Тәлімге төгілген тер – ертеңнің еншісі

0 276

Астана қаласының әкімі И.Н.Тасмағамбетовтың Астана қаласы білім беру саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясында сөйлеген сөзі

Құрметті қауым!
Ардақты ұстаздар!

Өздеріңізбен жыл сайынғы дәстүрлі Тамыз кеңесінде бас қосып отырмыз. Мақсатымыз – қаламыздағы ілім мен білім мәселесі турасында алқа құрып, ақыл қосу.

Әрине, елордадағы бұл саладағы жағдайды Сіздер жақсы білесіздер. Өздеріңізге – ұстаздар қауымына деген Елбасының ерекше қамқорлығы мен назарын да көріп-сезіп жүрсіздер. Өз тараптарыңыздан бұл сенімді маңдай тері – еңбектеріңізбен ақтап та келесіздер.

Десе де, мәселеміз жоқ, көңіліміз тоқ дей алмаймыз. Оны осындай жиында айту­ымыз керек. Сіздерді сынау үшін емес, ұл-қызымыздың білгені мен білмегеніне сын көзбен қарау үшін айтамыз. Оқушы мен оқытушыны емес, оқып отырған кітабымыз бен құралымызды, амалымыз бен әдісімізді түзеу үшін айтамыз.

Өйткені біз сағат сайын жаңғырып, күн сайын таң қалдырған жаңа заманда өмір сүрудеміз. Бұл қатынасы аралас, өмір-ортасы біртұтас боп кеткен, жаһанданған заман. Олай болса, бүгінгі білім турасында айтқанда төл жүйеміздің бағасынан бұрын, оның жаһандық ой-өрістен алатын таласын қозғауымыз қажет.

Бұл сіз болып – біз болып сараптан өткізіп, ой елегіне жеткізетін маңызы зор мәселе. Тек тәлімнің амалын емес, осы заманның талабын түсінетін, жаңалық пен жасампаздыққа жүгінетін ұстаздар ортасында талқылайтын дара дүние.

Міне, бүгінгі әңгімемізді де осы тақырыптан бастағанды жөн көріп отырмын.

Қадірлі мұғалімдер қауымы!
Қымбатты әріптестер!

Жаңа оқу жылы қарсаңында Өздеріңізбен кездескеніме шынайы қуаныштымын. Осынау жүздесуге әзірлік барысында мен өзімнің бұған дейінгі тезистеріме үңіліп шыққанды жөн көрдім, сол арқылы бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы мен өзегін анықтаудың сәті түсті.

Тамыз кеңестерін өткізу тә­жірибесі бұл білім берудің ең өткір мәселелері талқыланатын маңызды сұхбат алаңы екенін көрсетеді. Және оның тиесілі міндеті көбіне-көп нақты орындалып жүр.

Алайда біздің талқылау­ларымыз, ойларымыз, мәселе­лерді шешу жолдарымыз өзіміздің қазақстан­дық білім беру жүйесіне ғана сүйенеді. Әлемдік білім кеңістігі туралы сөзіміз қандай да бір әдіс­теме біздің жағдайымызға келе ме, жоқ па дегендей үстірт бағалауға ғана саяды. Егер халықаралық тәжірибені заманауи жаһандық даму үдерістерінің жиынтығы арқылы көкейден өткізсек, мүл­дем тосын ойлар түйіндей алар едік.

Сөзімізді біздің бүгінгі жи­ы­н­ы­­­­­мызға қатысты қарастырар бол­сақ, әңгіме мектептегі білім беруде уақыт талаптарына сай, үдемелі, жүрекке жеңіл қабылданар жетістіктің жал­пыға ортақ жолдарын іздестіру туралы болып шығады. Бұл – менің жеке көзқарасым. Әлемде бұл мәселе әлдеқашаннан бері талқыланып келеді.
Қазіргі кезеңде барлық елдер, тіпті білім жүйесі дәстүрлі түрде «эталон» саналып келген­дердің өздері мемлекеттік білім беру жүйесінде жа­ңаша көзқарас­тарға зәрулік сезінуде.

Неліктен? Мұның сырын ұғыну үшін белгілі футурологтардың шынайы болжамдарын келтірейін.

Олардың пікірінше, 2030 жылдар соңына қарай медицина адам жадының резервтік көшірмелерін жасай алатын болады.

Немесе 2020 жылдар­дың аяғын­да медиктер адам денсаулығы­­ның саламаттылы­ғын қамтамасыз ету үшін қанға интеллектуалды нанороботтар жібере алатын болады.

Футурологтардың айтуына қа­ра­­сақ, болашақта біз үйреніп қалған үстелүстілік компьютер­лерді адамның өмір сүру ортасына қолайластырылған компьютерлер алмастырады. Бұл өз кезегінде ақпаратты тікелей көз жанарына немесе виртуалдық экранға өткізуге мүмкіндік тудырады. Олардың ойынша, жуық арада сізге жолданған фотосуреттің немесе басқа да нәрсенің материалы­ның текстурасын сезіну­ге мүмкін­шілік беретін ұялы телефондар пайда болады.

Біз өзімізге 50 жылдан кейін мәлім болар жайттардың бүгінде 5 пайызын ғана білетінімізді мойындауымыз керек. Басқаша айтқанда, 2060 жылы адамдар қол жеткізер білімнің 95 пайызы алдымыздағы 50 жылда ашылар жаңалықтардың нәтижесі болмақ.

Яғни, алдыңғы қатарлы елдерде болашақтың қамы әлден-ақ күн тәртібінде тұр. Бұл ретте, әлбетте, жаңа технология­лық дә­уір талап­тарына жауап беру үшін бүгінгі қолданыстағы оқыту­дың бағдарламалары мен әдістемелерін қайта қарастыру қажеттігі анық.

Ал қазіргі білім берудің базалық жүйесі барлық дерлік елдерге ортақ, ХІХ ғасыр ортасында әрі басқа дәуірге үндес пайда болған. «Басқа» болғанда да, сол заманның жеке адам интеллектуалдық емес, өндірістік бірлік ретінде қарастырылған экономикалық жағдайының өнер­кәсіптік революциясында! Яғни, әу бастан білім адамға емес, өз кезеңінің шикізат өндіру және өңдеуге, қара, түсті металлургия гиганттары өнеркәсібін жасақтауға және т.б. негіз­делген индустриясына жұмыс істеуге тиіс болды.

Одан да бөлек айтарлығы, бұл жүйеде ағартушылық кезеңінің мәдени стереотип­тері қылаң береді. Оған сәйкес жұмысшы отбасылары балаларының сауатын ашып, қара таныту мүмкін емес, сондықтан ол іске уақыт шығындау бекершілік делінеді.

Уақыт өте, бұл жүйе біздің қазіргі білім беру жүйемізде, жұқалап айтқанда, өзгеріске ұшы­рап, мынадай қосанжар формулаға тұрақтады: «интеллектуал – интеллектуал емес» немесе, қарапайым айтқанда, «ақылды» және «ақылсыз». Алайда қазірдің өзінде мұндай көзқарас қарама-қайшылықтарға ұрындыра бастады.
Неліктен бұлай екенін түсін­діріп көрейін. Бүгінгі кездесуге әзірлік барысында мен әлгіндегі сабақтас көзқарасты жақтай­тын бір қызғылықты зерттеуге назар аудардым.

Зейін қойыңыз, алдымен мынадай сұрақ беріледі: кәдімгі кеңселік қыстырғышты қол­дану­­дың қанша жолы болуы мүмкін? Жалпы алғанда, сұрақ қиын емес. Осыған адамдардың көпшілігі 10-15 жауап нұсқасын айтатыны анықталған. Ал ақыл-ойы жетік адамдар 200 жолын ұсына алады. Мұнымен қоймай, олар ойды дамытып, аталған қыстырғышты ұзындығы жүз метрлік немесе пенопласттан жасалған деп қарастыруға бола ма деп сұрайды.

Мінеки, ең жоғары балл жинау­шылардың ойлау деңге­й­ін көр­сететін тесттің бағасы осындай қарапайым сұрақтар арқылы анықталады.

Бұл экспериментке балабақ­ша жасындағы 1500 бала қатыс­тырылыпты. Олардың қан­шасы­ның ойлау қабілеті өте жоғары болып шыққанын білесіз бе?! 98 пайызы! Бұл эксперименттің ерекшелігі әлгі балаларға араға уақыт салып қайталай жүргізіліп тұрғанында болса керек. Арада бес жыл өткенде 8-10 жастағы балалар таныс сынаққа тағы бетпе-бет келеді. Нәтиже қандай? Не бары 50 пайыз. 13-15 жасқа толғандарындағы көрсеткіш тіптен көңіл көншітпей қояды. Олардың арасынан үш-төр­теуі ғана ойлау қабілетінің ерекшелігімен дараланған.

Неге бұлай болған? Себебі бала­лар кішкентайында қате­лесу­ден қорық­пайды. Сәби өзі жіберген қателігі қандай да бір келеңсіздікке ұрындырады деп ойламайды да. Сондықтан оның санасы кез келген сақтықтан ада.

Тегінде 5-6 жасқа толған, мектеп табалдырығындағы бала үш-төрт өлшемде ойлай біледі. Алайда «ойлаудың бастапқы мүм­кін­шіліктері» ақ парақтай таза деме­геннің өзінде, сәл ғана тәжірибемен мектепке келген баланы жазу дәптеріндегі әр түзету, есеп шығару кезінде жіберген қатесі, сөзге дұрыс қойылмаған екпіні үшін мұғалім, мұғалім ғана емес, жалпы жүйе түзете береді, айыптай береді. Мұның ақырында 13-15 жастағы өспірім мектеппен қоштасар шаққа, әсіресе ойлау тұрғысынан, «түсініксіз комплекс­тер қоймасы» сы­қыл­­данып жетеді.

Біріншіден, барлық адамның туабітті әлгіндей бірегей қа­білет­тері бар.

Екіншіден, жасы өткен сайын олар өше беруі мүмкін.

Жаңағы мысалдағы балалар­дың өмірінде де араға жылдар салып көп нәрсе өзгергені анықталды. Солардың ішінде ең айта қаларлығы – олардың білім алғандығы. Алайда мектептегі оқудың барлық кезеңінде оларды ойлаудың қалыптасқан шегінде қымтап, қатаң ескертумен «тұзақтап» отырады. Сөйтіп, 11 жыл ішінде жеткіншектің таланты мен шығармашылық ойлау қабілеті ақырын-ақырын сейіледі. Бұл – «осы қалайы» жоқ, қазіргі білім беру жүйелерінің бәріне ортақ мәселе.
Және бұл – балалар қабілетін анықтаудың жекелеген тәсіл­дері емес, білім экономикасы дәуірінің жаңа парадигмасы. Оның шешуші мәні ретінде бірдей білім алған адамдардың ұжымдық күш-жігері емес, жеке-жеке даярланған, бірегей білім мен білікті мамандардың жиынтық көрсеткішін атау керек.

Әзірге технологиялық ғасыр­­­да біз балаларымызды бола­шақ­қа индустриалдық дәуірдің ескі әдістерімен машықтандыруға талпынатынымыз анық. Ал алдағы уақытта қарым-қарекеттің біз қазір елестете де алмайтын алуан түрі табыла жатар, жаңа мамандықтар немесе өмірлік іс-әрекеттің тұтас салалары пайда болар.
Бұдан қандай ой қорытамыз? Қолданыстағы білім беру жүйелері балалардың әлеуетін, олардың жан-жақты ойлау қабілетін ашуға жеткіліксіз, дайын емес болып қалады. Соның кесірінен көпшілік өз таланттары туралы ұғынбастан кетуі ықтимал.

Ал қарым-қабілет дегеніңіз сен өзіңе ләззат сыйлайтын және қоғамға пайда беретін сүйікті ісіңмен айналысқанда, адамның белгілі бір бейімі, ықыласы барда ашылады емес пе?!

Осы жерде мен Кен Робин­сон­­ның «Жан­қалауы» деп атала­тын өте тартымды кітабынан бір оқиғаны оқып бергім келіп тұр.

«Бастауыш сыныптардың бір мұғ­алімі алты жасар балалар­­дың тобына бейнелеу сабағын өткізіп жатыр. Соңғы парталардың бірін­де мұғалімдерін әдетте ұқып­­­тылығымен, зейінділігімен қуан­та бермейтін кішкентай қыз бала отырады. Бірақ оның құлықсыздығының бейнелеу пәніне еш қатысы жоқ. Жиырма минут бойы әлгі қыз өзімен-өзі сурет салып, онысын ешкімге көрсетпей бүркемелеп әлек. Шәкірттің бұл қылығына қызығушылығы ауған мұғалім одан не бейнелеп отырғанын сұрады. Оқушы көзін көтермеген күйі: «Мен Құдайдың суретін салып отырмын» дей салды. Таң қалған мұғалім: «Қалайша? Құдайдың кескін-келбетін ешкім білмейді емес пе?!» деп қалды. Оқушы қыздың сондағы жауабы: «Бір минуттан кейін бәрі білетін болады».

* * *

Мінеки, мұғалімдер кей кезде қандай-қандай қызық шы­ғармашылық жаратылыс­тармен жұмыс істеуі мүмкін екенінің мысалы. Сол кітапта әлгіндегі хикаядан кем түспейтін тағы бір оқиға бар.

«Бұл – болашағына жеті жасында-ақ үлкен қауіп төнген қарапайым америкалық қыздың басынан өткен жайт. Оның оқу үлгерімі, дәлірек айтқанда, үлгерімсіздігі туралы сөз қозғау артық. Онысы ештеңе емес, әлгі қыздың әсіре белсенділігі сабақ үстінде сыныптастарының назарын бөліп, мұғаліміне ескерту жасата бергізетін. Осы ке­леңсіздіктің тоқтар түрі көрін­беді. Ақыр-соңында мектеп бас­шылығы оқушының ата-анасына хат жазды.

Мұғалімдер қыздың үлгерімі тым нашар екенін білдіріп, оны тіпті мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын мектепке ауыстыру жөнінде кеңес берді. Әлбетте, қолдарына мектептің хаты тиген ата-ана әжептәуір алаңдады. Анасы қызын ілестіріп психологқа барады. Психолог жиырма минут бойы оқушының анасынан бүкіл мән-жайға қанығады. Бірақ сыртынан мұқият бақылағаны болмаса, қыздың өзіне ләм-мим деп жақ ашпайды. Әңгімені тәмамдап, психолог қызды оңаша қалдырады да, оның анасымен бөлмеден шығып кетеді. Бірақ шығып бара жатып, күтпеген жерден радионы қосып жібереді. Дәлізге шыққан бетте дәрігер қыздың анасына былай деді:

– Осы жерде сәл тұра тұрыңыз да, балаңыздың немен айналысып жатқанын бақылаңыз.

Қабырғада бөлмеде не болып жатқанын көруге болатын терезе бар екен. Қараса, әсіре белсенді қыз құлағына музыка естілгенде орнынан атып тұрып, ырғаққа ілесіп қимылдай жөнеледі. Терезеге телмірген екі ересек үнсіз қалпы қыздың жасандылығы жоқ қимылы мен бейіміне аң-таң болады. Сөйтеді де, психолог қыздың анасына «Білесіз бе, бұл қыз ауру емес. Бұл қыз – биші. Оны би мектебіне беріңіз» дейді. Анасы психиатрдың айтқанын екі етпейді. Арада жылдар өткенде әлдеқашан болашағына қатер төнген кішкентай қыз есімі әлемге аян бишіге айналады. Ол – біздің заманымыздың ең танымал хореографтарының бірі, миллиондаған адамға ләз­зат сыйлаған және миллион­даған доллар табысқа кенелген Джиллиан Линн. Бұл – әлдекім оның жанарына терең үңілуінің арқасында жүзеге асқан құбылыс. Әлдекімнің түйсікпен, ұқыппен жұмыс істеуінің, бұған дейін әлгіндей балаларды көрген тәжі­ри­бесінің, құпия қабілетін аша білуінің арқасы.

Ол қызға сонда өз табиғаты­мен сәйкестікті табуына ғана көмек керек болып тұр екен ғой».

*****

Менің ойымша, бұл хикая­лардың әрқайсысы адамның қабілет-қарымының мәнін өзінше аша түседі. Ал, бұл дегеніміз – ақыл мен табиғи таланттың, қабілет пен жүрек қалауының үйлесімі. Шынында, өзінің неге бейім екенін тапқан адам өмірге өзгеше көзқараспен қарар еді. Басқалай айтқанда, бұл – әрқайсымыз үшін өз болмысымызға сай өмір сүру мүмкіндігі. Тек сонда ғана өзімізді берік құндылықтары мен мақсаттары бар, төрт құбыласы түгел тұлға ретінде сезіне аламыз.
Сондықтан адамның қабілет-қарымының ашылуына, шығармашылық ойлауына еркіндік беру, ең бастысы оның неге бейім екенін табуға көмектесу білім экономикасы мен технологиялық төңкеріс дәуіріндегі білім беру жүйесінің басты мақсаты болуы тиіс.

Әлгінде айтқан өмірлік хикая­ларға орала отырып айтарым, бізде де ондай мысалдар жетер­лік, бірақ ілеу де біреу.

Рас, мектептердің барлығы бірдей жақсы психолог тартуға шамасы келе бермейді. Бірақ Батыспен салыстырғанда, бізде оған балама боларлық мүм­кіндіктер бар, айталық, үй­ле­сімді Оқушылар сарайы, «сынып жетекшілерінің» институты, балалар арасындағы мек­тепішілік және қалалық іс-шаралар, мектеп олимпиадалары, т.б.

Айтып-айтпай не керек, құл­шындырып, бойымызда тұн­шыққан талантымызды ашқан ұстаздарымыз осы отырған көп­шілігіміздің әрдайым есінде. Олар білім берудің біркелкі әдістемесі мен қасаң қағидаттарына байланып қалмай, осыған қол жеткізді.

Қазір ата-аналар балаларын өз беттерінше сабақтан тыс үйір­мелерге қатыстырып, шығар­ма­шылық мүмкіндігін ашуға тырысатыны үйреншікті жағдайға айналды. Мысалы, қаламызда 40 мыңға жуық бала түрлі үйірмелерге қатысады, яғни оқушылардың тең жартысы десе де болады. Бір ғана Оқушылар сарайында 9 мыңдай баланы қамтитын 137 үйірме жұмыс істейді. Көптеген балалар 5-6 үйірмеге қатар барады.

Сөз жоқ, бұл – өзінің бауыр еті баласының дамуына көңіл бөлетін ата-аналардың ниетінің арқасы. Алайда, кейде баласының бо­йындағы бұлықсыған талантын ашамын деп кейбір ата-аналар оларды тым қажытып жібереді. Оның соңы, әрине, кейде керісінше жағдайларға әкеп соғады.

Сол себепті бұл істе ұстаз немесе жалпы мектеп ата-ана мен балаға көмекші болуы тиіс. Осы күнгі сынып жетекшілері оқушылары қандай үйірмеге баратынын жатқа білетініне күмәнім бар. Олардың таланты мен қалауын табу мәселесін тіпті де қозғамай-ақ қоялық.

Оның көзін тек жай ғана кәсіби даярлықтан өткен мұғалім емес, өзінің шәкірттеріне бей-жай қарай алмайтын қамкөңіл ұстаз аша алады.

Байқасақ, мәселе тек орта мек­теп жүйесінде емес екен. Оның түпкі себебі жоғары оқу орын­дарындағы педагогикалық кадр даярлауда жатыр.

Жақында мен біздің жетекші педагогикалық институттардың оқу бағдарламасын қарап шық­тым. Сонау өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері айтарлықтай өзгере қоймапты.

Сол білім-білікті игерген жас мамандар 30-40 жыл бұрын жақсы ұстаз болатынына дауым жоқ. Ал қазір олар мектепке келгенде білмейтіні бел астында,
заманауи ақпаратқа әбден қанық балалардың ортасына тап болады.

Қазір балалардың көбі жас­тардың сленг тілімен айтқанда «Фейсбук», «В контакте» сияқты әлеуметтік желі­лерде «чаттасады». Вир­туаль­ді ортада балалар түрлі қызы­ғушы­лықтарына қарай бірін-бірі табады, яғни мектепте алмағанын осы жерден алады.

Бірақ қай мұғалім осы технологияларды еркін пайдаланып жатыр? Неге олар баламен жұмыс істеудің заманауи әдістемесінде қарастырылмаған? Сауал көп.
Мұғалім үшін модератор болып, оқушыларын чатқа тартып, интерактивті түрде пікір алмасу керемет мүмкіндік емес пе. Бұл жерде үй тапсырмасынан бастап, белгілі бір тақырыпқа оқушылардың арасында пікірталас ұйым­дастыру сынды біршама шаруа тындыруға болады. Тек қарым-қатынас жасап қана қой­майсыз, бір жағынан ішінара ба­қылау жүр­гізуге болады.

Бірде-бір мұғалім әлеуметтік желі, чаттарды пайдалана отырып, сабақ жүргізбегеніне сенімдімін. Мәселен, бүкіл сынып боп әлеуметтік желіге кешкі сағат 7-ге немесе 8-ге шығуға уағдаласып, үй тапсырмасын талқылауға болады ғой. Заманауи техникалық жетістіктерді, оның ішінде әлеуметтік желілерді пайдалану логикалық ойлау жүйесін қалыптастырудың таптырмас құралы емес пе.

Ал технология балаға нені үйрету керек?

Презентация жасауды ма? Жоқ. Ақпаратты түсінікті болу үшін құрылымдауға.

Блог жүргізуге ме? Жоқ. Қарым-қатынасты жолға қоюға.

Әлеуметтік желілерде әжік-күжік әңгіме айтуға ма? Жоқ. Пікірлестер мен мүдделестер іздеуге.

Интерактивті тақтада жұмыс істеуге ме? Жоқ. Өз көзқарасын табуға жәрдемдесуге.

Бейнероликтерді монтаждауға ма? Жоқ. Басымдықтарды айқындауға.

Егер біз осының бәрі бізге түк қатысы жоқ десек, қателесеміз. Технологиялық инновацияның даму қарқыны сондай, оны ең­серуге тек аздың ғана шамасы жетеді. Ал қалғандары «дүр­мекке ілескен дүмше тұты­нушы» деңгейінде жүр.

Технологияның қаншалықты қияңға кеткенін қарапайым мысалдардан аңғаруға болады. Заманында көпшілігіміз мектептен мынадай сиясауытқа қауырсын малып, қарапайым сиямен жаздық. Мектепті бітіре келе қолымызға шарикті қаламсап тиді. Оншақты жылда осынша өзгеріске куә болдық. Ал қазіргі көмекші, оқы­татын технологияларға қара­ңыз­дар­шы, планшет пен мобильді теле­фондардың мүм­кін­дігін айт­пағанның өзінде, қазір қаламның өзі жоғары техноло­гияға бейім­делген. Лазер нұсқауышы бар қалам, аудармашы – қалам, көп ұзамай қатені түзейтін қаламдар пайда болады.

Ал біздің мектептерде әлі күнге дейін таяқша, шарикті қаламсапты қолданып келеді, заманауи құралдар мүлде қолданылмайды. Келісесіздер ме?

Жаңа құрылғылардан хабары болған мұғалімнің оқушы алдында беделі қалыптасады. Өмір бойы олар мұғалім – тек өз пәнін біліп қана қоймай, өз дәуіріне қатысты қиын сауалдардың жауабын білетін зияткер, білімдар жан екеніне сеніп келді. Мысалы, мұғалім алғашқы қозғалтқыштың жұмыс істеу принципін немесе ұшатын аппараттардың қайдан келетінін, теледидар сияқты көптеген нәр­селердің құрылымын білді.

Ал, қазір сіздер балаға мына планшеттің мүмкіндіктері қандай екенін түсіндіріп бере аласыздар ма?

Бала құлаққап киіп ап компьютерден, смартфоннан немесе басқа да гаджеттен басын алмаса, жатып кеп ренжиміз. Айтайын дегенім, біз оларға олай ошарылып қарамауымыз керек. Ескілікке салынып, кері тартпай, кері­сінше олардың жағдайын түсі­нуге тырысуымыз керек.

Бұл тұрғыда белгілі философ-ақын Халил Жибриннің тұс­палды да ұтқырлы сөзі бар. Сөзбе-сөз келтірейін:

«Балаңыз сіздікі болғанмен, иесі емессіз. Олар – өз жағдай­ла­рын өздері күйіттейтін өмір­дің төл перзенттері, ұлдары мен қыздары.

Олар сіздер арқылы өмірге келді, бірақ сіздерден емес.

Олар сіздермен бірге болса да, сіздерге басалқалы емес.

Сіз оларға сүйіспеншілігіңізді бере аларсыз, бірақ ойыңызды таңи алмайсыз: олардың өз ақыл-ойлары бар.

Сіз олардың бойына қан жүгіртерсіз, бірақ жанын жаулай алмайсыз: олардың жаны ертеңнің еншісінде, ол тіпті сіздің түсінігіңізге де кірмейді.

Сіз оларға ұқсауға тыры­суыңыз мүмкін, бірақ оларды өзіңіздей көрмеңіз. Өйткені, өмір ағысын кейін бұру мүмкін емес. Атқан таң да, батқан күн де өткінші.

Сіз өзіңізді балаларыңызды жебедей желге табыстап, адырнасы аңырап қалған са­дақ­пын деп біліңіз».

Мұнымен келіспей көріңізші. Сарапшылар «ұрпақтар қайшылығы» деп таныған жәйт­тер тарихымызда бол­ған. Мысалы, қазір жастары қырықтың қырқасына шығып, елуді еңсергендерді алайықшы. Олар электронды, тіпті, сандық революция басталмастан біраз бұрын дүниеге келді. Бірақ қазір олардың бірқатары ноутбук, фотоаппарат, қалта компьютерлері сияқты сандық технологияның тамашаларын еркін пайдалануды үйреніп алғаны сондай, тіпті, жаңа технологиялардың барысын жіті назарда ұстап отырады. Алайда, өз балаларымен салыстырғанда олардың бұл жөніндегі білгені түкке тұрмайды.

Өйткені, біздің балаларымыз сандық технологиялар дәуірінде туылды. Олар үшін сандық техно­логияның тілі ана тілі сияқты.

Ал түрлі техникалық құрыл­ғылардың ортасында өсіп жатқан біздің немерелеріміз оның қыр-сырын балаларымыздан да жақсы біледі. Әлі мектеп табалдырығын аттамаған. Бірақ олардың теледидар пультін немесе айпадты қалай жетік басқаратынына зер салыңыздаршы.

Революцияның басы-аяғы бұл емес. Шынтуайтына келсек, ол енді ғана басталды. Оған күнделікті өмірде көзіміз жете түседі. Мысалы, осыдан 15 жыл бұрын ұялы телефонның қандай болатыны ойымызға кіріп- шықты ма?

Сол секілді, балаларымызды қазірден бастап өмір көшінен қалмауға үйретуіміз керек. Бірақ, ең бастысы, бұл – тек ин­­но­вацияның соңынан қуып кетпейтін нәтижелі үдеріс болуы тиіс.

Өйткені, жаңалық біткеннің бәрі инновация емес, оған тек іс-әрекеттің тиімділігін арттыратынын ғана жатқызуға болады. Мысал үшін, Айфонды талдап көрейікші.

Оның неден жасалғанын бөл­шектеп қана қоймай, хроно­логиялық тәртіппен әр деталь мен жұмыс істеу принциптері түрлі кезеңдерде ойлап табылып, енгізілгеніне көз жеткізуге болады.

Мәселен, аккумулятор бата­рея­сын XIX ғасырдың аяқ шенінде ойлап тапты.

-микросызба өткен ғасырдың 60-жылдарында пайда болды;

-Сенсорлы экранды алғаш рет 1972 жылы қолдана бастадық;

-Ал, Айфонның өзі көпшіліктің қолына 2007 жылы тиді.

Басқалай айтқанда, смартфон қазіргідей қалыпқа жету үшін шамамен бір ғасырдай уақыт қажет болды. Бірақ бағдарламалар мен қосымшаларсыз смартфон дегенің әшейін бір-бірімен қосақталған материал ғана боп қалар еді. Оның нарқы қосым­шаларымен, яғни ішіндегі бағдар­ламаларымен жоғары.

2008 жылы Apple виртуальді дүкені ашылған кезде тұты­нушыларға 500 бағдарлама ұсына алатын. Бас-аяғы бес жылдың ішінде олардың саны 900 мыңға артты.

Қазіргі таңда виртуальді дүкен­нен жүктелген бағдарламалық баптаулардың (қосымшалардың) мөлшері 50 миллиардтан асып жығылды, әр секунд сайын 800 бағдарлама жүктелініп алынады.

Осыншалықты қарқынды даму мен үсті-үстіне жаңа өнім­дер­дің жасалып шығарылуы тұты­нушылардың сұранысына табан астында жауап берудің талабынан туындап отыр. Мұны сыры – бағдарлама жасаушылардың шығармашылық ізденістерімен қатар, тұтынушылардың креа­тивті ойлай білетіндігінде.

Осы бағдарламалық қосым­шалар арқылы смартфондар іс жүзінде адам тұрмысының барлық саласын қамтыды. Балаларға арналған тәлімгер ойындар да, музыка жазатын, 3D-визуализация жасайтын күрделі инженерлік бағдарламалар да осы жерден табылады.

Қалыпқа сыймайтын ойлау мен шығармашылық ынтасыз осынау жоғары технологиялық өнімнің өзі бірде бір бағдарламаға жарымас еді. Яғни, қазіргі заманда шығармашылық ақыл-ойсыз технология жасау мүмкін емес.

Соған қарамастан, бұл тандемге ортадан бағыттаушы күш керек, бұл тұрғыдан мектеп жақсы мысал.

Оның рөлі қандай? Қазіргі әлем ақпараттық тасқын нөпірдің астында қалғаны анық. Кейбір сайттарда теріс, тіпті қауіпті көз­қарастар ұшырасып жатады. Ең басты түйіннің бірі осы.

«Википедия». Бұл энциклопедияда 300 тілде 20 миллионға жуық мақала қордаланған, күн сайынғы қолданушылар аудиториясы жарты миллиардты маңайлайды. Аталмыш интернет-ресурсқа жүргізілген сараптамалардың нәтижесінде мақалалардың 60%-ынан фак­тологиялық қате табылған. Яғни, он деректің алтауы қате.

Зерттеушілердің анықтауынша, кез келген осы күнгі жоғары сынып оқушысы қажет қылған кезде айына кеміне 40-50 мәрте осы онлайн-энциклопедияға жүгінеді екен. Яғни, олардың 25-30 шақ­тысының беретін мағлұматы шындыққа жанаспайды.

Одан да сорақысы, сексенге жуық дәрі-дәрмектен қайғылы жағдайларға әкеп соқтырарлықтай өрескел қателер табылған. Оның түпкі салдары мынада – іс жүзінде қате түсінген: ақпаратты дерек көзінің бірі ретінде қарастырудың орнына, аққұла соған сеніп алған.

Сол себепті, баланы осынау нөпірден бағыт табуға, оларды саралауға үйрету керек, және ең бастысы – түрлі фактілерден өзіңнің пікір-пайымыңды құрап, өз көзқарасыңды қалып­тастыруға үйрене білу керек. Бір сөзбен айтқанда, балаларды ойды фактіден ажыратуға үйреткен абзал.

Ол ешқандай жаңсақ-жалған мағлұмат қоспайтын мектептің базалық білімін игергенде ғана мүмкін.

Осы ұстанымға арқа сүйей отырып, жан-жақты дамыған Тұлғаны – кемел азаматты, зияткер, кісілікті адамды тәрбиелеп шығаруға болады. Білім берудің түпкі мақсаты да осы. Қазіргі жағдайдағы орта мектеп, тіпті бүкіл білім беру жүйесі оған тек мынадай басым міндеттерге табан тірегенде ғана жетуі мүмкін.

Біріншіден, білім берудің заманауи сапасына қол жеткізуде, ең алдымен тұлға мен қоғамның актуальді және келешектегі қа­жеттіліктеріне сай болуды ескерген жөн.

Қазіргі жағдайда бұл оқытудың жаңа әдістемелері мен тәсілдерін үнемі іздестіріп, оларды білім беру үдерісіне кезек күттірмей енгізу дегенді білдіреді.

Осыдан келіп екінші бағыт туындайды – орта мектепке оқу процесіне заманауи технологиялар мен жаңа коммуникациялық құрылғыларды енгізіп, жабдығын жаңартып тұру ауадай қажет. Ақпараттық қоғамның деңгейі мен даму жылдамдығына сай болуымыз үшін ақпараттық, технологиялық кеңістіктегі кез келген жаңалыққа құлағымыз түрік жүруі керек.

Үшіншіден, ақпараттандыру мен инновация саласындағы жаһандық өзгерістерге сай болуын қамтамасыз ету үшін мұғалімдерді даярлау жүйесін жетілдіруіміз керек.

Төртіншіден, педагогтар көш соңында қалғысы келмесе, «біл­генім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деген ұстаныммен жүріп, ұдайы ізденуі керек.

Осы және басқа да түйткілді мәселелер біздің білім беру стра­тегиямызда ешқашан маңыз­дылығын жоймаған. Оның сәтті шешімін табу, ең алдымен, әр­қай­сымыздың – ұстаздардың, ата-аналардың қоғамның ынта-ықыласына, ерік-жігеріне байланысты. Және бұл елордалық білім берудің келешегіне тікелей қатысты.

Құрметті әріптестер!

Біз бүгінде талқылап жүрген, инновациялық технологияны дамыту, ақпарат кеңістігін кеңейту тақырыптары, бұның бәрі – қашып құтылмайтын жаһандану элементтері.

Әрине, бүкіләлемдік масштабта алып қарағанда жаһандану үрдісінің жағымды әсері бар екені сөзсіз. Алайда, оның үлкен тәуекелге де түйісетінін білуіміз керек. Ережесіз және шектеусіз, бақыланбайтын жаһандану жа­ғымсыз әсерін беруі, бұл, әсі­ресе, бірінші кезекте ұлт тіліне қатысты болуы әбден мүмкін.

Қазіргі заманда ұлттың тұрақты рухани дамуы мен жоғары динамикалы жаһандық үдерістер арасындағы теңдестікті таба білу керек. Ал мәдени кеңістіктегі осы теңдестікті сақтау үшін біздің Мемлекет басшымыз үштіл­ділік принципін ұлттық басым­дықтардың қатарына шығарды. Бүгінде бұл міндет табысты жүзеге асырылуда.

Осы ретте еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері барлық қоғамдық салаға белсенді енгізіле бастаған мемлекеттік тіліміз ұлтты ұйыс­­­тыратын біріктіруші рөл атқа­рып отыр. Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде оқы­татын көптеген мектептер мен балабақшалар, мем­ле­кет­тік тілдегі газеттер ашыл­ды, қазақ тілінде кітаптар, аудар­ма әдебиеттер, телебағ­дарламалар шығарылды.

Мұның бәрі өте маңызды. Алайда, осы кітаптар мен газет­тердің іздеушілері болуы үшін қазақ тілінде сөйлей алатын және түсіне білетін көпшілік аудиторияны қалыптастыруымыз керек. Біле білсек, қазақ тілі – ұлтты ұйыстырудың негізі және ұлтымен бірге жасап келе жатқан, өзінің ұлттық даналығын, даңқын, мәдениетін және салт-дәстүрін ұр­пақтан ұрпаққа жеткізуші бағасыз рухани байлық болып табылады.

Негізінде, тіл – ұлттың коды және барша адамзат мәдение­ті­нің кілті. Сондықтан ана тілсіз ұлттың болашағы болмайды, тиі­сінше жаһанда өзінің тұрақты орны болмақ емес.

Әрине, экономикалық табыс­ты болу үшін дер уақытында бір тілде ақпарат алмасудың талап етілетіні түсінікті. Жаһандану үрдістері кезінде ағылшын тілі осындай рөлді атқарып тұр. Алайда оның әлем бойынша кеңінен таралуы тек қана экономикалық тиімділікке қатысты болып қалмай, сонымен қатар, осы тілдің оқыту технологияларының қолжетімділігі мен қызықтырушылығына да байланысты болып отыр.

Материалды жеткізудің жеңіл­дігі, креативтілігі, әдістер мен тәсілдердің алуандығы, оқу­лықтарды безендірудің көр­кем­ділігі, академиялық сабақ жүк­те­месінің болмауы – осының бәрі ағылшын және басқа да әлемдік тілдер әдістемелерінің артық­шылықтары деуге болады. Осы тұста атап өтетін өте маңызды фактор – «Осы тілді жақсы көру үшін, осы елді де жақсы көру керек» деген формуланың өміршең болуы. Демек, елдің мәдениеті мен салт-дәстүрін білмей, тілін үйрену мүмкін емес деген сөз.

Тіл – құндылығы жағынан алып қарағанда тек қарым-қатынас құралы емес, сол тілде сөйлейтін халықтың дүниеге көзқарасы мен дүниетанымын білдіруші. Ұлттың бүкіл тарихы тіл арқылы шежіреге айналып отыр. Осы әдістемені біздегі көптеген ше­телдік оқытушы-тіл мамандары жақсы пайдаланып жүр. Маған француз тілін үйренудің бірінші сабағына қатысушылар өздерінің түйсінгендерін айтып берді. Сабақ барысында француз-мұғалім француз тілінінің не әліппесі, не орфографиясы, не грамматикасы туралы тіс жармаған, есесіне екі сағат бойы аса сүйіспеншілікпен және патриоттық сезіммен өз елі жайында әсерлі әңгімелеп берген. Осыдан кейін тіптен сырттан қарап тұрған адамның өзі сол сәттен-ақ осы тілді үйренуге құштарлығы артатынына сеніммен қарауға болады.

Ал бізде ше? Кез келген қазақ тілі оқулығын қолыңызға алсаңыз, ең бастысы – оқыту әдістемелеріне қарасаңыз, бірсарындылық пен күрдешілікке тап боласыз. Мұндай жағдайда тіл үйрену жайында не айта аламыз? Ал қазақ тілі өзінің грамматикалық ерекшеліктеріне қарай сол француз тілінен қиын емес, көркемділігі жағынан да кем түспейді.

Қазақ тілі мен шет тілдерді үйрету бойынша көрнекі құ­рал­дарды салыстыру үшін мони­торға назар ауда­рып көріңіздер. Иә, қа­зақ тілі оқулықтары те­реңдетіліп жасалған, теориялық тұрғысына аса мән берілген шығар, бірақ, қараңыздаршы, осындай шетелдік оқулықтармен салыстырғанда көмекші көрнекі және аудио материалдары өте мардымсыз. Яғни, қандайда болсын тілді үйрету оның қиындығында емес, оны қалай үйретуге байланысты. Осы орайда әрбір оқытушы «мен қазақ тілін үйрету сабағын қалай бастасам екен» деп ойлануы тиіс.

Әр адам табиғатына қарай білімге құштар. Ол көп ретте оқу­шының бірінші әсерінен, оның бұрын өзіне беймәлім болған, жаңа дүниені білуге деген қызы­ғу­шы­лығынан байқалады. Осы жерде оқушыны оқу процесіне тұтастай қызықтырып енгізу және оқыту курсының бар­лық кезеңінде оның қызы­ғушылығына қолдау көрсете білу өте маңызды. Біздің жағ­дайда, мұғалім алдымен қазақ тілінің шұрайлылығы, ма­ңыз­дылығы, әдемілігі және басқа да ерекшеліктері туралы өте әсерлі кіріспе сөзін жазып ал­ғаны абзал болар еді. Мәселен, ұлы қаламгерлер Пушкиннің сөз қоры 21 мыңнан астам екендігін, Шекспирдің сөз қоры 15 мыңды құрағанын, ал Мұхтар Әуезов тек бір ғана «Абай жолы» романында 17 мың сөзді қолданғанын көптеген адамдар біле бермейді. Ал қазақ тілінің 15 томдық сөз­дігіне 166 мың сөз енгізілген. Не­месе, осы орайда қазақ тілінде ер адамның туғанынан бастап қартайған жасына дейін 15-тен астам ұғыным белгілері бар екенін мысал ретінде айтып өтуге болады.

Расында да, ана тіліміздің шексіз рухани байлығына дәлел болатын осы мысалдың өзі қазақ тіліне деген қызығушылықтан бұрын ізгі сүйіспеншілікті туғызбай ма?!

Немесе, бүркіт жасына байланысты мынадай атаулар айтылады:

– Бір жас – Балапан
– Екі жас – Қан түбіт
– Үш жас – Тірнек
– Төрт жас – Тас түлек
– Бес жас – Мұзбалақ
– Алты жас – Көк түбіт
– Жеті жас – Қана
– Сегіз жас – Жана
– Тоғыз жас – Май түбіт
– Он жас – Барқын
– Он бір жас – Баршын
– Он екі жас – Шөгел.

Міне, осындай бай тілмен қалай мақтанбайсың?!

Мен біздің мемлекеттігіміздің негізі болып саналатын қазақ тілінің байлығы мен оралымдылығы жа­йында мысалдар келтірдім. Біздің ендігі міндетіміз – тіліміздің одан әрі дамуы үшін оны оқыту мен үйретуге барлық жағдайды жасау. Әрине, тіл үйренудің көптеген әдісі бар. Алайда, өзің үйреніп жүрген тілмен ойлау қабілетіңді дамыта білмесең, бар талпынысың зая кетуі мүмкін. Сондықтан бұл ретте оқушылардың берілген тапсырмаға немесе еркін тақырыпқа қатысты өз ойларын қазақ тілінде күнделікті қысқа әңгімелер нұсқасында, эссе тұрғысында шығарма етіп жазу және оны міндетті түрде интернет-талқылауға түсіру практикасы неғұрлым тиімді болатын сияқты. Бұл – тілді меңгерудің кейбір жолдары ғана. Ал ізденген адамға мұндай тәсілдер жетіп артылады. Олар туралы осындай аудиторияларда айту да керек, тәжірибемен бөлісу де керек және оларды қол­данудан еш қорқудың керегі жоқ.

Қазір қазақ тілін үйренуге балалардың қызығушылығын арттыру үшін мультимедиалық тех­нологияларды, көркем безен­дірілген басылымдарды, ойын тұр­ғысындағы әдістемелерді әзірлеп және оларды іске қосу өте маңызды болып отыр.

Сөзімнің соңында айтпағым, мен бүгін теориялық әңгімеге жақындамай, күнделікті өмірдің қолданысындағы нәрселерді жет­кізуге тырыстым. Түптеп келгенде, тіл білу, жаңа технологияларды игеру, қажетті ақпаратты өңдеу, бұлардың бәрі бар болғаны құрал-жабдықтарды меңгеру деген сөз. Алайда, балаларға осылардың бәрін пайдалана білуді үйрету – Сіз бен біздің міндетіміз. Өскелең ұрпақтың табысты болуы, яғни еліміздің болашағы да осыған байланысты болмақ.

Қадірлі мұғалімдер қауымы!

Білім игеру – айтуға оңай бол­ғанымен, жай шаруа емес. Оны өз­деріңізден артық ешкім білмейді. Сондықтан да жоғарыда айтылған мәселелердің төркіні Сіздерге жақсы таныс.

Ертеңгі күннің еншісі де осы бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өл­ше­мімен таразыланады. Ендеше, кім не десе де, не істесе де, ертеңгі күн үшін жауапкершілік біздің мойнымызда. Басқасын былай қойғанда, осы күні қаламызда тәлім-тәрбие алып жатқан 120 мың­нан астам баланың басындағы орайы да, обалы да, тағдырының бермегі де, кермегі де Сіз бен бізге байланысты.

Ертеңгі күні бұл ұрпақ қандай болады?! Оның туған еліне, ана тіліне, дархан даласы мен өс­кен қаласына деген махаббаты қандай болады?!

Бұған жауапты Сіз бен бізден басқа ешкім бере алмайды. Өйткені, осы қалаға біз жауаптымыз. Оның өркендегені де, ұрпағының өсіп-өнгені де, ең алдымен, бізге керек. Олай болса, алдағы уақытта да осы бір баға жетпес басты рухани байлығымыздың салмағын арттыра бергейсіздер.

Сіздерді алда келе жатқан «Білім күнімен» шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа оқу жылы табысты болғай!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + four =