©2020 Астана Ақшамы
Тәлім-тәрбиенің еңбекторылары
Өз саласының үздік маманы, өмірі өнеге жандарды марапаттайтын «Астана тандауы–2013» байқауына алғашқы өтінімдер келіп түсе бастады. Бұл жолы «Астана ақшамы» газеті елорда жеткіншіктерін балапандай баулыған ұстаздар туралы сөз қозғайды.
Сәулелі жан осындай
№10 мектеп-гимназияда ғылымдардың төресі – математика пәнінің мұғалімі Сәуле Егдірова – 36 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ардагер ұстаз.
– Өзім Атырау өңірінің тумасымын. Сонау 1975 жылы сол кездегі Гурьев педагогикалық институты физика-математика факультетінің математика бөлімін бітіргем. Еңбек жолын өзімнің туған жерім – Мақат ауылы, Байшонас орта мектебінен бастадым. Оқуды енді бітіріп келген үлбіреген қыздан қымбат қалыңдық бар ма, көп ұзамай өзіммен бірге оқыған Сабыр Қадыров дейтін Шалқардың жігітімен бас қостық. Шалқардың Қайыр ауылдық орта мектебінде бірге еңбек еттік. Сосын 1991 жылы Ақтөбеге қоныс аудардық. Өзім бұрнағы жылға дейін сол Ақтөбедегі №32 мектеп-гимназияда сабақ бердім, жолдасым №40 мектепте директор боп қызмет атқарды. Бірақ өмірі қамшының сабындай қысқа болды, 47 жасында бақиға кетті. Сосын бала-шағаның бәрі Астанаға тұрақтаған соң, елордаға қоныс аудардық, – деп еске алады Сәуле Айтқұлқызы.
Төрт ұл, бір қызды мәпелеп өсіріп, олардан үш немере, үш жиен сүйіп отырған ардақты апамыз зейнеткерлікке 53 жасында шығып қойған. Бірақ омалып үйде отырғаннан, оқушы дайындағанды әлдеқайда дұрыс көрді.
Кәсіби саладағы жетістіктерін айтсақ, арғысын қозғамай-ақ, соңғы екі-үш жыл мұғдарындағысының өзі біраз асуды алғанын аңғартады. Егер нақты санға жүгінсек, қалалық деңгейде өткен пәндік олимпиада, ғылыми-практикалық конференциялардан сегіз оқушысы, республикалық деңгейде отыз екі оқушысы, халықаралық деңгейде төрт оқушысы топ жарған.
2009 жылы Ақтөбе облысының «Ең үздік мұғалімі» атанды. Өйткені сол жылы 51-ші Халықаралық математикалық олимпиадада бәйгеге қосқан өрендері жақсы нәтиже көрсеткен. Математика пәнін оқытудағы түрлі ізденістері арнаулы әдістемелік жинақтарға енді.
Астанаға көшіп келгелі бері де №10 мектеп-гимназияның абыройын арттыруға дамыл таппай үлес қосып жүр.
Қалалық деңгейдегі жетістіктерді қоспағанның өзінде, былтыр Халықаралық VI Анталия олимпиадасында Камила Бисенова есімді оқушысы екінші орын алды, тағы бірнеше оқушысы дипломға ие болды. Ал «Ақбота» интеллектуалдық марафонында 2011 жылы он оқушысы, 2012 жылы 11 оқушысы, Интернет олимпиадасында оншақты оқушысы жүлделі орындарды иеленді.
Жазыбек ұстаз жалықпас…
Қазіргі өскелең ұрпақтың, ауладағы ойнап жүрген тілі былдыр-былдыр бүлдіршіннің сөз арасын бөтен тілмен былғамай, таза тіл қатқанына қарап тамсанасың. Оған ең алдымен таңның атысы, күннің батысы жұмыстан қолы босай қоймайтын ата-анадан гөрі тағы бір кейіпкеріміз – №68 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Жазыбек Ештанаев сияқты жандар еңбек сіңіріп жатқанын еріксіз мойындайсыз.
Үш баланың әкесі. Арқаның азаматы, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының тумасы. Астананың байырғы бояудай сіңісіп кеткен тұрғыны қаланы сонау Ақмола кезеңінен біледі. Қарағанды өңірінен 1991 жылы Целиноград педагогикалық институтының қазақ тілі кафедрасына мұғалім боп келген. Кейін қалаға елорда мәртебесі берілгенде №68 мектепке ауысты. Жиырма бір жыл еңбек өтілі бар мұғалімнің алдын көрген оқушылар тілге жүйрік, төл әдебиетке жетік.
– Жазыбек Опиұлы – жоғары санатты, өз пәні бойынша терең білімді, әдістемелік жағынан білікті, инновациялық технологияларды
күнделікті сабақта қолданып жүрген ізденімпаз ұстаздардың бірі. Жаңалық қосудан жалықпайды. Екі мәрте мектепшілік «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы, он оқушысы – ғылыми жобалар сайысының жүлдегері, он бес оқушысы пәндік олимпиадалар мен әртүрлі зияткерлік сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр, – дейді мектеп директоры Шәріпхан Жекенұлы.
Ұстаздың жолын қуған шәкірттері де көп. Мысалы, әкедей қамқор мұғалім ақылымен Бексұлтанова Райгүл, Шапенова Аяулым, Бижанова Айгүл есімді оқушылары мемлекеттік білім гранттарына ие болып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінде білім алып жатыр.
Әділбек ЖАПАҚ