Талғат РАХМАНБЕРДІ: ЖАСТАРДЫҢ МАМАНДЫҚТЫ ДҰРЫС ТАҢДАУЫНА БАҒЫТ БЕРЕМІЗ

0 177
талгат рахманберді
Талғат РАХМАНБЕРДІ, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы

– Бүгінгі таңда елорда жастарының алдында тұрған өзекті мәселе не?

– Қазіргі жастар арасындағы басты мәселе – мамандықты дұрыс таңдау.  Себебі, бүгінде бас қала нарығында техникалық мамандықтарға сұраныс артып отыр. Ал, жастардың басым бөлігі әлі де болса гуманитарияның шылауынан шыға алмайды. Осы орайда біз оларға дұрыс бағдар беріп, бұл бағыттағы жұмысты жалғастырудамыз.

– Нақты қандай шаралар қолға алынды?

– Қалалық Жастар саясаты мәсе­лелері жөніндегі басқарманың баста­ма­сымен жыл бойы Елбасының «Қазақ­стан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы ая­сында еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын насихаттауға арналған «Менің дұрыс таңдауым!» атты акция өткізілуде. Ак­ция төңірегінде техника саласында, атап айтсақ, инженер, фрезерші, элек­трик, сантехник, дәнекерлеуші, ас­паз мамандықтарында және медицина саласында оқитын бір топ студент жас­тар үгіт-насихат жұмыстарына белсене атсалысып жүр. Әлеуметтік желілерде жүргізілетін жұмыстарымыз да бар. Сонымен бірге биылғы 17 маусымда Ас­тана қаласының темір жол және автовок­зал ғимараттарында жастарды жедел жұмысқа орналастыру пунктін аштық.

– Жаңа жобаның нәтижесі қандай?

– Бұл жұмысты бастағалы бері бас қалада 80 жас маман жұмыспен қам­тылды және олардың 200-ден астамы жұ­мысқа орналасуға жіберілді. Жалпы, біз осы жоба негізінде соңғы екі айдың ішінде елордаға келген жастардың санын анық­тадық. Бұл ретте Астанаға бірінші кезекте Оңтүстік Қазақстан облысынан жастар көп келетіні белгілі болды.

Бүгінде елордада 14 066 студент бар. Бірінші курсқа қабылданғандардың арасында еңбек нарығында сұранысы төмен мамандықтарды таңдағандар қатары 16 пайызға азайған. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Орташа есеппен алғанда 2017 жылға қарай Астана қаласында еңбек нарығы бір қалыпқа келеді.

Жалпы студенттердің 9 мыңы – жан-жақтан келгендер. Демек, Астана – арманшыл жастардың қаласы. Меніңше, мемлекеттік жастар саясатының жаңа басымдықтары мен міндеттерін ай­қын­дау, ел дамуы үшін еңбек ету барлық жастардың ортақ мақсаты болуы керек. Өйткені, жиырма бірінші ғасырдың
жастары – жігерлі әрі жаңашыл. Сон­дықтан, олардың бастамаларын жан-жақты қолдап, жүзеге асыруға біз әр­қашан да әзірміз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − nine =