығуына жол көрсетті. Бұл – сол кездегі елдің жүдеулігі мен өнерге бөлінетін қаржы тапшылығынан қазақ театрларының шаруасы күйзеліңкіреп тұрған шағы-тын. Алайда, Астанада тұңғыш қазақ театры ашылғанда Президент ұсынған 2030 бағдарламамен қанаттанған қажырлы азаматтар қатарында, оның іргетасын қаласып, шаңырағын көтерісу үшін алғашқы лектің соңын ала, арнайы шақырумен, Б.Ұзақов та осында келіп жетті. Бұл қадамының қаншалықты сәтті болғанын мынадан көріңіз: ішінде М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды», «Еңлік-Кебегі» бар, жиырманың үстінде әр алуан жанрлы спектакль қойды. Ал бұл күндері театр сахнасында оның алты бірдей қойылымы жүріп жатыр. Жанрлық тұрғыдан да, сюжеттік мазмұны жағынан да алуан-алуан дүниелер. Және әлемдік классика мен ұлттық жауһарлар, бұған дейін есімі беймәлім боп келген жаңа авторлар – бәрі тоғысқан. Бұл, әрине, бір қарағанға режиссердің өнер иесі ретінде кең тыныстылығын, сонымен бірге, азамат ретінде өзі сияқты өнер жасаушы әріптестеріне «оған да болсын» дейтін кеңпейілді ақ ниетін де байқатады. Ол қойған У.Шекспирдің «Гамлеті» бүгінде Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық театрдың, қай елдің сахнасынан болмасын, міне деп ұялмай көрсететін жауһарларының біріне айналды. Ал Гамлетті ойнаған Нұркен Өтеуілов 2012 жылдың Үздік актеры деген мәртебелі атақпен марапатталды.

Аты естілгеннен-ақ кез келген есті жанның Отанға, жерге деген сүйіспеншілігін оятып, жігерін қайрайтын, жүрегін шымырлатып, жан дүниесін толқытып, көңілін мұңға бөлейтін қазақтың қаһарлы соңғы ханы Кенесары тағдырына арналған қойылымы ше? Иә, қазақ әдебиеті әлемінде өзіндік сөз өрнегі, ой толғамы, образ жасау қарымымен қалың оқырман жүрегіне жол тапқан талантты жазушы Думан Рамазанның қаламынан шыққан бұл тұңғыш пьесасы көңілі таза, жүрегі жомарт шебер режиссерға тап болғаны қандай ғанибет. Ұлы адамдардың махаббаты да ұлы болып келеді ғой. Мұны оқырман әрі көрермен қауым, мысалы, атақты Шыңғыс ханның өсек-аяңның ешбіріне мән бермей,тіпті, құлағына да ілмей сүйікті жары Бөрте үшін жан салып күресетін, оған деген кісі таңғаларлық махаббат хикаятынан жақсы білсе керек-ті. Міне, Думан да Кенесарыдай жауына ымырасыз қаһарлы қатал ханның адами болмысын анықтайтын басты қасиетіне, яғни, оның жарына қалай қарайтынын, оның жүрегіндегі сүйіспеншілік қуатын көрсетуді мақсат еткен-ді. Режиссер Б.Ұзақов пьесаның нәзік те қуатты, ойлы да әсерлі осы тұсын тамыршыдай тап басып, байытып іліп әкеткен. Мен бұл пікірді Думанның өз сөзіне сүйеніп айтып отырмын. Арамызда «сен жазған екенсің, мен қоя салайыншы» болған жоқ. Тұтас сюжеттік желі тұрғысынан ғана емес, әрбір көрініс, монолог, сөз тіркесі, жеке сөз тұрғысынан да талқыланды дейді Думан. Спектакль жақында Көкшетау театры сахнасында да қойылды. Мұнда да жұртшылық ойынды жылы қабылдап, ерекше сүйсініс білдірген. Бұл қойылымның ең басты нәтижесі – екі ел арасындағы мәдени байланыстар бағдарламасы аясында бізге әкеліп көрсетіңдер деп түрік ағайындардың әдейі таңдап, қалап алғаны еді. Сөйтіп, «Кенесары-Күнімжан» спектаклі қашаннан әлемдік мәдениет орталықтарының бірінен саналатын Стамбулда және Анкара қаласында түрік тілінде сөйлеп, Кенесары бейнесі арқылы қазақ рухының ешуақытта аяқ асты болмағанын, Құдай қосқан қосағына, балаларының анасына деген Кенесарыдай ұлы тұлғалардың шынайы махаббаты кеудені шіреп тұрғанда азаматтық рухтың ешуақытта аласармайтынын асқақтата паш етті. Сөзімізде келтірілген деректерді көлденең тарта отырып, режиссер:

Болат Ұзақов – дарынды жазушы. Думан Рамазанның драматург ретінде де жолын ашып, оны осы өнердің үлкен сара жолына шығарып салды деуімізге болады. Оған риза болуға тиісті тағы бір жас автор – Қанат Жүнісов. Сәкен Сейфуллин туралы деректі фильмдерде ақын боп ойнап, жұрт көңілінен шығып, мақталып жүрген азамат. Оның да тұңғыш тырнақалды туындысы – «Махаббат мелодрамасы» театр репертуарынан өз орнын тапқан. Кезінде студенттер кеші үшін жазған едім, Болат оны құлпыртып үлкен сахнаға шығарғанда, алдымен мен өзім қайран қалдым дейді Қанат мырза ағынан жарылып. Шынында, сюжетінде пәлендей сонылық жоқ, әдебиеттің қай жанрында да талай жырланған, суреттелген тақырып. Қазақы тәрбиемен ауылда бұла өскен аңқау қыздың қаладағы тіс қаққан әккі жігіттің арбауына түсіп, алданып қалуы қоғамның, ізгілікті көксейтін талай ақын-жазушының әр кезде де қабырғасын қайыстырған ғой. Солардың ішінде жазушы Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» хикаяты, кейін соның желісінде қойылған осы аттас спектакль өнердегі шоқтығы биік дүниенің бірі болған-ды. Заман өзгерді, пәк қыз деген ұғым қалып барады десек те, махаббаттағы адалдық, шынайылық бүгінгі жастарды да алаңдатады екен. «Махаббат мелодрамасына» деген суымай тұрған көрермен ықыласы осы сөзіміздің дәлелі. Сөйтіп, бұл спектакльдің тағ­дыры да режиссер Болат Ұза­қов­тың кәсіби шеберлігінен нәр алғанын көрсетеді. Жалпы,­ ол қой­ған спектакльдерден мен оның «өзім білем» тарпаң мінезін бай­қамадым. Классиканы қалай сыйлайтыны «Гамлетінен» көрінді. Авторларды қалай құрметтейтіні «Кенесары-Күнімжан», «Махаббат мелодрамасынан» көрінді. Осы орайда оның «Күшік күйеуі» де – бітімі ерекшелеу тұрған қойылым. Турасы керек, социалистік қоғам тұсында жазылған драмалық шы­ғар­малардың көбі уақыт сынынан өте алған жоқ. Ал «Күшік күйеуге» деген көрермен ықы­ласы арта түспесе, суитын түрі көрінбейді. Себебі, классик жазушы-драматург Т.Ахтанов кезінде қазақ қоғамындағы ескі мен жаңаның шарпысуын, ана тілге деген немқұрайдылықтан басқа елдің мәдениетіне талғау-талғамсыз еліктеу мен солықтаудың жастар арасында белең алып бара жатқанын жіті байқаған-ды. Бұл жағдай біздің қоғамымыз үшін әлі де болса түйіні толық шешілмеген келелі мәселелердің қатарында екені мәлім. Міне, осынау ұлттың жүрек жарасындай болған тақы­рып­қа арналған спектакльді мен соңғы жылдары Ғ.Мүсірепов атын­да­ғы академиялық жас­­тар теат­ры мен Бикен Римова атындағы Тал­ды­қорған театрларының сахна­сы­нан да көрген болатынмын. Салыстырсам, менің өз түсінігімде, нәтиже Болат Ұзақовтың пайдасына қарай ойысып тұр. Алғашқы екі театрдың сахналық шешімінен, артистердің ойын мәнерінен, сөз саптауларынан ескіліктің лебі есіп, бүгінгі күнмен орайласа алмаған олпы-солпы тұстары анық байқалса, Б.Ұзақов соның бәрін тап бүгінгі күннің өзінен ойып алғандай етіп, хас шеберлікпен жігін білдірмей шешкен. Өнерлі азаматты, әдетте, «Бір сырлы, сегіз қырлы» деп дәріптейміз ғой. Осы ретте оның өзінің де пьеса жазатынын айтқанымыз ләзім. Демек, сөзбен жұмыс істейтін адам болғандықтан ол оның машақатын да, құдыретін де жақсы біледі деген сөз. Мысалы, «Күшік күйеуде» бұрынғы ескірген ұғымдардың орнына бүгінгі жастардың аузындағы жаңа сөздерді пайдаланған, олар­дың жүріс-тұрысын, киім киісін, әрекет ортасының безендірілуін – бүгінгі өзгерген жаңа жағдаймен орайын келтіре сәйкестендірген. Спектакльдің еш фальшсыз жа­ңа жазылған дүниедей, соны қойылымдай қабылданатыны сондықтан. Мен режиссер Б.Ұза­қов­тың актерлардың жүріс-тұрыс, қимыл-әрекетіне еркіндік беріп, сахнаны кең ұстайтынын, сахнадағы әрбір заттың кейіпкер образын ашуға жәрдемін тигізе­тін­дей етіп пайдаланатынын байқадым. Еркіндік дегеніміз шабыт қой. «Көзімді жұмсам да көрем сені» дегендей, «Махаббат мелодрамасында» актер Ерлан Малаев сомдаған продюсер Әмір бейнесін, «Күшік күйеудегі» актерлар Бақыт Исабекова мен Күлзия Қожахметова бейнелеген қос құрбы Гүлжамал мен Биғайша тұлғаларын кез келген әсершіл жанның спектакльден кейін біразға дейін ұмыта қоюы екіталай. Басқаша айтсам, әсіре қызыл тез оңар деп режиссер Болат Ұзақов ойынның сыртқы жылтырағын алға шығармайды, жосана болса қайтеді деп, образ – бейне жасауға күш салады. Оның пьеса мәтініне, жалпы драматург – авторға құрметпен қарауының басты сыры, менің түсінгенімде, оның осындай білімдарлық байыпты ұстанымында жатыр. «Сылдырап өңкей келісім» деп Абай айтқандай, автор, режиссер, актер – осы үш таған: «мен артық, сен кемсің» деспей, өзара тең тұрғыда үйлесім тапқан жағдайда спектакльдің иі қанатыны, бағы жанатыны өнерсүйер қауымға қашаннан мәлім. Режиссер Б.Ұзақов осынау қарапайым да жауапты қағидатты берік ұстанады-ау деп топшыладым. Әрине, Болаттың суретші, балетмейстер, хормейстер, дыбыс режиссерымен шығармашылық тұрғыдан өзара ынтымақтастығы жайында да біраз ой толғауға болар еді. Әттең, әңгімем ердің жасы елуге келіп, шығармашылық қызметінің шаңқай түсін қорытын­дылап жатқан суреткер туралы болғандықтан, сөзді бұдан әрі соза берудің қисыны жоқ деп білем. Тек ойымды түйіндеу үшін айтарым, алуан тағдырлы адамдардың өмір үшін күресі, күйініші мен сүйініші арқылы қоғамның қайшылықтарға толы даму кезеңдерін көз алдыңа жарқыратып жайып салатын осынау ежелгі сұлу өнердің тұтқасын берік ұстағандардың қатарынан, елу деген мерейлі жасқа толып,­ қаңтардың 25 күні театрда шығармашылық есеп беру кешін өткізгелі отырған Қ.Қуанышбаев атындағы мем­ле­кет­тік академиялық қазақ драма театрының, бергенінен әлі де бе­рері көп.

Өтен АХМЕТ,
өнертанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + twelve =