Тәлімсіз телеөнімдер

0 161

Бір құбылыстың пайдалы және пайдасыз жағы болатыны белгілі. Оның ішінде кезінде адамзат үшін цифрлық дамудың көрсеткіші болған телевизия да бар. Елімізде телевизия дәуірі басталған кездің куәгерлері оның ақпараттық бағытына қоса жас ұрпақ үшін ағартушылық, танымдық, эстетикалық тәрбие құралына айналғанын айтады. Әр үйді әлеммен жалғап, телекөрермен үшін зияткерлік өсу бастауларының бірі болған көгілдір экранды уақыт өте парықсыз, тәлімсіз өнімдер жайлайды десе, олар сенбес еді.Бірнеше жыл қатарынан ұятты белден басып, тәрбиемізге жат тақырыптарды көтерген, қатысушыларының дөрекі мінез, анайы, былапыт сөздерімен жастардың санасын улаған «Қалаулымнан» құтылдық па дегенде, телеарна басшылары оның шапанын теріс айналдырып кигізіп, «QosLike» телевизиялық шоуын экранға шығарды. Арна идеологтарының тақырып таңдаудағы тапқырлығын қараңыздаршы: «QosLike» деген «ҚосЛайк» деп оқылса да, бір-біріне көз салып жүрген қыз-жігіттердің жүрек түкпіріндегі нәзік сезімін білдіретін «Қосылайық» деген сөзге айналатынын дөп басқан.
Бұл бағдарламаны тілге тиек еткенде мақтауға тұратыны осы ғана болар: телеөнім жасаушылар көрерменді тарту тақырыптан басталатынын есте ұстауы керек.
Құлаққа жылы естілер атауды көргенде, бәлкім, телеаудиторияның жасы үлкен бөлігі де жақсылық күткен болар. Себебі жаһандағы некелесуге асықпайтын үрдіс бізге де келіп, жыл өткен сайын елдегі шаңырақ көтеру статистикасы төмендеп бара жатқаны белгілі. Сондықтан жаңа бағдарлама теңін таппай жүргендерді бір-біріне жалғаудың халқымызға тән әдемі салттарын насихаттайды деп ересек көрермен дәмеленіп қалғаны рас.
Бірақ «Самарқанда бір апам бар, менен де өткен сорақы» дегеннің кебі келді: бұл бағдарлама бейбастақтығы, жастарға жағымсыз үлгі көрсетуі жағынан бұрынғыдан да асып түсіпті. Шыны керек, өзім бұл бағдарламаны тұрақты қарамаймын. Әлеуметтік желідегі жұрттың пікірі әралуан. Айтуларынша, бағдарламаға қатысушылардың өрескел қылықтары, бет жыртысып ұрсысу, бір-бірінің жағасынан ала кету, өсектеу, қойыртпақ тіл, тағы басқа жағымсыз жайлар еш сүзгіден өткізілмей, эфирден беріліп жатады. Сондағы мақсат не?
Түсінікті болу үшін бір шегініс жасайын. Ана бір жылдары осы арнада «Пендеміз ғой» деген хабар жүрді. Қатысушылары бағдарламаға мұңын шағып келген жандарға ақыл айтып, кеңес беретін ересек кісілер болады деді мені шақырған адам. Бір-екі хабарына сарапшы ретінде қатысқаным бар. Шоу дегеннің қалай түсірілетінін көргенім де сол кез.
Сарапшылардың екеуі ер кісі екен. Әлгілер күйеуінен ұдайы таяқ жеп, ақыры науқасқа шалдыққан келіншек пен көңіл жарастырып жүрген жігітінен аяғы ауырлап, босанған, енді баласын құшақтап, «Ана үйінде» жүрген жас әйелге бірден дүрсе қоя берді. Кеңес береді, жол нұсқайды деген адамдардан мұндайды күтпеген мен аң-таң қалдым. Сол сол-ақ екен, студия іші азан-қазан болды да кетті. Біреуі әйелдерді жақтап, екіншісі еркектерді қолдап, бір-біріне сөз бермей, тамақтары қарлыққанша айқайласып жатты.
Тағып берген аппаратын жұлып тастап, «мынау не сұмдық?» деп атып тұрған маған жүргізуші жүгіріп келіп, бағдарламаның «шоу» форматында түсірілетінін, ана адамдар сондай «рөлді» ойнайтынын түсіндіріп жатыр. «Неше жерден шоу болса да, сіздерге экранның ар жағында отырған адамдардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беруді ойлау керек. Осындай жайларға тап болып жүрген жандар аз ба? Соларға бір пайдаларыңыз тиюі керек қой. Шоуды көріп отырған жасөспірім ұлдар еркек болуды мына «сарапшылардан» үйрене ме сонда?» деген сұрақтарым жауапсыз қалды. Қипақтаған жүргізуші бар болғаны «апай, тапсырыс сондай…» деген-ді.
Міне, мәселе қайда жатыр! «QosLike» дегеннің де тапсырысы сондай емес пе екен? Жастарын ұлттық құндылықтарды тәрк етіп, жағымсыз нәрселерге баулу, өмірдің жылтырақ жағына бейімдеу кімге керек?
Бағдарламаға тұрақты қатысып, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей жүрген қыз-жігіттерге ақы төленетінін, киім, тамақ берілетіні жасырын жай емес. Осыдан бір жыл бұрын «Tengrinews.kz» тілшісі «Qalayym Live» шоуының бұрынғы қатысушыларымен тележүргізуші Мұхит Сапарбаевтың кездесіп, бірқатар сұрақтарға жауап алғаны туралы жазды. Журналистің бағдарламадан қанша ақша алдыңдар деген сұрағына «Ай сайын алатынбыз. Шамамен 125 мың теңгедей шығатын» деп жауап берген.
Солардың сәнді киіміне, шаш қойыстарына, әдемі әрленген беттеріне қарап телеэкран алдындағы қаншама жастың өресі төмендеп, көкжиегі тарылып бара жатқанын ата-анасы байқамайды ма екен? Жалғанға жар салып, әйел, күйеу іздеген қыз-жігіттің әке-шешесі солай таңдалған келіннің, күйеудің босағаларына береке әкелетініне сене ме екен? Ұлы мен қызының мұндай бейәдеп бағдарламаға қатысуына, оның телеэкраннан беті көрінгеніне мәз болып жүрген әке-шешенің де кінәсі бар…
Ана бір жылы елден келген таныс апайымыз ауыл әйелдерінің «Қалаулымнан» басқа әңгімесі жоқ екендігін айтқан. Осы мақаланы жазу барысында қызық үшін хабарласып, «QosLike» дегенді қарайсыздар ма деп сұрадым. Қарағанда қандай! Сағаттап отырады екен. Олар экранға қадалып отырғанда талай үйдің малы ұрланып кетіпті.
Мал ештеңе емес-ау, рухани құндылықтары ұрланып жатқанын біле ме қайран халық? Ал уәкілетті мемлекеттік орган ше? «Еуразия» арнасы осындай хабарларымен жастардың жан дүниелерін аздырып жатқанына неге жол беріліп отыр?
Қарап отырсақ, бағдарламалардың атауы адамдарды арбап, адастыруды ойлап қойылатын сияқты. «31-арнадан» берілетін «Кел, татуласайық!» реалити-шоуын да атауына қарап, ата-ана мен баланың, туыстардың, достардың, тіпті ғашықтардың арасындағы даулы жағдайларды ушықтырмай, бір-біріне кешірім жасауға үндейтін бағдарлама болар деп ойлауға болады. Себебі көптеген елдерде даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешу бұрыннан жолға қойылған. Бұл үрдіс біздің елге де келіп, тіпті «Медиация туралы» заң да қабылданып, нәтижесінде одан адамдар да (адвокат жалдап ақша шығармайды, жүйкесі тозбайды, серіктестерімен арақатынастары сақталады), сот жүйесі де (қаралатын істер ауқымы азайды) ұтты. «Кел, татуласайық!» реалити-шоуын осы игі істі насихаттап, халықты хабардар етер танымдық бағдарлама бола ма деген үміт далада қалған сияқты.
Бірнеше хабарда зорланған қызды зорлаушымен татуластырмақ болуы; енді бірде көрші мемлекет азаматына жүргізушінің: «еліне қайта алмай жүр ғой» деп аяушылық танытуы; студияға хабарласқандардың бар кінәні зорланушы қыздарға артуына жүргізушінің тоқтау салмауы, тіпті бір қатысушының: «…осылай жылатқан әлгі «зорландым» деген қыз өмірінде бақытты болмайды» дегенін жүргізуші қолдап: «Өте дұрыс айтасыз, біреуді жылатып бақыт таппайсың» деуі ақылға сыймайды! Тіпті бұл бағдарламалар зорлық жасаушылардың тапсырысымен түсірілгендей әсер қалдырады.
Мысалы, бір оқиғадағы кейіпкер әйелдің ұлы «туған ағасының 11 жасар қызын зорлады» деген айыппен сотталғаны айтылады. Жүргізуші бұл жолы да кейіпкердің ұлы еш кінәсіз екеніне жұртты сендіруге тырысып бағады. Телеэкран арқылы педофилияны насихаттайтын мұндай бағдарламаға қалай рұқсат берілген?
Жалпы рейтингтің жолына ұят пен намысты құрбан етіп, қазақы құндылықтарымызды аяққа таптайтын бағдарламалар, шоулар түсіріп, жарнамалар тарататын арналар қызметіне тиісті орындар тарапынан назар аударатын кез келген сияқты. Телеэкраннан ұлттық құндылықтарды тәрк етіп («QosLike» – «Еуразия»), арсыздықты насихаттайтын, атаның келінмен, күйеу баланың енемен төсектес болуын дабыралайтын («Астарлы ақиқат» – «КТК»), зорлық-зомбылықты ақтайтын («Кел, татуласайық!» – «31-арна») бағдарламалар не тиісті сүзгіден өткізіліп, не эфирден алынып тасталуы керек деген ойдамыз.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 14 =